|
Үржар ауданы әкімінің есебі
Үржар ауданы облыстың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Тарбағатай тауларының оңтүстік беткейінде орналасқан. Елді мекендердің саны – 59. ауыл округтері – 27. Әкімшілік және мәдениет орталығы - Үржар ауылы. Аудан орталығынан елді мекендердің қашықтығы 5-150 шақырым аралығын құрайды. Облыс орталығына дейінгі 500 қашықтық шақырым, темір жол стансасына дейінгі аралық 172 шақырым.
2007 жыл егеменді еліміздің тарихындағы айырықша оқиғалармен ерекшеленген жыл болды. Елбасы бастамасымен, халықтың толықтай қолдауы арқылы іске асырылған конституциялық реформалар біздің демократиялық қадамдарымыздың жаңа даму кезеңінің мәресін қиды. Аса маңызды қоғамдық оқиға - еліміздің болашақ даму бағытын саралап берген «Қазақстан-2030» Стратегиясына 10 жыл толды. Оған шетелдік сарапшылар Қазақстанның саяси және әлеуметтік дамудағы жүріп өткен жолын әлемдік деңгейде саралап, бүгінгі жетістіктері мен болашақ даму стратегиясының кепілі ретінде жоғары баға берді.
Республика Президенті өткен жылғы 28-ақпандағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің өтпелі кезеңнен ойдағыдай өтіп, әрі өз дамуының сапалық жаңа кезеңіне нық қадам басқанын айта келе, Қазақстанды жан-жақты жаңартудың Жаңа кезеңіндегі басты басымдықтар ретінде ішкі және сыртқы саясаттағы 30 бағытын нақты айқындап берді.
Жолдаудан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – «қолымыз жеткен» экономикалық өсуді пайдаланумен шектелмей, осы өсуді шындап басқаруды меңгеруге үйренуіміз, сөйтіп оны сапалық жаңа деңгейдегі экономикалық дамуға ұластыруымыз қажет.
Үржар ауданы жер көлемі мен халқының саны жағынан облыс көлеміндегі ірі ауыл шаруашылығы ауданы болып табылады. Ауданның барлық жер көлемі – 23,4 мың шаршы км. Барлық ауыл шаруашылық жерлері 1 968 210 га, оның ішінде қазіргі пайдаланылатыны 701 904 га. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі біздің ауданымыздың жалпы облыс көлеміндегі үлес салмағы да жоғары. Атап айтқанда, статистикалық мәліметтерге сәйкес сүт өндіру көлемі бойынша ауданның облыстағы үлес салмағы 10 пайыз немесе бірінші орын болса, ет өндірудегі үлес салмағы 8,1 пайыз құрап, облыс аудандарының ішінде екінші орын алады. Сондықтан да аудан бойынша өндірілген ішкі өнімнің 70 пайызы ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесіне тиесілі. Ауыл шаруашылығы бойынша барлық өндірілген өнімнің 44,6 пайызы егін шаруашылығында, қалған 55,4 пайызы мал шаруашылығында өндіріледі.
2007 жылғы барлық егілген егістік көлемі 115 159 гектар. 2006 жылмен салыстырғанда егістік көлемі 22,3 пайызға кеміді. Себебі бұған дейін егіс көлемі орынсыз көбейіп кеткен күнбағыс дақылын себу 27159 гектарға азайтылды. Сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда көкөніс және бақшалық дақылдар 488 гектарға, мал азығы дақылдары 2803 гектарға артық себілді.
Есепті кезеңде 82 353 тонна таза дәнді дақылдар өндіріліп, өндірілген өнім өткен жылмен салыстырғанда 54 пайызға өсті. 10 346 тонна күнбағыс дақылы өндірілді, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 8 128 тоннаға, немесе 44 пайызға кем. 51 629 тонна картоп өндірілді, былтырғы жылмен салыстырғанда 6 518 тоннаға көп, сол сияқты 37 714 тонна көкөніс жиналды, былтырғы жылмен салыстырғанда 4 084 тоннаға артық. Дәнді дақылдардың орташа түсімі әр гектардан 13,8 цн айналып, 2006 жылмен салыстырғанда орташа түсім 48,4 пайызға өсті.
Есепті жылда 14 856 тонна ет, 64 099 тонна сүт, 13 156 мың жұмыртқа, 479,4 тонна жүн өндірілді, яғни 2006 жылмен салыстырғанда сүт өндіру 4,4, жұмыртқа 2,7, жүн 4,9 пайызға өсті.
2006 жылмен салыстырғанда аудандағы ірі қара мал саны 6,9 пайызға өсіп, биылғы жылы 65 293 басқа жеткізілді; сол сияқты қой мен ешкілер 212 419 басқа, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 10,7 пайызға, жылқы 14 953 басқа, 7,6 пайызға, үй құстары – 114 336 басқа, 12,6 пайызға өсіп, шошқа саны 6139 басқа жеткізілді.
2007 жылы 27 941 бас бұзау, былтырғы көрсеткіштен 3,6 пайызға артық, 114 224 бас қозы-лақ, 2,6 пайызға көп, 5890 бас құлын алынып, былтырғы жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға өскен, 11663 бас торапай өсіріліп, 0,5 пайызға кеміген.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер көрсетіліп отыр.
Сойып өткізген ет өнімдері үшін «Алғабас» шаруа қожалығы 1 381,0 мың теңге, сол сияқты «Ақжар» шаруа қожалығы 2 349,0 мың теңге субсидия алды. Ауданға жеңілдетілген бағамен 5 747 тонна жағар май, көктемгі дала жұмыстарының шығындарын жабу үшін 85,0 млн. теңге субсидия бөлінді. Бөлінген субсидияның 49,7 млн. теңгесі немесе 59 пайызы игерілді.
Өнеркәсіп. 2007 жыл көлемінде аудан бойынша 868 029,0 мың теңгенің өнеркәсіп өнімдері (жұмыстар, қызметтер) өндірілді. Қолданыстағы бағамен есептегенде есепті жылы өндірілген өнім 2006 жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға өсті.
Құрылыс. 2007 жылы аудан бойынша жалпы көлемі 6983 шаршы метрлік 81 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артық. Аудандық статистика бөлімінің мәліметтеріне сәйкес аудан бойынша 2007 жылы негізгі қорларға барлығы 2 697 505,0 теңгенің инвестициясы жұмсалды, соның ішінде республикалық бюджет 2 678 433,0 мың теңге және жергілікті бюджет 19 072,0 мың теңге құрайды.
«Таза су» Бағдарламасы бойынша Үржар (2 кезек), Көктерек, Южное, Тас-Арык және Алтыншоқы ауылдарындағы су құбырларын қайта құру жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстарға республикалық бюджет есебінен 2007 жылы 140 000,0 мың теңге бөлініп, бөлінген қаржы толық игерілді. Бұл жұмыс 2008 жылы да өз жалғасын табады.
2007 жылдың желтоқсан айында Бестерек ауылында 420 орындық мектеп құрылысы аяқталып, іске қосылды. Республикалық бюджет есебінен жалпы сметалық құны 705 900 мың теңгелік Қарақол ауылындағы 600 оқушыға арналған мектеп құрылысы басталып, бөлінген қаржының 211 770,0 мың теңгесі 2007 жылы игерілді.
Тұрмыстық коммуналды шаруашылық, жолдар. Ауданның инфрақұрылымын, жол - көліктік құрылымын дамыту, тұрғындарды ауыз сумен қамтамсыз ету іс-шаралары Үржар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарын және ауылдық аумақтарды дамытудың аймақтық бағдарламасын басшылыққа ала отырып іске асырылуда.
Ауданның жергілікті маңызы бар жолдардың ұзақтығы 688 шақырым, оның 263 шақырымына асфальт төселген, 349 шақырымы қиыршық тас жолы және 76 шақырымы қара жол. Осы жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға 2007 жылы бюджеттен 36 760 мың теңге бөлінді, бөлінген қаржының 19 534,0 мың теңгесі жолдарды қыста қардан тазалауға жұмсалып, 17 226,0 мың теңгесі жолдар мен көшелерде бағыттық жөндеу жұмыстарына пайдаланылды. Көшелерді жарықтандыруға 5 025 мың теңге бөлініп, соның ішінде 1 525 мың теңгесі Алакөл жағалауын жарықтандыруға жұмсалды, Қабанбай және Жоғарғы-Егінсу ауылдарында көше жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Республикалық бюджет есебінен Таскескен – Бақты жол құрылысы жалғасуда, аталған мақсатқа 2007 жылы 2 225 012,3 мың теңге қаржы жұмсалып, 2008 жылға қосымша 1 764 685,8 мың теңге жоспарланып отыр.
2007 жылы аудандық электр жүйесі арқылы ұзындығы 188 шақырым ВЛ 110 кВ, 88 шақырым ВЛ 35 кВ, 360 шақырым ВЛ 10 кВ, 320 шақырым ВЛ 04 кВ және 169 дана ТП, КТП қондырғыларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осындай жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 2007 жылы электр жарығын уақытша өшіру әжептәуір азайды. 2008 жылдың жұмыс жоспарында ағымды жөндеу жұмыстары өз жалғасын тауып, аудан халқын электр қуатымен қамту жұмысын жақсарту бағытында жоспарлы істер жүргізіледі.
2007 жылы аудандық электр жүйесіне 3 автокөлік және 17 «Моторолла» радиостасасы сатылынып алынды. 2008 жылы қосымша 2 техника сатып алу жоспарланып отыр.
Кәсіпкерлік. Аудан экономикасының қалыпты жағдайда дамып, одан ары өсуіне кәсіпкерлік саласының тигізер әсері мол. Ауданда шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын 6569 нысандар тіркелген, соның ішінде 4482 шаруа қожалықтары, 59 заңды тұлғалар және қалғаны жеке кәсіпкерлер. Бұл нысандарда барлығы 11 066 адам жұмыс істейді. Аудан тұрғындарына 66 қоғамдық тамақтандыру, 30-дан аса тұрмыс қажетін өтеу орындары, 49 дәріхана және 425 дүкен қызмет көрсетеді.
Есепті жылда кәсіпкер Қ.Қалиасқаров тәулігіне 30 тонна жоғары сапалы рафинадталған күнбағыс майын шығаратын зауытты іске қосса, кәсіпкер А.Дүйсенбаев «Үржар-көкөніс» кооперативін ашып, болашақта көкөніс өнімдерін өңдеу мақсатында сиымдылығы 400 тонналық көкөніс қоймасына тоңазытқыш құралдарын орнатты.
2007 жылдың 19 мамырынан бастап әр жексенбі сайын ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен жәрменке ұйымдастырылып, өнімдер базар бағасынан 10-15 пайызға арзан сатылады. Барлығы 33 жәрменке өткізіліп аудан тұрғындарына 15,3 млн. теңге ауыл шаруашылық өнімдері сатылды.
Кәсіпкерлік саласында әлі де шешімін таппай отырған мәселелер бар, соның бірі Алакөл жағалауы мен Барлық-Арасан сауықтыру орындарын заман талабына сай, халықаралық деңгейдегі туризм орталығына айналдыру. 2007 жылы облыстық бюджеттен 7 100,0 мың теңге қаржы бөлініп Алакөл жағалауының Бас жоспары жасалынды, республикалық бюджет есебінен көл жағалауын бекітуге 681 700,0 мың теңге бөлініп, жағалауды бекітудің сметалық бағасын есептеу жөнінде облыстық Құрылыс Департаменті жұмыс атқаруда. Аталған шаралар жақын болашақта Алакөл жағалауының инфрақұрылымын дамуына әсер етіп, демалуға тілек білдірушілердің санын көбейтіп, аудан бюджетін толықтыратын қосымша салық көзіне айналады деген үміттеміз
Несиелеу, қаржы. Кәсіпкерліктің, сол арқылы аудан экономикасының дамуына жағымды ықпал етуші факторлардың бірі несиелендіру болып табылады. Ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерге және шағын бизнес нысандарын төмен пайыздық өсіммен несиелендіру негізінен «Тарбағатай» несие серіктестігі арқылы жүргізіледі. 2007 жылы аталған серіктестік арқылы 92 840,0 мың теңгенің несиесі беріліп, берілген несие көлемі 2006 жылмен салыстырғанда 16,7 пайызға көбейді. «Тарбағатай» серіктестігінен басқа шағын бизнес нысандарына және аудан халқына екінші деңгейдегі 5 банк қызмет көрсетеді. Оның 5-еуі аудан орталығында, 3-еуі Мақаншы ауылдарында орналасқан. Екінші деңгейдегі банклердегі 2007 жылғы халықтың жеке салымдары 386 022,0 мың теңгені құрап, 2006 жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға өсті. Банкілер арқылы халыққа негізінен тұтыну несиелері беріледі. 2007 жылы екінші деңгейдегі банкілер арқылы 1 783 451 мың теңгенің несиесі беріліп, несие көлемі 2006 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге көбейді. Соның ішінде шағын және орта бизнес өкілдеріне 584 497 мың теңге немесе 2006 жылдан 69 пайыз көп, 1 039 601 мың теңгеге немесе 2006 жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп тұтыну несиелері беріліді. Мақаншы ауылындағы Халық банкінің бөлімшесі 2007 жылы жаңадан ашылды, осының нәтижесінде Мақаншы ауылымен қатар, барлық Мақаншы өңірі тұрғындарының әртүрлі төлемақылар төлеуіне, бюджеттік және басқа сала қызметкерлерінің еңбек ақыларын, зейнеткерлердің зейнетақыларын, халықтың әртүрлі әлеуметтік жәрдемақыларын уақтылы алуына қажетті жеңілдіктер жасалынды.
2007 жылғы ауданның жоспарланған бюджет шығындары 2 307 128,0 мың теңге, нақты кассалық шығындар 2 297 966,9 мың теңге, яғни аудан бюджетінің шығыстары 99,6 пайызға орындалды.
2006 жылы бюджеттің кіріс бөлігіне 386 012 мың теңге жергілікті салықтар мен түсімдер жиналған. 2007 жылғы жиналған салықтар 501 606,0 мың теңге, яғни 2006 жылмен салыстырғанда жиналған салық көлемі 115 592 мың теңгеге артық немесе 30,0 пайызға өсті. Осының нәтижесінде жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын кейбір әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік туды. Аудан бюджетіне өгерістер енгізу жөнінде берілген ұсынысқа сәйкес 2007 жылғы 22-қазандағы өткен аудандық маслихаттың шешімі бойынша тек білім саласына ғана қосымша 22 914,0 мың теңге бөлініп, соның ішінде өткен жылдар нәтижесі бойынша мектептердің көмірге жетпейтін 14 091,0 мың теңге қарызы толық жабылды.
Білім саласы. Ел болашағы – білімді ұрпақ екені белгілі. Бүгінгі таңда аудандағы 59 мектеп алдына қойылар мақсат та осы. 2006-2007 жылғы оқу жылында аудан бойынша барлығы 16367 бала оқуға қамтылды, соның ішінде оқушылар саны 15 190 бала және мектепалды даярлық тобында 1177 бала тәрбиеленуде, он толық мерзімді шағын орталықта 275 бала және 49 қысқа мерзімді шағын орталықтарда 870 бала тәрбиеленуде.
Көніл аударатын жағдай 2006 жылмен салыстырғанда 2007 жылы оқушылар саны 1082 балаға азайып отыр, 1250 оқушы мектепті аяқтап, соның ішінде 1149 мектеп бітіруші немесе мектеп бітірушілердің 91,9 пайызы Бірыңғай Ұлттық Тестілеуге қатысты. Тестілеу қорытындысы бойынша орта бал 63,96 пайыз құрап, 403 оқушы 70-тен жоғары бал алды.
2007 оқу жылында жалпы оқуға қамту қорына жергілікті бюджеттен 10 000,0 мың теңге, немесе 2006 жылмен салыстырғанда қаржы 3,4 есе немесе 7 036,0 мың теңге артық бөлінді. Осының нәтижесінде оқушыларды қоғамдық тамақтандыруға 4 250,0 мың теңге, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балаларын киіндіруге 2 000,0 мың теңге және оқушылардың жазғы демалыс шараларын ұйымдастыруға 3 350,0 мың теңге қаржы бөлуге мүмкіндік туды.
2007 жылы оқушылардың өндірістік оқу бригадаларын ұйымдастыру мақсатында 34 мектепке 358 га, соның ішінде 39 га алма бағы пайдалануға берілді. Мектептерге бөлінген жердің 182 га оңтайлы пайдаланып, 67 га бидай, 21 га күнбағыс, 12 га сафлор, 5 га картоп, 3 га пияз тағы басқа ұсақ көкөністер егілді.
Таскескен ауылындағы №20 кәсіптік мектепте 3 түрлі мамандық бойынша барлығы 390 бала оқиды, соның ішінде Мақаншы ауылында 23 бала, Үржарда – 91, Южное – 28 және ауылдардағы бөлімшелерде 142 бала білім алуда. Аудандық саз мектебінің 6 бөлімінде 241 бала және «Айналайын» бала бақшасында 3 топта 90 бала тәрбиеленуде.
2007 жылы аудан мектептерінің материалдық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 30 301,0 мың теңге, мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 15 194,0 мың теңге және ағымды жөндеу жүргізу үшін 2 000,0 мың теңге жұмсалды.
Денсаулық сақтау. Елбасы Жолдауында халық денсаулығын жақсарту, медицина саласын дамыту, халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға жете көңіл бөлінген. Осы мақсатта 2007 жылы ауданның емдеу мекемелерінің материалдық техникалық базасы едәуір жақсарды, атап айтқанда ауданның медицина ұйымдарына медициналық қондырғылар алуға 17 488,0 мың теңгенің қаржысы бөлінді. Бұл 2006 жылмен салыстырғанда 6 есе артық. Бөлінген қаржы толық игерілді.
Емдеу мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 42 800 мың теңге бөлінді, бұл 2006 жылғы бөлінген қаржыдан 12 пайызға артық. Үржар орталық және Мақаншы, Таскескен, Қабанбай, Науалы, Благодарное ауылдық емханалары мен Көктал фелдшерлік пункттері күрделі жөндеуден өтті.
Әлеуметтік қорғау. Қандай да мемлекеттің әлеуметтік жағдайы адамдардың жұмыспен қамтылуын, тыныс-тіршілігімен өлшенері сөзсіз. 2007 жылдың 1-қаңтарына жұмыспен қамту бөлімінде 526 жұмыссыз ретінде тіркелсе, 2008 жылдың 1 қаңтарына 436 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, яғни жыл басымен салыстырғанда жұмыссыздар саны 17,1 пайызға немесе 90 адамға кеміді. Жұмыссыздардың экономикалық белсенді тұрғындарға шаққандағы үлесі 1,0 % болып, 2006 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,2 % кем. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыздардың саны 11 адамға кеміді.
2007 жылы барлығы 785 адам әртүрлі ақылы қоғамдық жұмыстарға қамтылып, аталған шараға бөлінген 20 469 мың теңге қаржы толық игерілді. Жыл көлемінде аудан бойынша тұрмыс деңгейі төмен отбасыларындағы 2123 адамға 33301,0 мың теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілді. 2006 жыл мен салыстырғанда 2007 жылы атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 4633 адамға, төленген әлеуметтік көмек 29 441,0 мың теңгеге азайды.
Күн көріс деңгейі төмен отбасылардағы 18 жасқа дейінгі 7698 балаға 64 961,3 мың теңгенің жәрдемақысы төленді. 2006 жылмен салыстырғанда есепті жылы 18 жасқа дейінгі балаларға төленетін жәрдемақының көлемі 16 958,2 мың теңгеге көбейіп отыр.
2007 жылы облыс әкімінің қаулысына сәйкес бірінші рет тұрмысы төмен отбасылардың балалары - орта мектепті 2007 жылы бітірген 11 түлек облыстың жоғарғы оқу орындарында облыстық бюджет есебінен тегін оқуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда 8 студент Семейдің Медицина академиясында, 3 студент Семейдің педогогикалық институтында дәріс алуда. Медицина академиясында оқитын әр студенттің бір жылғы оқу ақысы 290,0 мың теңге, педогогикалық институттың әр студентінің бір жылғы оқу ақысы 170,0 мың теңге облыстық бюджет есебінен бала оқу орнын бітіргенше төленіп отырады. Бұл игілікті іс 2008 жылы да жалғасын тауып, аталған шараға облыстық бюджет есебінен 3 248,0 мың және аудандық бюджеттен 700,0 мың теңге бөлінеді.
Пошта байланысы және телеком. Ауданда халыққа қызмет ететін маңызды салалар - почта бөлімі және телекомуникация торабы қалыпты жұмыс атқаруда. Ауылдарда 32 тұрақты почта бөлімдері және 1 жылжымалы бөлім жұмыс істеп, аудан орталығына аптасына 4 рет ауылдық жерлерге 3 рет газет, журналдар, сол сияқты белгіленген кестеге сәйкес мемлекет тарапынан төленетін зейнетақы мен әртүрлі жәрдемақылар уақтылы алушыларға жеткізіліп отырады. Аудандық почта тарапынан аудан тұрғындарына көрсетілетін қызмет пен жұмыс түрлерін одан әрі жақсарту мақсатында 2008 жылы республикалық бюджет есебінен тиісті қаржы бөлініп, ауданның төрт елді мекенінде: Үржар, Шолпан, Қарақол, Бестерек ауылдарында почта бөлімдерінің жаңа ғимараттары салынады.
Аудандық телекоммуникация торабы арқылы 2007 жылы 1234 телефон нүктелері қойылып, жоспар 102 пайыз орындалды. Есепті жыл аяғында негізгі телефон аппараттарының саны 2006 жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға өсіп, 9958-ге жетті. Қарақол, Жанай ауылдарының телефон станциялары 50 номерге, Аксаковка ауылында 26 номерге кеңейтілді. Мақаншы ауылының телефондары толық сандық жүйеге ауыстырылып, нәтижесінде жергілікті және қалааралық байланыстың сапасы айтарлықтай жақсарды. Бестерек ауылында сандық радио релелік жүйе қондырғысы орнатылды. Южное, Үржар, Жарбұлақ ауылдарында Beeline компаниясының байланыс қондырғыларын орнату жұмыстары аяқталды.
Интернет жүйесіне жоғары жылдамдықпен шығуды қамтамасыз ету мақсатында «Megaline» жүйесі арқылы жаңа қызмет түрін пайдалануға мүмкіндік туды. Бұл қызмет түрін қазір 75 абонент, соның ішінде 3 кәсіпкер, 2 бюджеттік ұйым және жеке тұлғалар пайдаланып отыр,
Қазақстан Республикасы Үкіметінің №995 қаулысымен бекітілген, 2007-2009 жылдарға арналған ақпараттық теңсіздікті төмендету Бағдарламасы шеңберінде 2007 жылы аудандық әкімшіліктің, аудандық мәдениет үйінің ғимараттарында, сол сияқты Мақаншы, Үржар және Бақты ауылдық әкімшіліктерінің ғимараттарына ақпараттық киоскілер орнатылды, бұл өз кезегінде аталған елді мекендегі тұрғындарың өздеріне қажет деген ақпараттық қызмет түрлерін ауылда отырып пайдалануына мүмкіндік туғызады.
Мәдениет және спорттық шаралар. 2007 жылы аудан көлемінде ұйымдастырылған мәдени және спорттық шаралардың барлығы аудандағы қоғамдық саяси ахуалды, бірлікті, ұлтаралық келісімді қолдауға және оны одан әрі дамытуға бағытталды.
2007 жыл ауданда «Әсет жылы» деп жарияланып, арнайы кестеге сай әртүрлі жұмыстар ұйымдастырылды. Мақаншы ауылындағы Әсет мұражайының алдына Әсеттің мүсіні қойылды, Алакөл жағалауында «Ән салсаң Әсеттей сал!» атты Республикалық әншілер байқауы өткізілді, Үржар ауылының Абай атындағы лицей – орта мектебінде Әсет Найманбайұлының 140 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.
Мәдениет саласы бойынша 2007 жыл көлемінде атқарылған игі істердің бірі – ауылдық клубтар ғимараттарының мемлекет қарамағына қайтарылып, іске қосылуы. Облыстық бюджет қаржысы есебінен 10,0 млн теңгеге Мақаншы мәдениет үйі мемлекет қарамағына қайтарылды, сол сияқты бағасы 4,5 млн теңге тұратын видеомобил сатылып алынып, аудандық мәдениет бөліміне бекітіліп берілді. Аудандық бюджет есебінен 17 679,0 мың теңге қаржы бөлініп Науалы, Көкөзек ауылдық клубтарының шатырларына, сол сияқты аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Дені саудың - жаны сау» дегендей салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауданда денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудандық бюджет есебінен 4 839,0 мың теңге қаржы бөлініп, орталық стадионында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыс 2008 жылы жалғасын табады.
Ауданның спорт резервтерін дайындауға Үржар балалар мен жасөспірімдерді дайындайтын олимпиадалық резервтегі спорт мектебінің қосар үлесі мол. Баяхметов Дархан, Мәмбетов Әсет 2008 жылғы Олимпиада ойындарына грек–рим күресіне қатысуға лицензия алса, Кебіспаев Алмат – жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, Иманбаев Әсет - Әлем чемпионы, қазіргі уақытта оқу-жаттығу жиындарында, 2008 жылғы Олимпиада ойындарына берілетін лицензианы алуға үміткерлер. Әлдиев Думан – жастар арасында самбо күресінен Әлем чемпионы, осы жылы дзю-до күресінен жастар арасында Азия Чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Аудан спорт мектебінің аталған түлектері тек ауданымыздың ғана мақтанышы емес, бүкіл еліміздің намысын қорғайтын спортшылар деп айтуға болады.
Демографиялық жағдай. 2008 жылдың 01 қаңтарына 1435 сәби дүниеге келіп (01.01.07 ж. – 1517 сәби), 778 адам қайтыс болды (01.01.07ж - 825), табиғи өсімі - 657 адам (01.01.07 ж. – 692 адам).
2007 жылы ауданнан 2273 адам көшіп кетіп (2006 ж. - 2428 адам), 513 адам көшіп келген (2006 ж. - 422 адам). Көші-қон есебінен аудан тұрғындары 1760 адамға азайды (2006 ж. – 2006 адамға азайған болатын).
Құқық бұзу. Өркениетке барар жолдағы маңызды іс – құқықтық мемлекет құру, заң бұзушылықтың, қылмыстық әрекеттердің болуына тосқауыл қою. Осы мақсатта ауданда біршама игі істер атқарылуда. 2007 жылдың көлемінде Үржар ауданының аумағында 178 жалпы қылмыстық іс тіркеліп, 2006 жылмен салыстырғанда 19,8 пайызға азайған. Тіркелген қылмыстардың 83,6 пайызы ашылып, 2006 жылмен салыстырғанда қылмыстардың ашылуы 7,1 пайызға көбейді. Тіркелген қылмыстар 2007 жылы 2006 жылмен салыстырғанда барлығы 34-ке, соның ішінде өте ауыр қылмыстар 7-ге, кісі өлтіру 2-ге, пәтер тонау 1-ге, мал ұрлығы 23-ке азайды. 2008 жылы орындалатын іс-шаралар: 2007 жылдың 24-желтоқсанында өткен аудандық маслихаттың кезекті III-сессиясының шешімімен «Үржар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008–2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары» бекітілді. Аталған жоспар бойынша алдағы үш жылда ауданның экономикасының дамуымен қатар, әлеуметтік сала бойынша бойынша атқарылатын іс-шаралар мен орындалатын жұмыстар межеленді.
2008 жылы ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштерін - атап айтқанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін 3,1 пайызға, өнеркәсіп өнімдерінің көлемін 18 пайызға, негізгі қорларға жұмсалатын инвестиция көлемін 26,3 пайызға көбейту жоспарланып отыр.
Негізгі қорларға жұмсалатын инвестицияның жалпы көлемі 2 653 689 мың теңге, соның ішінде қаржыландыру көздері бойынша республикалық бюджеттен 2 274 051 мың теңге, облыстық бюджеттен 114 082 мың теңге және аудандық бюджеттен 265 556 мың теңге құрап, негізінен әлеуметтік сала бойынша күрделі құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарын іске асыруға бағытталып отыр.
Атап айтқанда, республикалық бюджет қаржысымен 2008 жылы жалпы сметалық құны 376 480 мың теңгеге Благодарное ауылында 320 орындық мектеп құрылысы басталады, Қарақол ауылындағы мектеп құрылысын аяқтау үшін 494 130 мың теңге, Үржар, Көктерек, Южный, Тасарық және Алтыншоқы ауылдарындағы су құбырларының 2007 жылы басталған күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтау үшін қосымша 263 514 мың теңге және Науалы және Көлденең ауылдарындағы су құбырларын қайта құру жұмыстарын бастау үшін 50 000 мың теңге қаржы бөлінеді.
Үржар ауылында жалпы құны 9 099,0 мың теңге тұратын үш пәтерлі бір тұрғын үй салынады. 2009 жылы бір және 2010 жылы осындай екі үй салу жобада бар. Бұл өз кезегінде ауданның мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорын қайта жаңғыртып, сол арқылы мемлекеттік қызметкерлерді, сол сияқты ауданға жетіспейтін мамандарды жұмысқа шақырып, оларды қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етуге өз септігін тигізері анық. Сол сияқты облыстық бюджет есебінен 2007 жылға дейін мәдениет ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегені ащы да болса ақиқат. Бұл салада 2007 жылы атқарылған шаралар 2008 жылы өз жалғасын табады, атап айтқанда аудандық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысы аяқталады, Мақаншы мәдениет үйіне толық, Таскескен мәдениет үйінің шатырына, сол сияқты Бақты, Науалы, Көкөзек, Көктал ауылының клубтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Мақаншы мәдениет үйі, Көкөзек және Науалы ауылдық клубтары іске қосылады.
|