| Семей қаласы
Қала
әкімі
Әлеуметтік-экономикалық
дамуы
Виртуалды қабылдау
Тарихи анықтама
Семей Шығыс Қазақстан облысының батыс өңіріндегі екінші орындағы ірі қала болып табылады. Ол Ертіс өзенінің екі жағасына орналасқан.
Аумағы – селолық округтерді қосқанда 27,5 мың шаршы метр.
Гринвичтен 500 ендік және 800 бойлық сызықтары қиылысында Семей қаласынан батысқа қарай 40 км. Дегелең тауында Евразия супер-құрылығының Географиялық орталығы анықталған.
Өңір климаты ерекше географиялық орналасуымен ерекшеленеді, құрылықта, мұхиттардан барынша алыс орналасқан.
Аумақ арктикалық бассейнге ашылған, бірақ Азияның ең биік тау шыңдары оны Үнді мұхитының әсерінен оқшау қалдырған.
Климатының шұғыл континентальдылығы жылдық және тәуліктік температуралардың жоғары амплитудасы салдарынан болып отыр. Қыста -450 – қа, жазда +450 –қа дейін жетеді.
Қала халқы 300 мың адамнан астам.
Ертістің екі жағасында орналасқан Семей еліміздің ірі де әсем қалаларының бірі болып табылады, жергілікті тұрғындар ғана емес, Қазақстанның «рухани астанасының» қонақтары да осындай пікірде.
Тарихи анықтама
Семей қаласының ресми негізі қаланған жылы 1718 жыл, ол І Петрдің шығыс аймақтағы жерлерді қорғау туралы әйгілі жарлығына және Ертіс өңірі бекіністерінің салына бастауына байланысты, бұлардың құрылысы 1714 жылдан 1720 жылдарға дейін созылды. Бірақ та бірқатар ғалымдардың тұжырымы бойынша Семей тарихы ғасырлар қойнауларына тереңдеп, 1000 жылдан астам уақытты қамтиды.
1718 жылдың күзінде Семипалат бекінісі подполковник П. Ступиннің қадағалауымен «нығайтылды және толық қаруландырылды».
Шекара және әскери-тірек базасы ретінде пайда болған Семей бекінісі дами келе Ресей мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сондай-ақ Ресей, Орта Азия және Батыс Қытай арасындағы маңызды сауда пунктіне айналды. Семей қаласының негізі қаланғаннан бастап мұнда сауда жасау үшін жоңғар қалмақтары, бұқарлықтар, қоқандтықтар, ташкенттіктер келетін.
1854 жылғы 1 қазанда Семей облысының салтанатты ашылуы болды. Семей штаттан сырт қаладан бірден облыстық қалаға айналды. Жаңадан құрылған облыс Ресей империясы құрамындағы ең үлкен облыс болды.
Қалалық Дума мен Қалалық сот құрылды.
1873 ж. Семейде телеграф, 1910 жылдан бастап телефон және Қазақстандағы алғашқы су құбыры жұмыс істеді.
1906 жылы Жоғарғы Ертісте кеме қозғалысы ресми түрде ашылды.
XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырларда Семей облысында өнеркәсіп ең алдымен, сыртқа шығарылатын шикізатты бастапқы өңдеу үшін құрылды. XX ғасырдың басында Ресейдің ірі фирмалары мен әскери ведомствоның шұға фабрикалары осында жүн, былғары дайындады.
1863 жылы қалада екі оқу орны, соның ішінде бір уездік училище және оның жанында қыздар мектебі, 2 шіркеу-приходтық училище, 14 казак және 9 жекеменшік татар мектебі болды.
XIX ғ. аяғында XX ғ. басында ер балалар мен қыздардың классикалық гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеді.
Мұғалімдер семинариясында әлемдік мәдениеттің болашақ алыптары Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев білім алды.
Ұлы орыс жазушысы Федор Михайлович Достоевский бес жылдан астам уақыт (1854-1859 ж.ж.) Семей қаласында тұрып, осында өзінің «Өлі үйден хаттар», «Ағайдың түсі», «Степанчиково селосы және оның мекендеушілері» атты өшпес туындыларын жазды. Осында Ф.Достоевский П.П. Семенов-Тянь-Шанскиймен, Шоқан Уәлиханов, Г. Потаниндермен кездесіп, сұхбаттасқан.
Петербург университетінің студенті Е. П. Михаэлис, халықшылдар Н. Долгополов, С. Гросс, П. Лобановский, А. Леонтьев, Н. Коншин және басқалар айдау жазасын өтеген. Олар Семей қаласында зор ғылыми және мәдени-ағарту жұмысын жүргізді.
Қазақтың ұлы ақын-ағартушысы Абай Құнанбаев есімі Семей қаласымен тығыз байланысты.
1917 жылы қазақ зиялыларының көшбасылары бостандық туын көтеріп, «Алашорда» үкіметін құрды.
1917 жылдың маусым айынан бастап Семей қаласында «Сарыарқа» апталығы шығып тұрды, ол бағыты жағынан «Айқап» журналына жақын болды. «Сарыарқа» газетінің редакторлары Р. Мәрсеков пен Х. Ғаббасов болды. Оның беттерінде Алаш арыстары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Ермеков, М. Молдабаев, Ж. Ақбаев және басқалардың мақалалары жарияланып тұрды.
1928 жылға дейін Семей қаласы губерниялық, одан кейін округтік қала болды; 1932 жылы республика облыстарға бөлініп, Семей қаласы әуелде Шығыс Қазақстан облысының, ал 1939 жылдан бастап Семей облысының орталығы болды.
Соғыстың алдындағы жылдары қалада ірі кәсіпорындар салынды. Елдің аса маңызды құрылысы Түріксіб болды, осы жолдың солтүстік бөлігі Семей қаласынын басталды. Алғашқы бесжылдықтың ірі құрылысы Семей ет-консерві комбинаты- елдің тамақ өнеркәсібінің қуатты кәсіпорындарының бірі болды. Қала бай шикізат базасы бар ірі мал шаруашылығы өңірінің орталығы болды. Ет комбинатымен бір мезетте ірі диірмен комбинаты,жаңа техникамен жарақталған жаңа былғары зауыты салынды, ал 1938 жылы арнаулы зертханасы бар қой терісі зауыты іске қосылды. Сол кездегі ең жаңа техникамен жарақталған кеме жөндеу зауытының корпустары бой көтерді.
1941 жылы облыс аумағында 238 және 8-атқыштар дивизиясын құру өрістетілді. Жаппай көрсеткен ерлігі үшін 238-атқыштар дивизиясы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен Жауынгерлік Қызыт Ту орденімен наградталып, 24 мамырда Қорғаныс Халық Комиссарының бұйрығымен 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. 1944 жылғы 3 қарашада 30-гвардиялық дивизияға «Ригалық» құрметті атағы берілді. 1946 жылғы 6 мамырда дивизия таратылды. Дивизияның 13 мыңнан астам жауынгерлеріне ерлігі мен батырлығы үшін үкімет наградалары берілді.
8-атқыштар дивизиясы да осындай даңқты жолдан өтті. Ол Семей және Аягөз қалаларында 1941 жылғы желтоқсан-1942 жылғы наурызда құрылды. Жауынгерлік жолын Воронеж түбінде бастап, одан кейін Курск доғасындағы шайқасқа қатысты. 1944 жылғы 5 наурызда дивизияға «Ямпольская» құрметті атағы берілді.
56 семейлік Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алды (М. Әбеуілов, В. В. Буторин, З. Белібаев, В. А. Засядко, М. К. Меркулов, Н. Н. Силин және басқалар) 13 адам Даңқ орденінің үш дәрежесінің иегері болды (Ф. Әділбаев, П. П. Борков, Н. Ф. Кружелев, Ф. Е. Маслин, В. Н. Кондратьев, В. А. Осипов, С. Рубаев, Б. Хайдаров және басқалар).
Семей – республикамыздың мәдени, тарихи орталықтарының бірі. Мұнда Абайдың және Ф. М. Достоевскийдің мұражайлары, Қазақстанның байырғы өлкетану мұражайы, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы, кітапханалардың тұтас желісі халыққа қызмет етеді. Екі театр-Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры және Ф. М. Достоевский атындағы орыс драма театры жұмыс істейді.
Семей құрамында жас Мұхтар Әуезов ойнаған Қазақстан футболының, әлемге әйгілі қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы өнер көрсеткен ұлттық цирктің отаны. Семей спортшылары, Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ Ғұсман Қосанов, Лнонид Никитенко, Василий Ярков, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыхановтар Қазақстан даңқын аспандатты.
Семейліктер өздерінің ұлы жерлестері Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Әсет Найманбаев, Әміре Қашаубаев, Көкбай Жанатаев, Ахат Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Виктор Селевин, Сапарғали Бегалин, Қайым Мұхамедханов, Мұқан Төлебаев, Әйткеш Толғанбаев, Бекен Жамақаев, Тұрсынхан Әбдірахманова, Төлеу Көбдіков, Күләш Сәкиева, Әбілқасым Жаңбырбаев, Шәкер Әбенов, Сәду Машақов, Кәмен Оразалин, Жәнібек Кәрменов, Роллан Сейсенбаев, Медеу Сәрсеке, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыхановты заңды түрде мақтан етеді.
Семей өңірінің үкіметтік емес ұйымдары туралы
Семей қаласындағы өз қызметін түрлі бағыттар бойынша жүзеге асыратын 105 қоғамдық бірлестік тіркелген, соның ішінде соғыс, еңбек және Қарулы күштер ардагерлері проблемаларымен айналысатыны – 7, бейбітшілік қорғау қызметімен – 14, халықты сауықтыру мәселелерімен – 14, білім бағдарламаларына қатысушы – 20, әйелдер, балалар, жастар проблемаларын шешетін – 21, әлеуметтік, құқықтық, экологиялық және басқа мәселелерді – қаладағы 39 үкіметтік емес ұйымдар шешеді
2006 жылдың бірінші жартыжылдығында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін қала әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер үшін өткізілетін жалпыға бірдей құқықтық оқуға шақыру оң пікір тудырды.
Мемлекеттік тапсырысты жергілікті деңгейде іске асыру перспективалары «Ирис» өңірлік қоғамдық бірлестігі ішкі саясат бөлімімен бірлесіп 2006 жылғы 26 мамырда өткізген «Мемлекет әлеуметтік тапсырыс беруші ретінде: проблемалар мен перспективалар» атты өңірлік конференцияда қаралды. Конференция жұмысына әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, мәслихат депуттары, үкіметтік емес ұйымдар басшылары қатысып, онда бюджеттік қаржыларды бөлудің құқықтық және институттық тетіктерін құру мәселесіне ерекше назар аударылды, ол стратегияларды анықтаудан бастап қаржыны бөлу және олардың пайдаланылуын бақылауға дейінгі бүкіл рәсімдердің ашықтығына, әділдігіне және тиімділігіне кепілдік беретін болды. Конференцияға қатысушылардың ұсыныстары облыстық ішкі саясат департаментіне жіберілді.
«Ирис» ресурстық орталығы, «Бейбітшілік және келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігі, отбасылық дәрігерлер, мейірбикелер, іскер әйелдер қауымдастықтары, мүгедектердің ерікті бірлестік қоғамы орнықты да тұрақты жұмыс істеуде.
Мәселен, «Полигон жаңғырығы» әйелдер федерациясы (Н. Исанова) әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтер тиімділігін арттыру, әлеуметтік қызметті дамыту және нығайту арқылы өз жұмысында өзгерістерге қол жеткізді.
Федерацияның активистері зорлық – зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балалар үшін Дағдарыс орталығын, «Сенім телефонын» ашты. Қала тұрғындары Әлеуметтік даму орталығының тегін қызметтерін пайдаланып, білікті психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік – құқықтық және ақпараттық көмек алады. Федерация жанында жасөспірімдерге арналған «Феникс» клубы жұмыс істейді. Гендерлік даму мәселелері ұйымның назарында тұр.
2006 жылғы 1 – 9 маусымда «Полигон жаңғырығы» әйелдер федерациясының Әлеуметтік орталығы. «№ 6 мектеп – гимназияны дамыту» ҚБ, Ф.М. Достоевскийдің әдеби – мемориалдық мұражайы, Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы қала әкімшілігімен бірлесіп әріптестікте, «Сорос – Қазақстан» қорының ішінара қаржыландыруымен мүмкіндігі шектеулі балалар, тәуекел тобындағы және құқық бұзуға бейім балалар қатыстырылған «Таланттар кемпірқосағы» атты бірінші қалалық балалар шығармашылығы фестивалін өткізді. Фестивальдің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға және қоғамға кіріктіруге, мәдениет және өнер құралдары арқылы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін ашуға жәрдемдесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының балаларын қолдау.
«Таланттар кемпірқосағы» фестивалінде 100 – ден астам балалар мен жасөсіпірмдер қатысып, олар мына жанрларда:
- музыка және ән, би, сахналық миниатюралар, ақындық шығармашылық, бейнелеу және сәндік – қолданбалы өнер жанрларында өз өнерлерін көрсетті.
- «Исток» қоғамдық бірлестігі, оның волонтерлік орталығы экологиялық, табиғат қорғаушы, қайырымдылық ұйым ретінде танымал. 2005 жылы «Исток» ҚБ активистері Пригородный орман питомнигінде жай қарағайдың 120000 екпесін сеуіп, өсірді. 2005 жылдың сәуір айында Саябақтар маршы күндері еріктілер: оқушылар мен тұрғындар ормандағы бұрын жанған алқаптарда 27 га алаңда екпелерді отырғызды. 9, 19, 27, 29, 38 мектептерде орманшылық жұмысы қайта басталды (мектеп жағдайында екпелер өсіру, жаңғақ жинау және тұқым дайындау). «Исток» экологиялық ағарту және экологиялық білімді насихаттау жөніндегі жұмысты жүргізеді.
Қоғамдық бірлестік базасында «Күн әлемі» республикалық волонтерлік желісін кіретін Волонтерлік орталық жұмыс істеп, ол өңірде ерікті бастамаларды дамытумен шұғылданады. Волонтерлік орталық қызметкерлері 2001 – 2003 жылдары 1500 – ге жуық еріктілерді экологиялық және қайырымдылық акцияларға тартты. Еріктілер еңбегінің экономикалық тиімділігі 1300000 (бір миллион үш жүз мың) теңге болды, 2004 жылы – 1856 ерікті, экономикалық тиімділігі – 99400 теңге болды.
«Исток» Қазақстан Республикасының «Экологиялық форум» Үкіметтік емес ұйымдар - Қазақстан ормандарын қорғау науқанының қатысушысы болып табылады. Семейдің қарағайлы ормандарының жай – күйі туралы 3 бейнеролик және 1 документалды фильм түсірді.
«Біз – Жер планетасы халықтарының балаларымыз, бейбітшілік, махаббат және жақсылық жаршыларымыз!» - осы ұранмен 2006 жылғы 1 шілдеде Балаларды қорғау және «Әлем балалары» қоғамдық бірлестігінің ашылуы қарсаңында облыстық балет мектебінің концерті өткізілді. Ұйым мақсаты – жамандыққа, агрессияға және жаулыққа өнер әлемін, сұлулық әлемін қарсы қою. «Әлем балалары» қоғамдық бірлестік құрылтайшылары – барлық ұлттық – мәдени орталықтар. Бірлестік жоспарында – осындай халықаралық балалар ұйымдарымен ынтымақтастық орнату, балалардың Бейбітшілік саябағын құру және Семей қаласында жас бейбітшілік күрескерлерінің бірінші съезін өткізу.
«Әйелдер мен полигон балалары» қоғамдық бірлестік (С.Қ. Сағандықова) Диагностикалық орталықпен бірлесіп «Денсаулық» акциясын жалғастырып, 45 жасқа дейінгі әйелдерді кезең – кезеңмен, тегін тексеруді жүргізуде.
14 – 16 сәуірде Орыс әлеуметтік – мәдени орталығы Пушкин жылы шеңберінде орыс өнерінің ІV Халықаралық Фестивалін өткізді, ол 5 номинацияда өтті, сонымен қатар фестиваль күндерінде сәндік – қолданбалы өнер шығармалары көрмесі жұмыс істеді, онда гобелендер, керамика, нақыштау, ағашқа ою - өрнек салу, бедерлеу, моншақ кесте, түрлі материалдар өрмелері қойылды. Фестивальға Ресейдің Новосибирск, Барнауыл, Омбы, Рубцовка және Қазақстанның бір қатар қалаларының делегациялары қатысты.
«Ирис» өңірлік қоғамдық бірлестігі – Дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы қозғалыстың тұрақты мүшесі. Жапонияның ядролық қаруға қарсы күштерімен: «Генсунке», «Хиданко» және Демократиялық дәрігерлер одағымен ынтымақтасып қызмет етеді. Германияның «FRIEDENSDORF INTERNATIONAL» ұйымының ұзақ мерзімді әріптесі, Қазақстан Республикасы үкіметтік емес ұйымдар, экологиялық форумының, «АРГО» азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының мүшесі
2004 жылғы 14 маусымнан бері «Кен қазу өнеркәсібіндегі ашықтық бастамасы» азаматтық бірлестігінің тұрақты мүшесі, оның құрамына Қазақстанның одан басқа 6 ҮЕҰ кірген.
Ағымдағы жылдың сәуір айында 20 – дан астам үкіметтік емес ұйымдар Қазақстан Республикасыпдағы Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламсы, ЮНИСЕФ басшылығымен кездесуге қатысты.
Үкіметтік емес ұйымдардың басшылары Біріккен ұлттар ұйымының «Қазақстандағы мыңжылдық табалдырығындағы даму мақсаттары туралы» есебінің тұсаукесеріне қатысты.
2006 жылдың мамыр айында Біріккен ұлттар ұйымы теледидарының (Нью - Йорк) Семей қаласына сапары кезінде «Исток», «Ракқа қарсы біргеміз», «Ирис», «Регион» қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, олар Семей өңірінде әлеуметтік маңызды жобалардың іске асырылуы туралы әңгімеледі.
Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бағдарламасына сәйкес «Семипалатинские вести», «Сегодня», «Контакт», «Семей өңірі» газеттерінде 2006 жылдың шілде айынан бастап үкіметтік емес сектордың даму проблемалары жөнінде мамандандырылған айдарлар ашылатын болады. Барлық қалалық газеттер өңірдің үкіметтік емес ұймдарының қызметі туралы материалдарды жүйелі түрде жариялап отырады. Мәселен «Спектр» газетінің 2006 жылдың 23 наурызындағы № 12 санында «Диабет» қоғамдық бірлестігі жүргізіп отырған жұмысы туралы «Өмір салты - Диабет» («Образ жизни диабет») атты мақала жарияланды, «Наше дело» газетінің 2006 жылғы 11мамырдағы санында «Шындық үшін 20 миллион» («20 миллионов за правду») атты, экологиялық төлемдер тұрғысында әділетті қалпына келтіруге ұмтылған «Поколение» қоғамдық бірлестігінің жұмысы туралы мақала, «Вести» газетінде «Таланттар кемпірқосағы: балалар әлеміне қуаныш сыйлайық» («Радуга талантов: подарим радость миру детства») атты, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бірінші қалалық Балалар шығармашылығы фестивалі туралы мақала жарияланды.
«Ирис» ӨҚБ Семей өңірінің коммерциялық емес ұйымдары – ақпараттық анықтамалығын шығарды.
Семей қаласының мәдениет және өнер саласының жай – күйі туралы
Семей қаласының мәдениет саласының жалпы бейнесі осы заманғы талаптарға сәйкес және халықтың мәдени – рухани сұранымдарын қанағаттандырады. Қалада 36 мәдениет мекемесі, соның ішінде 4 театр, филармония, 4 мұражай, 13 кітапхана, 3 мәдениет үйі, 2 кинотеатр, 5 клуб мекемесі, 2 саябақ жұмыс істейді.
Осы мекемелердің барлығы да өз қызметінде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Өткен жылмен салыстырғанда қала театрларында қойылған спектакльдер саны өсті және тиісінше қызмет көрсетілген халық саны да өсті. Мәселен, 2006 жылдың І жартыжылдығында 77 спктакль қойылды. 2005 жылдың І жартыжылдығында 16413 көрерменге қызмет көрсетілсе, 2006 жылы – 21117 болды, бұл 129% құрайды. Бұл оқу орындарында, мектептерде, колледждерде Театр күнін өткізудің практикаға енгізілуіне байланысты, бұл қала халқының басым бөлігін қамтуға мүмкіндік береді.
Кітапханаларға оқырмандардың баруы, кітап оқу және кітап беру мониторингі негізгі көрсеткіштердің ұлғайғандығын көрсетті: оқырмандар саны 49800 адамнан 55000 адамға дейін, кітап беру саны 1041045 кітаптан 1097696 кітапқа дейін өсіп, кітап қоры 796599 – дан 806258 кітапқа дейін, оқырман балалар саны 12533 – тан 13659 балаға дейін ұлғайды. Бұған кітапхана қызметіндегі сапалық өзгерістер, яғни техникалық қайта жарақтандыру, жаңа компьютерлік, желілік, CD – ROM технологияларға бағыт алу жәрдемдесті. Электрондық почта мен Интернет болуы арқасында кітапханалар кез келген ақпараттық жүйелермен байланыс жасауға, қажетті ақпарат алуға және оқырмандар сұраныстарын барынша толық қанағаттандыруға мүмкіндік алды.
Кітапхана жұмысындағы жетістіктердің бірі – «Еуразия» халықаралық қоры берген грант нәтижесінде қалалық орталық кітапхана жанынан Экономика және құқық орталығының ашылуы, сондай – ақ Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана жанындағы Интернетке қоғамдық қолжетімділік орталығы болып табылады, мұнда қала тұрғындарының 25 мыңнан астамы оқудан өтті.
Қала мұражайларында Семей Ертіс өңірінің ерте кезден бүгінгі күнге дейінгі материалдық және рухани мәдениетінің аса сирек кездесетін экспонаттары жиналған. Оларда тарихи құжаттар, жазба әдебиет ескерткіштері, өнер туындылары, антиквариат заттары, қастерлі заттар, халық қолөнершілерінің бұйымдары, этнографиялық коллекциялардың, тарихи тұрмыстық заттардың көп саны және басқалар сақталады. Мұражайлардың жинақтаушылық қызметінде мұражай қорларын толықтыру ерекше орын алады. Қаланың мұражай қорларында 137717 бірлік, соның ішінде негізгі қордың 91371 бірлігі сақтаулы тұр. Мұражайлардың көпшілік – ағарту қызметі Шығыс Қазақстан облысымен ғана шектелмейді. Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы коллекциясының көрмелері республика орталығы – Астанада, Қазақстанның ірі қалалары Алматы, Павлодар, Өскеменде көрсетілді.
Қаладағы бүкіл мәдени – көпшілік жұмыстың орталығы – Мәдениет сарайы болып табылады. Ол көп бейінді жұмыс жүргізеді. Мұнда 33 клубтық құрылым мен қызығушылығы бойынша клубтар, соның ішінде 15 көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс істейді, бұлардың 9 – «Халықтық» атағын иеленген. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимов жетекшілік ететін домбырамен ән салу мектебі, ақын Дәмеш Омарбаева жетекшілік ететін ақындар даярлау орталығы өз жұмыстарында елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл орталықтардың түлектері, талантты жастар Мейіргүл Байболова, Жасұлан Қоңырбаев, Ринат Заитов, Әсем Жұмағазина, Серік Молдабеков және басқалар облыстық және республикалық конкурстардың, ақындар айтыстарының лауреаттары болды.
Ә. Қашаубаев атындағы қалалық филармония жанында 2005 жылдан бері симфониялық оркестр мен фольклорлық ансамбль қызмет етеді.
Қалада халық шығармашылығы белсенді дамып келеді, бұған жыл сайын өткізілетін байқаулар, көркемөнерпаздар ұжымдары фестивальдары жақсы ықпал етеді. 2006 жылғы байқау Ресейдегі Абай жылына және Қазақстандағы Пушкин жылына арналды. Оған 117 көркемөнерпаздар ұжымы қатысты, бұл 2005 жылдағыдан 26 ұжымға артық.
Соңғы 2 жыл ішінде мәдениет мекемелері желісі кеңейтілді. Цемент кентіндегі кітапхана, Достық ауылдық округінің, Шақаман ауылындағы және Приречный ауылдық округінің Жарқын кентіндегі ауылдық клубтар өз қызметін бастады.
|