2 Жер учаскелерін беру тәртібі
2.1 Жер учаскесіне құқықты табыстаудың жалпы тәртібі
Мемлекеттiк меншiктегi жерден жер учаскесiне құқықты табыстау мынадай ретпен жүргiзiледi:
1) жер учаскесiне тиiстi құқық табыстау туралы өтiнiм жасау;
2) мәлiмделген өтiнiмдi қанағаттандыру мүмкiндiгiн анықтау (жер учаскесiн алдын ала таңдау);
3) жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту;
4) жер учаскесiне құқық табыстау туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің шешiм қабылдауы;
5) белгiлi бiр жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу;
6) жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарды дайындау және беру;
7) жер учаскесiне құқықты мемлекеттiк тiркеу.
Жер учаскесiне құқық беру туралы өтiнiш түскен кезiнен бастап екi айға дейiнгi мерзiмде қаралады, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне жер учаскесiне құқық беру туралы өтiнiш үш апталық мерзiмде қаралады.
Егер атқарушы органның жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге және жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық орган жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарды бергенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп танылады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жауапкершiлiктi көздейдi.
Құқықты куәландыратын құжаттары ресiмделмеген жер учаскелерiне қатысты мәмiлелер жасасуға жол берiлмейдi.
2.1.1 Мемлекеттік меншіктен жеке тұлғаларға жер учаскелеріне құқықты табыстау тәртібі
Егерде сіз жер учаскесін алуға мүдделі болсаңыз, сізге жергелікті атқарушы органға жерді табыстау туралы өтініш беру керек.
Өтініште:
- жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты (жеке тұрғын үй құрылысы, өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу, бағбандық, саяжай құрылысы үшiн және ауыл шаруашылығын жүргізу үшін);
- оның болжамды мөлшерi;
- орналасқан жерi (сұралатын жер учаскесінің болжамды орналасқан жері);
- сұралатын пайдалану құқығы (жеке меншік құқығы, уақытша өтеулi (ұзақ мерзiмдi, қысқа мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы, уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы);
- басқа жер учаскесiнiң болуы (болмауы) көрсетiлуі тиiс.
Жер учаскесінің пайдалану мақсатына байланысты өтінішке келесі құжаттар мен олардың көшірмелері қосылып беріледі:
- жеке тұрғын үй құрылысы, өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу, бағбандық, саяжай құрылысы үшiн
- жеке куәлік;
- жеке тұлғаларға салық төлеушісінің куәлігі (СТТН);
- азаматта жер учаскесiнiң бар немесе жоқ екендiгi туралы анықтама (облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы жетi күн мерзiмде бередi);
- азаматта жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқ екендiгi туралы анықтама (жылжымайтын мүлiктi тiркеудi жүзеге асыратын орган жетi кїн мерзiмде бередi).
Жер учаскесінің табыстауы мүмкін емес болған жағдайда, жер комиссиясы жер учаскесін табыстау туралы өтінішті арнайы есепке қойылуы туралы қорытындысын шығарып, жалпы тізімдегі нөмірін көрсетеді. Бұл хабарлама комиссияның қорытындысы шыққаннан кейін өтініш беруші жеті күндік мерзімде алуы керек.
Жер учаскесiне құқық табыстаудан бас тартудың дәлелді себептерi көрсетiліп, ал көшiрмесi өтiнiш берушiге шешiм қабылданғаннан кейiн жетi күн мерзiмде тапсырылуға тиiс.
- шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін:
- шаруа (фермер) қожалығының басшысы мен мүшелерінің қолы қойылған шаруа (фермер) қожалығының мүшелерінің тізімі;
- жер учаскесінің бар (жоғы) туралы аңықтама;
- ауыл шаруашылық өндірісін жүргізудің қысқаша бағдарламасы;
- қожалық басшысының ауыл шаруашылық өндірісінде еңбек еткенін растайтын құжаттар.
2.1.2 Мемлекеттік меншіктен заңды тұлғаларға жер учаскелеріне құқықты табыстау тәртібі
Жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқығының табысталуына мүдделi заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ өкіміне өтiнiш бередi.
Өтініште:
- жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты;
- оның болжамды мөлшерi;
- орналасқан жерi (сұралатын жер учаскесінің болжамды орналасқан жері);
- сұралатын пайдалану құқығы көрсетілуі тиіс.
Міндетті түрде жер учаскесіне құқықты табыстау туралы өтінішке келесі құжаттар мен олардың көшірмелері қосымша тапсырылуы керек:
- заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік;
- статистикалық карточка;
- салық төлеушісінің куәлігі;
- лицензия немесе келісімшарт, егер жер учаскесi жер қойнауын пайдалануға лицензия немесе келiсiмшарт жасасуды талап ететiн қызметтi жүзеге асыруға немесе iс-қимыл жасауға арналса.
2.1.3 Оралмандарға жер учаскелеріне құқықты табыстау тәртібі
Қазақстан Републикасының Жер кодексінің 46 бабына сәйкес оралмандарға өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандыќ және саяжай құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру ауылдық елдi мекендердiң жерiнен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, иммиграциялық жер қорының, арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен, ал тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, арнайы жер қорының, иммиграциялық жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.
Оралманның жер учаскесi орналасқан жердегi жергілікті атқарушы органына берілген жер учаскесін беру туралы өтiнiште:
- жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты;
- оның болжамды мөлшерi;
- орналасқан жерi;
- сұралатын пайдалану құқығы (Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін оралмандарға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығы);
- өзіндік қосалқы шаруашылық, жеке тұрғын үй құрылысы, бағбандық және саяжай құрылысы үшін басқа жер учаскесінің бар немесе жоқтығы туралы мәлімет.
Берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн ҚР Жер кодексінде белгiленген жағдайларда және тәртiппен олардың жеке меншiгiне өтедi.
Оралмандар сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқыққа ие бола алмайды.
2007 жылғы 1 мамыр жағдайындағы Шығыс Қазақстан облысы бойынша оралмандарға жалпы көлемі 32663 га 388 жер учаскелері табысталды:
- жеке тұрғын үй құрылысы үшін – 35 жер учаскесі, көлемі 4,2 га;
- өзіндік қосалқы шаруашылық үшін – 107 жер учаскесі, көлемі 17,3 га;
- шаруашылық жүргізу үшін – 233 жер учаскесі, көлемі 31956 га;
- басқа да мақсаттарға – 13 жер учаскесі, көлемі 685,5 га |