Единый Накопительный Пенсионный Фонд

 Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік 

Сұрақ   Жауап

Саламатсыз ба! Зейнетақы жинақтарымның жай-күйі туралы ақпаратты қалай алуға болады?

  Жауап: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыға жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап оның кез келген күнге қатысты сұрауы бойынша зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты тегін беруге, сондай-ақ зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қолжетімділігінің электрондық және өзге де тәсілдерін қамтамасыз етуге міндетті. Ал ақпарат алу тәсілін салымшы өзі таңдайды. Шоттан үзінді-көшірме алудың мынадай тәсілдері бар: 

пошта байланысы арқылы  – жылына бір рет;

таңдап алынған төлем кестесіне сәйкес электрондық пошта арқылы – (ай сайын, үш ай сайын, алты ай сайын, жыл сайын);

БЖЗҚ кеңсесіне тікелей өзі келгенде – бұған шек қойылмайды;

интернет-хабарландыру арқылы (сайт немесе смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы бойынша) – онлайн режимінде – шектеусіз;

enpf.kz сайтына тіркелу жолымен оның «Жеке кабинет» арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар болса egov.kz электрондық үкімет сайты арқылы -  шектеусіз. 

Егер Сіз жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы үзінді-көшірмені дәстүрлі пошта байланысы немесе электрондық пошта арқылы алып келген болсаңыз және ол келмей қалса, бұған тұрғылықты мекенжайыңызды немесе электрондық поштаңызды ауыстырғаныңыз және осы өзгерістер туралы Қорға дер кезінде хабарламағаныңыз себеп болуы мүмкін.    

Егер Сіз зейнетақы шотыңыз жайында үзінді-көшірме алу тәсілін таңдамаған болсаңыз немесе оны интернет байланысы арқылы алғыңыз келсе жеке басыңызды куәландыратын құжатпен жақын жердегі Қор кеңсесіне келіп, хабарлау тәсілі туралы қосымша келісім жасай аласыз. Қор бөлімшелерінің мекенжайлары мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://www.enpf.kz/kz/adresa-i-kontakty/regionalnaya-set/

Электрондық цифрлық қолтаңба бар болса оны Қор сайты арқылы да жасауға болады. Бұл операция бар болғаны бірнеше минутты алады.  

Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты интернет арқылы алу  - қазіргі уақытта өте танымал. Ол үнемді әрі зейнетақы жинақтарын кез келген уақытта онлайн тәртібінде бақылап отыруға мүмкіндік береді.     

Саламатсыз ба! Мен Ресейге көшіп кетіп едім. Бір айдан соң, Алматыға қайтып ораламын. Сондықтан зейнетақы жинақтарымды алудың қандай жолы бар екендігін білгім келеді.  Бұл қанша уақытты алады?

 
  Жауап: Зейнетақы төлемдерін алушы ҚР аумағынан тысқары жерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты зейнетақы төлемдерін алу үшін Қорға жеке өзі келгенде мынадай құжаттарды ұсынады:

1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзге жағдайлар көзделмесе, шетелдік паспорттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;

2) алушының банк шоты туралы мәліметтері.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңы аясында қызмет атқарады. Сондықтан зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі өтінішті қараған кезде мына Қағидаларды басшылыққа алады. Ол:

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидалары».

Соған сәйкес, егер Қазақстан азаматы, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам шетелге көшетін болса, онда ол бірінші кезекте елден кетуге арналған құжаттарды рәсімдейді. Бұл не үшін керек? Бұл Қазақстанда орындамаған (салық, мүлік, сот, мерзімді әскери қызметті өтеу және т. б.) міндеттемелерін анықтау үшін қажет. 

Бұл үшін ол ҚР Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) аумақтық бөлімшелеріне немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚО) барып өтініш жасайды. 

Айта кетейік, Қазақстаннан кетуді рәсімдеуге арналған ақпараттардың барлығын ҚР Ішкі істер министрлігі ҚР Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік дерекқорына жіберіп отырады.

Бұдан кейін шетелге көшетін азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтініш жасайды. Өзі келіп өтініш жасайтын болса: шетелдік паспортының түпнұсқасын, зейнетақы жинақтарын аударатын банк шоты туралы мәліметті ұсынады және өтініш жазады.  

Айта кетелік,  құжаттарды үшінші тұлға (сенім артылған) немесе пошта байланысы арқылы да ұсынуға болады.

Зейнетақы Қоры құжаттарды тексеруге алған соң, өтініш берушінің шетелге көшетіндігін растау үшін Мемлекеттік дерекқорға сауал жібереді. 

Құжаттарға қатысты оң жауап алынса, ескертпелер болмаса, Қор құжаттар қабылданған немесе келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде төлемдерді алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударады. Ал егер құжаттарға қатысты жағымсыз жауап алынса немесе ескертпелер болса, зейнетақы Қоры өтінішті орындаудан бас тартып, алушыға бұл жайында ескертіп, себебін түсіндіреді.   Өкінішке қарай, бүгінде шетелге көшкен немесе көшетін кейбір азаматтар құжаттарды дұрыс рәсімдемейді. Алдымен шетел азаматтығын алып, кейін Қазақстанның азаматтығынан айрылады. Бұл дұрыс емес.

Ең алдымен, Қазақстанға келіп, белгіленген тәртіпте елден кетуге арналған құжаттарды рәсімдеу қажет. Кейін Қазақстан азаматтығынан бас тартуға болады. Бұдан кейін егер зейнетақы жинақтары болса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келіп өтініш жасай алады. 

Құжаттардың барлық тізбесін, оларды рәсімдеу талаптарын, сондай-ақ, өтініш бланкалары мен толтыру үлгілерін «БЖЗҚ» АҚ ресми сайтынан мына сілтеме бойынша таба аласыз:

https://www.enpf.kz/kz/uslugi/pensioneram/poryadok-oformleniya-pensionnykh-vyplat/vyplaty-v-svyazi-s-vyezdom-na-pmzh-za-predely-respubliki-kazakhstan.php

Саламатсыз ба! Мен өзіме зейнетақы шотын ашуым керек еді. Бұған ақша төлеу керек пе? Қандай құжат керек?

 

  Жауап: Зейнетақы шоты тегін ашылады. Міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт  (қосылу шарты) Заңда көзделген құқықтарды, міндеттерді және жауапкершілікті, сондай-ақ  БЖЗҚ мен салымшы (кейіннен зейнетақы төлемдерін алушы) арасындағы құқықтық қатынастардың басқа да ерекшеліктерін бекітеді.

Егер Сіз бұған дейін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаспаған болсаңыз, жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу жөнінде өтінішті толтыруыңыз қажет.

Жеке зейнетақы шоты - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салымшының (зейнетақы төлемдерiн алушының) міндетті зейнетақы жарналары немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары не ерікті зейнетақы жарналары, инвестициялық табысы, өсiмпұл және өзге де түсiмдер есепке алынатын және зейнетақы төлемдері жүргізілетін жеке атаулы шоты.

Салымшы ЖЗШ ашу жөніндегі өтінішті рәсімдеу үшін Қор бөлімшесіне өзі келгенде мынадай құжаттарды ұсынады:

- жеке өзі келгенде – жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа);
- сенім білдірілген тұлға өтініш жасағанда – сенім білдірілген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа), нотариат куәландырған сенімхат не оның нотариат куәландырған көшірмесі, салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі.

Сонымен қатар Сіз ЖЗШ ашу жөніндегі өтінішті мына сілтеме бойынша онлайн тәртібінде рәсімдей аласыз: 

https://www.enpf.kz/kz/uslugi/budushchim-pensioneram/otkrytie-individualnogo-pensionnogo-scheta-ips-za-schet-obyazatelnykh-pensionnykh-vznosov-opv.php

Бұл үшін қолыңызда электрондық цифрлық қолтаңбаның өзекті кілті (ЭЦҚ) болуы керек немесе Қор сайтының Жеке кабинеті Сіз үшін қолжетімді болуы қажет. 
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болғанда оның жинақтары мұрагерлерге қалай беріледі?   Жауап: Зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 31-33 – баптарына сәйкес мұраға қалдырылады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы Қоры қажет жағдайда алдымен оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (биыл ол: 2405*52,4 = 126 022 теңге) жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бірақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс.

Мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілген. Қайтыс болған салымшының зейнетақы жинақтарын алуға қажетті негізгі құжаттардың бірі - мұрагерлік құқығы туралы куәлік.

Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. Заң бойынша, мұрагерлікті қабылдау туралы өтініш, мұраға қалдырушы қайтыс болғаннан кейін 6 айдан кешіктірілмей берілуі тиіс. Егер уақыт өтіп кетсе, онда сотқа жүгінуге тура келеді.

Барлық зейнетақы шоттарындағы жинақтар мерзімсіз сақталады. Салымшылар қайтыс болған жағдайда мұрагерлеріне беріледі. Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алуға арналған құжаттардың толық тізімі Қопрдың www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» айдарының «Алушыларға» деп аталатын бөлімінде орналастырылған.

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй үшін бастапқы жарна төлеу үшін алуға бола ма? Біз жас отбасымыз. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекаға үй алуға мүмкіндігіміз бар. Қазір пәтер жалдап тұрамыз.      Жауап: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тек заң аясында ғана қызмет атқарады. Сәйкесінше «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі мерзiмсiз болып белгiленген жандарға төленеді. 

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

Яғни, ағымдағы заңда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебінен несиені өтеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкіндіктері қарастырылмаған.

Жалпы, Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі тұрақты түрде дамып келеді. Салымшылардың сауалдары мен өтініштеріне сараптама, ал зейнетақы жарналарына мониторинг жүргізілуде. Актуарлық есептемелер жасалып, әлемдік тәжірибелерге талдау жүргізіліп жатыр. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы әңгіме қозғауға әлі ерте.

Салымшы (алымшы) ЖЗШ-ның жай-күйі туралы ақпаратты қандай жиілікпен ала алады?  

  БЖЗҚ салымшыға (алымшыға) оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты кем дегенде жылына бір рет, сондай-ақ, оның сұрауы бойынша кез-келген күні, төлемақы ұстамай, яғни тегін беруі тиіс. Сонымен қатар, оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа электрондық және басқа да   хабарландыру әдістеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті. 

Зейнетақы жинақтары туралы ақпарат салымшыға (алымшыға) ол таңдаған хабарландыру әдісімен жүргізіледі. Бұл үшін алымшы (салымшы) келесі хабарландыру әдістерінің бірін таңдауы тиіс:

БЖЗҚ  кеңсесіне жеке өзі келген жағдайда немесе интернет арқылы байланысқа шыққан болса, салымшылардың  (алымшылардың) қанша рет ақпарат сұратуына шек қойылмаған;

ЖЗШ ашуға жазылған арыздың реквизиттерінде немесе ақпараттандыру әдісін өзгерту/таңдау туралы қосымша келісімде көрсетілген электрондық поштаның мекен-жайына ақпарат таңдалып алынған әдіс бойынша (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда, бір жылда) бір мәрте;

пошта байланысы арқылы – жылына бір мәрте; 

интеренет-ақпараттандыру – онлайн режимінде; ақпараттандырудың бұл әдісі арқылы жеке зейнетақы шоты бойынша enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы ғана емес, смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF мобильді қосымшасы арқылы да ақпарат алуға болады. Сонымен қатар, жеке зейнетақы шоты туралы электрондық үкіметтің сайтындағы «Әлеуметтік қамсыздандыру» - «БЖЗҚ-ның зейнетақы шотынан үзінді-көшірме» бөлімінен ҚР электрондық үкімет порталында тіркеліп, электрондық сандық қолтаңба (ЭСҚ) болған жағдайда алуға болады. 

Салымшы (алымшы) мекен-жайы өзгерген жағдайда бұл туралы БЖЗҚ-ын ескертуге міндетті ме?     2013 жылдың  21 маусымында қабылданған № 105-V «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңының 39 бабы 4 тармағы 1) тармақшасына сәйкес,  міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын салушылар мен БЖЗҚ-ның алымшылары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпке сай БЖЗҚ-ны Қор міндеттемелерін орындауға әсер ететін барлық өзгерістер туралы бұл өзгерістер туындаған сәттен бастап он күнтізбелік күн ішінде ескертуі тиіс.

Оларға салымшы  тиісті құлақтандыру тәсілін таңдаған болса, электрондық және пошта мекен-жайы жатады.

Пошта мекен-жайының өзгергені туралы, егер Сіз «пошта арқылы» деген зейнетақы салымдары туралы құлақтандыру әдісін таңдаған болсаңыз, БЖЗҚ-на жеке өзіңіз барып немесе пошта байланысы арқылы, аты—жөніңіз, тегіңіз, туған жыл, ай-күніңіз, жеке идентификациялық номеріңіз (ЖИН) көрсетілген, жеке куәлігіңіздің көшірмесі салынған хабарлама арқылы ескерте аласыз.  

2) Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімде немесе ақпараттандыру әдісін белгілеу/өзгерту туралы қосымша келісімде ақпараттандыру әдісі ретінде «электрондық пошта (e-mail)» деп көрсеткен болсаңыз, осы  электрондық мекен-жай өзгерген жағдайда,  бұл туралы Қорды   ескертуіңіз керек. Көңіл аударатын жәйт, Сіз электрондық мекен-жайыңыздың өзгергені туралы тек ЖЗБҚ офисіне өзіңіз барып қана ескертуіңізге болады. 

Егер салымшы (алымшы) өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін тұрғылықты мекен-жайын өзгертіп, бұл туралы Қорды ескертпеген болса, 2017 жылға пошта арқылы жіберілген үзінді-көшірме БЖЗҚ-ға қайтып келеді. Сонымен қатар, қазіргі заңға сәйкес, БЖЗҚ келесі жылы үзінді-көшірмені пошта арқылы жөнелтпеуге қақылы. 

Егер ағымдағы жылдың 1 қаңтарына салымшының (алымшының)  тиісті жылдың 1 қаңтарына ЖЗШ-да қаржысы болмаса немесе оны құлақтандыру әдісі туралы тиісті келісім жасалмаса, БЖЗҚ оны зейнетақы жинақтау шотының жай-күйі туралы құлақтандырмауға қақылы.  БЖЗҚ мамандары салымшыларға өздерінің жеке мәліметтерін жаңартып, және/немесе құлақтандырудың жаңа әдісін таңдау үшін Қордың жеке қызмет көрсету орталықтарына баруға кеңес береді.  

БЖЗҚ офисіне бармай –ақ реквизиттердегі мекен-жайды өзгертуге бола ма?     БЖЗҚ  2017 жылы өзінің электрондық қызмет көрсету жүйесін кеңейтіп, салымшыларға Қор сайтындағы жеке кабинеті арқылы реквизиттеріне өзгеріс енгізуге мүмкіндік берді. Енді БЖЗҚ-ың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелген   реквизиттеріңіздің (жеке куәлігіңіз туралы ақпараттың, тұрғылықты жеріңіздің мекен-жайын, электрондық мекен-жайыңыз (e-mail), телефон номерлері)   өзектілігін өз беттеріңізше тексеріп, қажет жағдайда өзгерістер және (немесе) түзетулер  енгізе аласыздар. Бұл үшін электрондық сандық қолтаңбаның өзекті кілті болуы тиіс.  Ол үшін БЖЗҚ сайтындағы «Электрондық сервистер» атты бөлімге кіріп, «Реквизиттерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу» атты электрондық қызметке жүгініп, тиісті өзерістерді енгізу қажет. 
Егер зейнетақы қорымен келісім жеке куәлік негізінде жасалған болса,  ақпараттандыру әдісін өзгерту туралы қосымша келісімге қол қойған кезде ҚР азаматының төлқұжатын пайдалануға бола ма?    Иә, ҚР азаматының төлқұжатын ақпараттандыру әдісін өзгерту/ белгілеу туралы қосымша келісім–шартты жасау үшін қолдануға болады. Айта кетерлігі, салымшының (алымшының) негізгі реквизиттерін идентификациялау әкесінің аты туралы мағлұматты есепке алмай жүргізіледі. Себебі бұған дейін негізге алынған басқа құжаттарда (жеке куәлік, тұруға рұқсат туралы құжаттарда бұл мәлімет  белгіленеді, ал төлқұжатта белгіленбейді).
ЖЗШ-да қалған қаржы және олардың қозғалыстары туралы есеп туралы анықтаманы кім талап ете алады?    Зейнетақы жинақтары туралы құпияны зейнетақы жарналарын аударып жүрген салымшыға, алымшыға немесе кез-келген үшінші тұлғаға тек салымшының (алымшының) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсімделген жазбаша келісімі арқылы ғана беріле алады. 

ЖЗШ қалған қаржы және олардың қозғалыстары туралы есеп туралы анықтама:    

алдын-ала анықтау және алдын-ала тергеу органдарына олардың өндірісіндегі қылмыстық істерге қатысты; 

соттарға – сот ұйғарымы бойынша  олардың өндірісіндегі істерге қатысты; 

сот орындаушыларына – сот санкциясы бойынша сот орындаушысының қаулысы негізінде олардың өндірісіндегі атқару құжаттары негізінде; 

мемлекеттік кіріс органдарына – тексеріліп жатқан тұлғаның  міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын есептеу, ұстау, төлеу  сұрақтарына байланысты; 

5) өкілетті органға – салымшының (алымшының) арызына немесе өкілетті органның Бірыңғай жинақтаушы зенйнетақы қорының, Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысын тексеруіне байланысты   туындаған мәселелерге қатысты; 

прокурорға  -  қарауындағы материалға қатысты оның өкілеттігінің аясында тексеру жүргізу туралы Қаулыға сәйкес;   

7) қаржылық мониторинг жөніндегі өкілетті органға –  «Қылмыстық жолмен алынған  табыстарды (кірістерді) жариялауға және терроризмді қаржыландыруға қарсы тұру мәселелері   туралы» ҚР Заңында көрсетілген мақсаттарда және тәріпте; 

8) салымшының (алымшының) өкілдеріне – нотариалды бекітілген сенімхат немесе сот шешімінің негізінде; 

9) Орталыққа – міндетті зейнетақы қорлары, кәсіби міндетті зейнетақы қорлары бойынша салымшылардың (алымшылардың) мәліметтер базасын жасау және міндетті зейнетақы жарналары, кәсіби міндетті зейнетақы жарналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында сақталуын, салымшының зейнетақы төлемдеріне құқын алу сәтіне нақты салымдарының инфляция деңгейін ескере отырып, қамтамасыз ету мақсатында; 

10) орталық атқарушы органға – салымшы (алымшының) арызына байланысты туындаған сұрақтарға орай; 

11) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына жыл сайын аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға;  

12) Халыққа қызмет ету орталықтарына – салымшыға (алымшыға) немесе оның  арызы бойынша, олардың өкіліне нотариалды бекітілген сенімхат бойынша немесе сот шешімі бойынша.

Сонымен қатар, жеке зейнетақы шотының бар екендігі туралы, ондағы қаражат қозғалысы туралы анықтама салымшы (алымшы) қайтыс болған жағдайда, өсиетхатта көрсетілген тұлғаларға олардың жазбаша арызы бойынша, соттарға  - олардың өндірісіндегі мұрагерлік туралы істер бойынша беріледі.   

Зейнетақы жүйесінің деңгейлері туралы әңгімелеп берсеңіз, базалық және ортақ зейнетақы дегеніміз не? Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

  Бүгінде Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Олар:

1) мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына (еңбек өтіліне) байланысты ортақ зейнетақы;

2) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына негізделген міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі;

3) ерікті зейнетақы жарналарына негізделген жинақтаушы жүйе.

Алғашқы деңгей бойынша ортақ зейнетақы - ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген жүйе. Келешекте ол біртіндеп азайып, 2040 жылдары мүлдем тоқтатылады. Өйткені, ортақ зейнетақыны алу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі кемінде 6 ай болуы керек.

Базалық зейнетақы да ортақ зейнетақы секілді мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленеді. Алайда 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бұл ретте оны тағайындауда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады.

Екінші деңгей бойынша міндетті зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 10 пайызын құрайды. Бұл жарналарды зейнетақы Қорына жұмыс берушілер аударады. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды. Осы жарналардың есебінен қалыптасқан жинақтар салымшының меншігі болып табылады және мұраға қалдырылады.

2020 жылдан бастап жарналардың жаңа түрі - жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланған. Бұл жарналардың көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды.

Үшінші деңгей бойынша ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері және төлеу тәртібі салымшы мен Қордың өзара келісімі бойынша белгіленеді. Бұл  жарналар арқылы салымшы өз жинақтарын елеулі түрде көбейте алады. Осылайша Қазақстанда бірегей зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Бұл ретте болашақ зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үлестірілген.

Менің туған жылым - 1988 жыл. Мен ортақ зейнетақыға үміт арта аламын ба?

  «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11 бабына сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтардың ортақ зейнетақы алуға құқығы бар. 1998 жылы Сіз 10 жаста болғансыз. Сәйкесінше еңбек өтіліңіз болмағандықтан ортақ зейнетақы ала алмайсыз. Оның орнына базалық және жинақтаушы зейнетақы алатын боласыз. Биыл базалық зейнетақының мөлшері - 25 274 теңге. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан бірдей мөлшерде төленеді. Алайда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеудің жаңа әдістемесі қолданылады. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Соған сәйкес зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайтын болады. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады (биыл оның көлемі - 28 284 теңге) және одан асырылмайды.

2040 жылдары зейнеткерлікке шығатын азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Өйткені, оларда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болмайды. Сондықтан қазіргі жастар үшін Қорға міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұру өте маңызды.

Бұл үшін ресми түрде жұмысқа орналасып, еңбек қатынасын заңдастыру қажет. Сөйтіп, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аударып отыруын қадағалап отырған жөн. Қордағы зейнетақы жинақтарының қомақты болуы жарналардың көлеміне және жиілігіне тікелей байланысты. Ал жалақысын бейресми түрде «конвертпен» алатындардың болашақта алатын зейнетақысының мөлшері тым аз болуы мүмкін. Өйткені, Қорға бірде-бір жарна аудармай зейнеткерлікке шығатын  азаматтар тек базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Сондықтан болашақта лайықты зейнетақы алу үшін осы бастан қамданып, зейнетақы Қорына міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұрған абзал.

Ерікті зейнетақы жарналары туралы естідім. Оларды кім төлей алады? Бұл үшін қандай құжаттар керек?

  Салымшылар мен алушылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарынан басқа ерікті зейнетақы жарналарын да аудара алады. Ерiктi зейнетақы жарналары - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымшылардың өз бастамасы бойынша салатын ақшасы. Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен төлейді және өз атына немесе үшінші бір тұлғаның атына аудара алады. Бұл ретте заңды тұлғалар да жеке тұлғалардың, яғни өз жұмыскерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Мұны көп жағдайда өздерінің қол астындағы мамандарын еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды.

Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді. Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт БЖЗҚ мен салымшы арасында жазбаша түрде жасалады және қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Шарт жасасу Қорға салымшы (алушы) жеке өзі келгенде жүзеге асырылады. Егер шарт үшінші тұлғаның пайдасына жасалатын болса алушы да Қорға келуі тиіс. Бұл ретте салымшының (алушының) заңды өкілі немесе оның орнына нотариат куәландырған сенімхат негізінде сенім білдірілген тұлға өтініш бере алады. Өз пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарын аудару үшін салымшы (алушы) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа) тапсырса, үшінші адамның пайдасына шарт жасау үшін алушы да екеуі жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа және көшірме) тапсырады. Заңды тұлғалар үшінші адамның пайдасына шарт жасасу үшін тиісті құжаттар топтамасын ұсынады. Кәмелетке толмаған тұлғалар да ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады. Бұл ретте шарта кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкілі қол қояды.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен және кету ниетiн немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.

Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

Жұмыс беруші қандай жағдайда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті?

  Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жұмыскердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Бұл жарналарды жұмыс берушілер еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен төлейді.

Еңбек жағдайлары зиянды кәсіптер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекітілген Тізбеде көрсетілген. Егер, еңбек өнімділігі жақсарып, денсаулыққа зиянды жағдайлар жойылатын болса және ол өндірістік нысандарды аттестаттау нәтижесімен расталса, жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

Жұмыскер жалақы алғанына қарамастан жұмыс беруші уақтылы ұстап қалмаған (есепке жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе агент оларды уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әрбір күн үшін (Мемлекеттік корпорацияға төлеу күнін қоса алғанда) есепке жазылған өсімпұлмен бірге жұмыскерлердің пайдасына аударуға тиіс.

Мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы толығырақ әңгімелеп берсеңіз. Бұл жарналар қашан енгізіледі?   2020 жылдан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланып отыр. Соған сәйкес, барлық отандық жұмыс берушілер еңбек жағдайларына қарамастан өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық жалақысының 5 пайызын зейнетақы Қорына аударып отырады. 

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыс берушінің ұсынған тізімі бойынша әрбір жұмыскердің атына шартты зейнетақы шоты ашылады. Ондағы жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын төленіп отырады. Бұл төлемдер шартты-жинақтаушы жүйедегі жинақталған қаржыны салымшылар арасында қайта бөлу, үлестіру арқылы жүзеге асырылады.

Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар зейнеткерлікке шыққан жандарға, сондай-ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Бірақ бұл үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары олардың шартты зейнетақы шотына кемінде 60 ай (5 жыл) тұрақты түрде аударылған болуы керек. Сәйкесінше алғашқы төлемдер 2025 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды.  

Зейнетақы шотынан үзінді-көшірмені салымшылар мен алушыларға жылына бір рет конвертпен жіберудің не қажеті бар? Мүмкін жаппай электрондық хабарлау тәсіліне ауысатын уақыт келген шығар?  

Цифрландыру үдерісі қазақстандықтардың өмірінің барлық саласын қамтитыны сөзсіз. БЖЗҚ бұл мәселеге ерекше көңіл бөледі. 2017 жылы ақпарат алудың электрондық тәсілі таңдалған жеке зейнетақы шоттарының саны 2016 жылмен салыстырғанда 1,9 млн бірлікке немесе 66 пайызға артты. Сөйтіп, 2018 жылдың 1 қаңтарына қарай шамамен 4,7 млн бірлікті құрады. Нақты айтар болсақ, шамамен 0,8 млн адам үзінді-көшірмені электрондық мекенжайға алатын болса, 3,9 млн адам  ақпаратты Қор сайты немесе әр түрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алу мүмкіндігіне ие болды. Бір жыл ішінде ұялы қосымшаны жүктеп алу саны 2,4 есеге артып, 1,2 млн бірлікті құрады.

2018 жылдың 1 сәуіріне қарай 5 миллионнан астам адам зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алудың электрондық тәсілін таңдады. Оның ішінде 823 мыңнан астам адам үзінді-көшірмені электрондық мекенжайға алатын болса, 4,2 миллионнан астам адам бұл үшін Қор сайтын немесе ұялы қосымшасын пайдаланады. Осылайша, ақпарат алудың электрондық тәсілін таңдайтындар саны күннен-күнге артып келеді. Бірақ БЖЗҚ салымшылар мен алушыларға зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат берудің барлық тәсілі бойынша қызмет көрсетуге дайын. Өйткені көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету - Қордың басты міндеттерінің бірі. 

Зейнетақы Қорынан қандай электрондық қызметтерді алуға болады?  

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап салымшылар мен алушыларға Қор кеңселеріне келмей-ақ негізгі қызметтерді пайдалануға мүмкіндік беретін электрондық сервистерді енгізді. Олардың ішінде міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу, сондай-ақ, зейнеткерлік жасқа толған кезде немесе 1-ші және 2-ші топтардағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленген жағдайда зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру мүмкіндіктерін атауға болады.   

Электрондық байланыс арналары арқылы көрсетілетін қызметтердің үлес салмағы 2017 жылы 45 пайыздан 52 пайызға дейін өсті. Жоспар бойынша бұл 47 пайыз болатын.

Салымшылар мен алушылар Қордың зейнетақы қызметтеріне өз бетімен қол жеткізе алулары үшін өзіне-өзі қызмет көрсету терминалымен жұмыс істеу бойынша арнайы сервис әзірленді. 2017 жылдың 4-ші тоқсанында Қордың барлық 18 филиалында өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылды. Осы заманауи технология арқылы салымшылар мен алушылар енді зейнетақы шотын ашудан бастап, зейнетақы төлемдерін тағайындауға дейінгі барлық дерлік электрондық қызметтерді пайдалана алады.   

Зейнетақы Қоры халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, олардың ішінде әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөледі. Осылайша, 2017 жылы «Мобильдік кеңсе» жобасы аясында 2016 жылға қарағанда 6,5 есе көп операция жүзеге асырылды. 2017 жылы Қор қызметтерін тұтынушылардың тұрғылықты жері бойынша 7,1 мың көшпелі шара өткізіліп, 189,5 мың операция жасалды.

2018 жылдың 1 сәуіріне қарай Қор сайтында электрондық сервистер іске қосылғалы бері оларды 20 мыңға жуық (нақты: 19 194) адам пайдаланып үлгерді. Олардың ішінде 2298 салымшы онлайн тәртібінде жеке зейнетақы шотын ашса, 987 алушы зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш берген. Сондай-ақ 11 754 адам жеке деректемелеріне өзгерістер енгізсе, шамамен 4155 салымшы зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет байланысы арқылы алуға ауыстырған.

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізерде Чили елінің моделі негізге алынғаны белгілі. Бұл ретте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі қалай тексеріледі? Ол халықаралық стандарттарға сай ма?

  «БЖЗҚ» АҚ өз қызметінде ашықтық қағидасын ұстанады. Қорда жыл сайын тәуелсіз сарапшылардың күшімен сыртқы аудит жүргізіледі. 

2018 жылдың наурыз айында «БЖЗҚ» АҚ Сапа Менеджменті Жүйесі бойынша (СМЖ) сертификациялық аудиттен сәтті өтті. Мақсат – оның ISO 9001:2015 халықаралық стандартының зейнетақы қызметтерін көрсету саласындағы талаптарына сәйкестігін растау. Аудитті алдыңғы қатарлы TÜV Thüringen e.V (ТЮФ Тюринген, Германия) еуропалық компаниясының халықаралық аудиторлары жүргізді. Аудит барысында TÜV Thüringen e.V. сарапшылары БЖЗҚ-ның Сапа менеджменті жүйесі толық көлемде нәтижелі екендігін, Қорда оны лайықты деңгейде қолдауға және одан әрі дамытуға барлық жағдай жасалғандығын атап өтті. Сондай-ақ, қорытынды есептемеде TÜV Thüringen e.V. аудиторлары БЖЗҚ-ның ISO 9001 негізінде Сапа Менеджменті Жүйесін енгізуге және оны тұрақты қолдауға, Қордың инфрақұрылымын жақсартуға және IT-технологияларды кеңінен пайдалануға ұмтылып жатқандығын көрсетті. Бұл ретте IT-технологиялар ішкі бизнес-үдерістерді, сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігі мен құзыреттілігін айқындау үшін де қолданылады.                

Одан басқа, БЖЗҚ-ға әр түрлі байланыс арналары арқылы келіп түсетін өтініштерді талдауда заманауи бағалау әдістемелері қолданылатындығын айта кеткен жөн. Тәуелсіз аудиторлар бұл механизмді жоғары бағалады. Мысалы, 2017 жылы қашықтықтан байланыс жасау арналары - байланыс орталығы, Қор сайтындағы «Кері байланыс» және «Онлайн чат» нысаны арқылы, қағаз жүзінде, «Пікірлер мен ұсыныстар кітабы» және әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан Қорға 405 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оларға 1-3 күн ішінде жауаптар қайтарылды.

Аудит нәтижесі бойынша ISO 9001:2015 стандартының талаптарына қатысты бірде-бір сәйкессіздік, ауытқушылық анықталған жоқ. Соның арқасында «БЖЗҚ» АҚ TÜV Thüringen e.V. компаниясынан халықаралық сертификат алды. Сертификат алғанға дейін Қорда сапа менеджменті жүйесін қалыптастыру және енгізу бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Халықаралық стандарттарға сәйкестігімізді растау – біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді. Салымшылар мен алушыларға лайықты дәрежеде қызмет көрсете отырып, олардың ризашылығына ие болу біз үшін өте маңызды. Қол жеткізілген нәтижелер – бұл көрсетілетін қызметтерді дамыту және олардың сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бір көрінісі. Қолданыстағы Сапа менеджменті жүйесі бизнес-үдерістердің тиімділігін және Қордың ашықтығын арттырады.

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері Латын Америкасы елдеріне инвестицияланғанын естідім. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Табыстылық бойынша қандай мәлімет бере аласыздар? 

  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін дербес басқару аясында арнайы механизм әзірледі. Ол макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау негізінде инвестициялық жағынан тартымды елдерді таңдауға мүмкіндік береді. Ал бұл елдер JPMorgan және Merrill Lynch компанялары әзірлеген және қадағалайтын, дамушы елдер облигацияларының ғаламдық индексіне енген. 2017 жылы зейнетақы активтерін инвестициялау мақсатында жүргізілген талдау нәтижесінде тұрақты макроэкономикалық көрсеткіштерге және кредиттік рейтингтерге ие 11 дамушы ел таңдап алынды. Олар Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы және Шығыс Еуропа аймақтарындағы мемлекеттер.

2017 жылдың қарашасында Ұлттық Банк зейнетақы активтерін Бразилия, Мексика, Чили, Перу, Польша, Индонезия және басқа да дамушы елдер Үкіметінің АҚШ долларында номинирленген мемлекеттік бағалы қағаздарына кезең-кезеңмен инвестициялау шараларын қолға алды. 

2018 жылдың 1 сәуіріне қарай зейнетақы активтерінің 73,29 пайыздан астамы рейтингі «ААА» -дан «BBB-»-ға дейін болатын, тәуекелі ең төмен қаржы құралдарына, ал 15,58 пайызы ұстамды дәрежедегі тәуекелі бар (рейтингі «ВВ+» -тен «В-») қаржы құралдарына орналастырылды. 2017 жылы БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 550,6 млрд теңге болды. Бұл ретте Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайызды құрады. Ал бұл кезеңде инфляция деңгейі 7,1 пайыз болғаны белгілі.   

Табыстылық деңгейі зейнетақы активтерін біріктіру кезеңінен (2014 ж.) бастап, 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта орта есеппен инфляция деңгейінен жоғары болды. Бұл кезеңде зейнетақы активтерінің табыстылығы 43,24 пайызды, ал инфляция деңгейі 41,76 пайызды құрады. Қосымша айта кетелік, бизнес-үдерістерді оңтайландыру, тиімсіз шығындарды қысқарту, жаңа электрондық қызметтерді енгізу және олардың үлесін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстар Қорға зейнетақы активтерінен алынатын комиссиялық сыйақының шамасын 2018 жылға айына 0,0225 пайыздан 0,015 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Осылайша, 2018 жылы зейнетақы активтерінен алынатын комиссиялық сыйақының шамасы 33 пайызға азайтылады. 

БЖЗҚ сайтында зейнетақы калькуляторы орналасқан. Салымшылар мен алушылар оны қаншалықты жиі пайдаланады?

  Тұрғындар арасында дербес зейнетақы жоспарын жасау мәденитін қалыптастыру мақсатында Қор сайтында зейнетақы калькуляторы орналастырылды. Сол арқылы салымшылар өздерінің болашақ зейнетақысын болжамды түрде есептей алады. 2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясына сәйкес, БЖЗҚ зейнетақыны дербес жоспарлау бойынша әрбір салымшы үшін кәсіпқой кеңесшіге айналуы тиіс. Осы міндеттерді орындау үшін 2018 жылы сәуірде Қор дербес кеңес беру қызметін іске қосты. Осы қызмет аясында жеке және корпоративтік зейнетақы калькуляторы қолданылады.  

«БЖЗҚ» АҚ филиалдары екі апта ішінде (2-14 сәуір аралығы) зейнетақыны жоспарлау мәселелері бойынша 8 728 ақыл-кеңес өткізді. Бұл ретте консультациялардың басым бөлігі Алматы қалалық филиалы (1 860) мен Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында (1 491) өткізілді. 

2017 жылы enpf.kz сайтын ашып қарау саны 20,8 миллион бірліктен асты.

2018 жылы сапалы қызмет көрсетуден басқа, Қор алдына тұрғындар арасында зейнетақыны жоспарлау мәдениетін дамыту мақсаты қойылды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қазақстандықтардың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру қажет.

Мен екі айдан кейін зейнеткерлікке шығамын. Биыл зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы естідім. Осы туралы толығырақ білгім келеді. Мен зейнетақыны қалай аламын?     2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен құралған зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылып жатыр.

Бұл ретте зейнетақы төлемдерін алушы алғаш рет өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл ең төмен зейнетақының мөлшері: 33 745 теңге. Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 404 940 теңге.

БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемдерді есептеу үшін зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенттері қолданылады. Коэффициенттер кестесі тұрақты шама және ол ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

Ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері алушының жасына, сондай-ақ оның жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты болады. Алушының жасына сәйкес зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Одан шыққан сома – айлық зейнетақы болып табылады.  

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Сіздің ай сайын алатын зейнетақы төлемдеріңіз былайша есептеледі: алушының зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы оның тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіледі (мысалы 63 жаста ол - 0,10467 санын құрайды). Шыққан сома 12-ге бөлінеді. Одан алынған сома Сіздің тиісті күнтізбелік жылдағы айлық зейнетақыңыз болып табылады. 

Еске сала кетелік, БЖЗҚ-ның www.enpf.kz ресми сайтында зейнетақы калькуляторы орналастырылған. Сол арқылы болашақта алатын ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің шамасын болжамды түрде есептеп шығаруға болады.

Мен зейнеткерлікке шыққан кезде қандай да бір өтемақы берілетіндігін естідім. Шындығында солай ма?   Бұл жерде әңгіме мемлекеттік кепілдік бойынша республикалық бюджет есебінен берілетін бір жолғы өтемақы жайында болып отыр. Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған шақта мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып, Қордағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепілдік береді.

БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасынан артық немесе оған тең болғанда -

айырма төлемі жүзеге асырылмайды және уәкілетті орган айырма төлемін тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Ал егер зейнетақы жинақтарының сомасы нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасынан төмен болған жағдайда – Мемлекеттік корпорация бір жұмыс күні ішінде айырма төлемі сомасын есептейді.

Айырма төлемін алуға зейнеткерлік жасқа толған азаматтар да құқылы.   

Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма сомасын есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КЕАҚ) филиалы (бұрынғы Зейнетақы төлемдері жөніндегі мемлекеттік орталық) жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтары бойынша бір жолғы төлемді алу үшін осы ұйымға жүгініп, тиісті өтінішті толтыру қажет.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнетақы төлемдері БЖЗҚ-дан ай сайын төленеді. Бұл барлық зейнеткерлерге қатысты ма әлде тек 2018 жылдан бастап шығатын азаматтарға ғана қатысты ма? Мен зейнеткерлікке 2017 жылы 23 шілдеде шықтым және бір жылдық төлемді алдым. Енді зейнетақыны биыл қалай аламын?         2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылады. Зейнетақы заңнамасына енгізілген бұл өзгерістер 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. Бұл өзгерістер зейнетақы төлемдерін 2018 жылдан бастап алатын азаматтарға ғана тиесілі.  

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеген зейнеткерлер үшін төлем кестесі өзгеріссіз қалады. Олар үшін зейнетақы төлемдерін алу кезеңділігі (ай сайын, үш ай сайын, жыл сайын) және 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесі сақталады.     

Бірақ егер қаласаңыз ай сайынғы төлем кестесіне ауыса аласыз.     

Зейнетақы төлемдерін ай сайын төлеу халықаралық стандартқа сәйкес келеді.

Зейнетақы төлемдері бір жолғы төлем ретінде ала салып, жұмсай салатын ақша емес. Ол зейнеткерлердің күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған.       

Төлем кестесін өзгерту үшін Сіз БЖЗҚ-ның жергілікті кеңсесіне жүгіне аласыз. Қор бөлімшелерінің мекенжайларын www.enpf.kz. сайтынан көруге болады.

Енгізілген өзгерістердің ерікті зейнетақы жарналарына қатысы бар ма? Ерікті жинақтарды қандай жағдайда алуға болады?     БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ай сайын жүзеге асыру тәртібіне қатысты заңнамалық өзгерістер МЗЖ және МКЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарына ғана тиесілі.     

Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу тәртiбi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 33-бабына сәйкес ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен және кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сәйкес құжаттар пакеті ұсынылған соң, БЖЗҚ құжаттар қабылданған немесе келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады. 

БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай, қажетті құжаттардың маңызды тізбесі, оларды рәсімдеуге қатысты талаптар, сондай-ақ өтініштер бланкасы, төлем валютасының түріне қарай оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгілері БЖЗҚ-ның  www.enpf.kz веб-сайтында орналастырылған.   

Зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты қалай алуға болады?   Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ақысыз түрде зейнетақы жинақтарының көлемі, жай-күйі туралы ақпарат берудің бірнеше тәсілін ұсынады.   

Нақты айтар болсақ салымшы: 

- зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпаратты Қор кеңсесіне тікелей өзі келгенде (Қордың 218 дербес қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді);

- пошта байланысы арқылы (үзінді-көшірме салынған конверт әр жылдың басында салымшының Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтінішінде көрсетілген мекенжайына жолданады);

 - электрондық пошта арқылы (оны таңдаған кезде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат салымшының шот ашу туралы өтінішінде немесе хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімде көрсеткен электрондық поштасына (таңдауына қарай: ай сайын, үш ай сайын, жарты жылда бір рет) жолданады);  

- және логин мен құпия сөзді (пароль) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, www.enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» - «Жеке кабинет» бөлімі, www.e-gov.kz сайтының «Әлеуметтік қамтамасыз ету» - «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» бөлімі, сондай-ақ «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы ала алады.

Салымшы осы тәсілдердің ішінен өзіне ыңғайлысын таңдайды. Бірақ, олардың ішінде зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты интернет байланысы арқылы алу өте қолайлы. Ол салымшылар мен алушылардың арасында кеңінен танымал болып жатыр. Өйткені ол ақпаратты кез келген уақытта, кез келген жерде біліп отыруға мүмкіндік береді.

Егер бұған дейін зейнетақы шотыңыз туралы ақпаратты конвертпен алып келген болсаңыз, басқа тәсілді, оның ішінде интернет байланысын таңдаған жағдайда жеке басыңызды куәландыратын құжатпен Қордың жергілікті бөлімшесіне бір рет барып өтініш берсеңіз болғаны. Сол жерде ұялы телефоныңызға «ENPF» ұялы қосымшасын да жүктеп аласыз. Әрине ұялы телефон Wi-Fi интернет желісіне жалғанған болуы тиіс.

Үзінді-көшірмені кез келген кезең бойынша (бір күннен бастап бірнеше жылға дейінгі аралық) таңдауға болады.

Бүгінде логин ретінде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізуге рұқсат етілген. Электрондық цифрлық қолтаңба Халыққа қызмет көрсету орталығынан беріледі.

Ұялы қосымшада анықтамалық ақпараттар, яғни, филиалдардың мекенжайлары, қордың көрсеткіштері және басқа да маңызды жаңалықтар бар. «ENPF» ұялы қосымшасын барлық операциялық жүйелерге, кез-келген смартфонға тегін жүктеуге болады.

2018 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақының өсетіндігін естідім. Осы туралы білгім келеді. Тағы бір сұрақ, биыл Қазақстанда ең төмен және орташа зейнетақының мөлшері қандай?

 

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен екі түрлі зейнетақы төленеді. Бірі - ортақ (еңбек) зейнетақы болса, екіншісі - базалық зейнетақы. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ортақ зейнетақы 8 пайызға, ал базалық зейнетақы 6 пайызға өсті. Осылайша, базалық зейнетақыны ескере отырып айтар болсақ, қазіргі таңда елімізде ең төмен зейнетақы 40 019 теңгені, ал орташа зейнетақы мөлшері 71 333 теңгені құрайды. Бұл өзгеріс барлық зейнеткерлерге тиесілі.     

Сонымен қатар, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы жаңа әдістемемен есептелетін болады. Яғни, енді базалық зейнетақыны тағайындағанда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі жылдардағы еңбек өтілі толық ескеріледі. Яғни, еңбек өтілі жоғары болған сайын, базалық зейнетақының мөлшері де ұлғая түседі деген сөз.      

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда базалық зейнетақы қалай есептелетін болады? 

  Бүгінде базалық зейнетақы зейнеткерлікке шыққан әрбір азаматқа еңбек өтілі мен айлық табысы және зейнетақы жинағының көлеміне қарамастан өмір бойына бірдей мөлшерде тағайындалып келеді. Оның мөлшері қазір 15 274 теңгені құрайды (ең төмен күнкөріс деңгейінен сәл жоғары) және ол жыл сайын өсіп отырады.

Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап оның мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан бастап 100 пайызына дейін артатын болады.

Жаңа әдістеме бойынша 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі жылдардағы еңбек өтілі толығымен ескеріледі.

Егер зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі жоқ немесе 10 жылға дейін болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды. Оның көлемі биыл - 28 284 теңге.

Мысалы, 2017 жылы базалық зейнетақының мөлшері 14 466 теңге болды. Ал  2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 14 284 теңгені құрады (базалық зейнетақы 6 пайызға өсті). Енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап ол, еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған жағдайда 28 284 теңгеге дейін ұлғаяды.  

Базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа толған барлық азаматтар үшін қайта есептеледі. Ал зейнетақы алып жүрген азаматтар үшін базалық зейнетақыны қайта есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін қосымша құжаттар ұсынудың қажеті жоқ. Жарналардың төленуі жайында барлық деректер бірыңғай ақпараттық жүйеде бар.   

2018 жылдың 1 шілдесінен кейін зейнетке шығатын азаматтар ғана 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі туралы мәліметтер ұсынулары тиіс.  

Мен екі жылдан кейін зейнеткерлікке шығамын. Ай сайынғы төлемді қалай есептеуге болады?    Ай сайынғы төлемдерді есептеу үшін зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті қолданылады. Оның көлемі қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығына байланысты есептеледі. Ол тұрақты шама. 

Коэффициенттер кестесі ҚР Үкіметі қаулысымен бекітілген.

Зейнеткерлер кестеге сәйкес, жыл сайын зейнетақы жинақтарының тек бір бөлігін ғана ала алады. Сондықтан, коэффициенттің шамасы қашанда 1-ден төмен болады. 

Осылайша, алушының жасына қарай зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Одан шыққан сома – БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлем болып табылады.  

Ай сайынғы төлемдердің сомасы алушының жасына және жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты болады.

Зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомаларының келесі кестеге сәйкес алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісі ретінде есептеледі:

Алушының жасы

Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті

58

 0,09421

59

 0,09582

60 

 0,09764

61 

 0,09969

62 

 0,10202

63 

 0,10467

64 

 0,10771

65 

 0,11121

66 

 0,11528

67 

 0,12005

68 

 0,12570

69

 0,13246

70

 0,14067

71 

 0,15081

72 

 0,16362

73 

 0,18024

74 

 0,20257

75

 0,23404

76

 0,28152

77 

 0,36099

78 

 0,52048

79

 1,00000

Осы кестені қолдана отырып, ай сайынғы зейнетақы төлемдерін есептеп шығаруға болады. 

Жаңа ережеге сәйкес, ай сайынғы төлемдер ағымдағы жылғы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмауы керек.  

Болашақ зейнетақыны есептеу үшін болжамдық зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады. Ол enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» - «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде қолжетімді (https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcs.php).

Мен банктегі берешегімді өтеуім керек. Сол үшін зейнетақы жинақтарымды мерзімінен бұрын ала аламын ба?   Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары заңнамада көрсетілген жағдайлар туындамай жатып мерзімінен бұрын берілмейді.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптарына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар.

Бұдан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақтары бар адам қайтыс болған кезде, заңнамаға сәйкес оның зейнетақы жинақтары мұраға қалдырылады.

Ағымдағы заңда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебінен несиені төлеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған. 

Менің зейнеткерлікке шыққаныма үш жыл болды. Қазір төлемдерді кестеге сәйкес жылына бір рет аламын. Мен оны ай сайынғы кестеге ауыстыра аламын ба?   Зейнетақы заңнамасына енгізілген және 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылады. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл ең төмен зейнетақы көлемі: 33 745 теңге. Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 404 940 теңге.   

Егер зейнетақы жинақтарының көлемі бұл сомадан асып кетсе, зейнетақы тек ай сайын төленетін болады.

2018 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетақы алып келген азаматтар зейнетақы төлемдерінің мерзімділігін (ай сайын, үш ай сайын, жыл сайын) сақтауға және өзгертуге құқылы. Яғни, жаңа өзгерістер зейнетақы төлемдерін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап рәсімдейтін азаматтарға ғана тиесілі.  

Зейнетақы төлемдерін тағайындаудағы басты мақсат – еңбекке қабілетсіз, яғни зейнет жасындағы азаматтардың күнделікті тіршілігін лайықты деңгейде қамтамасыз ету.   

Зейнетақы төлеу кестесін өзгерту үшін БЖЗҚ жергілікті бөлімшесіне жүгіну қажет.

Айта кетелік, ағымдағы жылдың қаңтарында еліміз бойынша 20 шақты адам зейнетақы төлемдерін жыл сайын алу кестесін ай сайын алу кестесіне ауыстыру жөнінде өтініш берген. Осылайша, уақыт өткен сайын зейнетақы жинақтарын үнемдеп жұмсайтындар саны біртіндеп артатын болады.

Салымшы (алушы) ЖЗШ-ның жай-күйі туралы ақпаратты қандай жиілікпен ала алады?   

  БЖЗҚ салымшыға (алушыға) оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты кем дегенде жылына бір рет, сондай-ақ оның сұрауы бойынша кез-келген күні, төлемақы ұстамай, яғни тегін беруі тиіс. Сонымен қатар, оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа электрондық және басқа да   хабарландыру әдістеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті.

Зейнетақы жинақтары туралы ақпарат салымшыға (алушыға) ол таңдаған хабарландыру әдісімен жүргізіледі. Бұл үшін алушы (салымшы) келесі хабарландыру әдістерінің бірін таңдауы тиіс:

 - БЖЗҚ  офисіне жеке өзі келген жағдайда немесе Интернет арқылы байланысқа шыққан болса, салымшылардың  (алушылардың) ақпаратты қанша рет сұратуына шек қойылмаған ;

- ЖЗШ ашуға жазылған арыздың реквизиттерінде немесе ақпараттандыру әдісін өзгерту/таңдау туралы қосымша келісімде көрсетілген электрондық поштаның мекен-жайына ақпарат таңдалып алынған әдіс бойынша (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда, бір жылда) бір мәрте;

-  пошта байланысы арқылы – жылына бір мәрте; 

- интернет-ақпараттандыру – онлайн режимінде; ақпараттандырудың бұл әдісі арқылы жеке зейнетақы шоты бойынша enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы ғана емес, смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF мобильді қосымшасы арқылы да ақпарат алуға болады. Сонымен қатар, жеке зейнетақы шоты туралы электрондық үкіметтің сайтындағы «Әлеуметтік қамсыздандыру» -- «БЖЗҚ-ның зейнетақы шотынан үзінді-көшірме» бөлімінен ҚР электрондық үкімет порталында тіркеліп, электрондық сандық қолтаңба (ЭСҚ) болған жағдайда алуға болады.  

Салымшы (алушы) мекен-жайы өзгерген жағдайда бұл туралы БЖЗҚ-ын ескертуге міндетті ме?     2013 жылдың  21 маусымында қабылданған № 105-V «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңының 39 бабы 4 тармағы 1) тармақшасына сәйкес,  міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының салымшылары мен БЖЗҚ-ның алушылары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпке сай БЖЗҚ-ны Қор міндеттемелерін орындауға ықпал ететін барлық өзгерістер туралы бұл өзгерістер туындаған сәттен бастап, он күнтізбелік күн ішінде ескертуі тиіс.

Бұған салымшы  тиісті хабарландыру тәсілін таңдаған болса, электрондық және пошта мекен-жайын өзгерту жатады.

1) Зейнетақымен қамтамасыз ету келісім-шартта көрсетілген пошта мекен-жайының өзгергені туралы, егер Сіз «пошта арқылы» деген зейнетақы салымдары туралы хабарландыру тәсілін таңдаған болсаңыз, БЖЗҚ-на жеке өзіңіз барып немесе пошта байланысы арқылы, аты—жөніңіз, тегіңіз, туған жыл, ай-күніңіз, жеке идентификациялық номеріңіз (ЖИН) көрсетілген, жеке куәлігіңіздің көшірмесі салынған хабарлама арқылы ескерте аласыз.  

2) Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісім-шартта немесе ақпараттандыру әдісін белгілеу/өзгерту туралы қосымша келісімде ақпараттандыру әдісі ретінде «электрондық пошта (e-mail)» деп көрсеткен болсаңыз, осы  электрондық мекен-жай өзгерген жағдайда,  бұл туралы Қорды   ескертуіңіз керек. Көңіл аударатын жәйт, Сіз электрондық мекен-жайыңыздың өзгергені туралы тек ЖЗБҚ офисіне өзіңіз барып қана ескертуіңізге болады. 

Егер салымшы (алушы) өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін тұрғылықты мекен-жайын өзгертіп, бұл туралы Қорды ескертпеген болса, 2017 жылға пошта арқылы жіберілген үзінді-көшірме БЖЗҚ-ға қайтып келеді. Сонымен қатар, қолданыстағы заңға сәйкес, БЖЗҚ келесі жылы үзінді-көшірмені пошта арқылы жөнелтпеуге құқылы. 

Егер ағымдағы жылдың 1 қаңтарына салымшының (алушының)  тиісті жылдың 1 қаңтарына ЖЗШ-да қаржысы болмаса немесе оны хабарландыру әдісі туралы тиісті келісім жасалмаса, БЖЗҚ оны зейнетақы жинақтау шотының жай-күйі туралы хабарландырмауға құқылы.  БЖЗҚ мамандары салымшыларға өздерінің жеке мәліметтерін жаңартып, және/немесе хабарландырудың жаңа тәсілін таңдау үшін Қордың жеке қызмет көрсету орталықтарына баруға кеңес береді.   

БЖЗҚ офисіне бармай –ақ реквизиттердегі мекен-жайды өзгертуге бола ма?     БЖЗҚ  2017 жылы өзінің электрондық қызмет көрсету жүйесін кеңейтіп, салымшыларға Қор сайтындағы жеке кабинеті арқылы реквизиттеріне өзгеріс енгізуге мүмкіндік берді. Енді БЖЗҚ-ың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелген   реквизиттердің (жеке куәлік туралы ақпарат, тұрғылықты жердің мекен-жайы, электрондық мекен-жай (e-mail), телефон номерлері)   өзектілігін электрондық сандық қолтаңбаның өзекті кілті бар жағдайда өз бетінше тексеріп, қажет жағдайда өзгерістер және (немесе) түзетулер  енгізуге болады.  Бұл үшін БЖЗҚ сайтындағы «Электрондық сервистер» атты бөлімге кіріп, «Реквизиттерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу» атты электрондық қызметке жүгініп, керекті өзерістерді енгізу қажет.   
Егер зейнетақы қорымен келісім-шарт жеке куәлік негізінде жасалған болса,  ақпараттандыру әдісін өзгерту туралы қосымша келісімге қол қойған кезде ҚР азаматының төлқұжатын пайдалануға бола ма?     Иә, ҚР азаматының төлқұжатын хабарландыру тәсілін өзгерту/ белгілеу туралы  келісімге қол қою  үшін пайдалануға болады. Бұл ретте салымшының (алушының) негізгі деректемелерінің сәйкестігі салымшының бұрын жеке басты куәландыратын басқа құжат (әкесінің аты көрсетілген жеке куәлік, тұруға ықтиярхат) беруі салдарынан пайда болған «әкесінің аты» деректемесіндегі алшақтықты есепке алмай-ақ тексеріледі.
ЖЗШ-да қалған қаржы мен оның есеп-қисабы  туралы Анықтаманы кім талап ете алады?     Зейнетақы жинақтары туралы құпияны зейнетақы жарналарын аударып жүрген салымшыға, алушыға немесе кез-келген үшінші тұлғаға тек салымшының (алушының) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсімделген жазбаша келісімі арқылы ғана беруге болады. 

ЖЗШ-да қалған қаржы және олардың қозғалыстары туралы есеп туралы анықтама:    

1) алдын-ала анықтау және алдын-ала тергеу органдарына олардың өндірісіндегі қылмыстық істерге қатысты; 

       2) соттарға – сот ұйғарымы бойынша  олардың өндірісіндегі істерге қатысты; 

3) сот орындаушыларына – сот санкциясы бойынша сот орындаушысының қаулысы негізінде олардың өндірісіндегі атқару құжаттары негізінде; 

4) мемлекеттік кіріс органдарына – тексеріліп жатқан тұлғаның  міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын есептеу, ұстау, төлеу  мәселелеріне байланысты; 

5) өкілетті органға – салымшының (алушының) арызына немесе өкілетті органның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысын тексеруіне байланысты   туындаған мәселелерге қатысты; 

6) прокурорға  -  қарауындағы материалға қатысты оның өкілеттігі аясында тексеру жүргізу туралы қаулыға сәйкес;   

      7) қаржылық мониторинг жөніндегі өкілетті органға –  ҚР «Қылмыстық жолмен алынған  табыстарды жариялауға және лаңкестікті қаржыландыруға тосқауыл қою   туралы» Заңында көрсетілген мақсаттарда және тәріпте; 

8) салымшының (алушының) өкілдеріне – нотариалды бекітілген сенімхат немесе сот шешімінің негізінде; 

9) Орталыққа – міндетті зейнетақы қорлары, кәсіби міндетті зейнетақы қорлары бойынша салымшылардың (алушылардың) мәліметтер базасын жасау және міндетті зейнетақы жарналары, кәсіби міндетті зейнетақы жарналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында сақталуын, салымшының зейнетақы төлемдеріне құқын алу сәтіне нақты салымдарының инфляция деңгейін ескере отырып, қамтамасыз ету мақсатында; 

10) орталық атқарушы органға – салымшы (алушының) арызына байланысты туындаған мәселелерге орай; 

11) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына жыл сайын аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға;  

12) Халыққа қызмет ету орталықтарына – салымшыға (алушыға) немесе оның  арызы бойынша, олардың өкіліне нотариалды бекітілген сенімхат бойынша немесе сот шешімі бойынша.

Сонымен қатар, жеке зейнетақы шотының бар екендігі туралы, ондағы қалдық пен қаражат қозғалысы туралы анықтама салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда, заң бойынша мұрагерлік құқығы туралы куәлікке сәйкес мұрагер болып табылатын азаматтарға немесе өсиетхатта көрсетілген тұлғаларға олардың жазбаша арызы бойынша, соттарға - олардың өндірісіндегі мұрагерлік туралы істер бойынша беріледі.   

Базалық зейнетақыны есептеу механизмі қашан және қалай өзгереді? 

 

Бүгінде мемлекеттік базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге еңбек өтілдерінің көлеміне қарамастан 14 466 теңге мөлшерінде төленеді (ең төмен күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап ол еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты төленетін болады. Яғни, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын (2018 жылы бұл – 15 273 теңге) құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады (2018 жылы бұл – 28 284 теңге) және одан асырылмайды.

2018 жылдың қаңтар айынан бастап, ай сайынғы төлемдерді есептеу әдістемесінің өзгеретіндігін естідім. Осыны түсіндіріп берсеңіз екен. 

 

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылады. БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері Үкімет Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады. Әдістеме бойынша зейнетақы жинақтарының сомасын, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті ескеріледі. Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті – зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзімін есепке ала отырып олардың болашақтағы құнын ескеретін көрсеткіш. Зейнетақы төлемдерін алушының жасына қарай оның зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады. Бірақ, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды.
Егер Қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға мүмкіндік бар екендігін тағы да еске саламыз. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Егер зейнетақы жинақтары бұл сомадан артық болса, онда тек ай сайын төленеді.

Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құны коэффициентінің шамасы қалай белгіленеді? Мысалдар келтіре отырып, түсіндіріп берсеңіз екен.    Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенттер кестесі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген және жинақтаушы зейнетақыны есептеу үшін 2003 жылдан бері қолданылып келеді. Коэффициенттер кестесі зейнеткерлер өмірінің орташа күтілген ұзақтығын ескере отырып, зейнетақы жинақтарын тиісті жылдарға үлестіруге мүмкіндік береді. Енді зейнетақы жинақтарының кесте бойынша қалай төленетіндігін мысал арқылы көрсетейік. Зейнеткерлік жасқа толған азаматтың зейнетақы жинақтарының сомасы 4 000 000 теңге болсын делік. Бекітілген әдістемеге сәйкес, 63 жаста зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті - 0,10467. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасын осы коэффициентке көбейтеміз – 418 680 теңге болады. Бұл соманыы 12-ге бөлеміз – 34 890 теңге шығады. Осы сома БЖЗҚ-дан алғашқы жылы ай сайын алынатын сома болып табылады. Бұдан кейінгі жылдары төлемдер тиісті жастағы коэффициенттер негізінде анықталады. 

Бұл ретте 2018 жылы құрметті демалысқа шығатын азаматтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілдері бар. Сәйкесінше олар ортақ зейнетқы да алады. Одан басқа, базалық зейнетақы төленеді. Ол 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептелетін болады.
Мысал: Зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 20 жылдық еңбек өтілі бар делік. Бұл еңбек кітапшасындағы жазбалармен расталады. 1998 жылдан кейін 13 жылдық еңбек өтілі бар делік. Бұл міндетті зейнетақы жарналарының төленгенімен және Мемлекеттік корпорацияның Бірыңғай есепке алу орталығымен расталады (бұрынғы зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталық).
Бұл жағдайда базалық зейнетақыны тағайындау үшін жиынтық еңбек өтілі 33 жылды құрайды (20 жылдық еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 13 жыл). Демек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап оның базалық зейнетақысының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайтын болады.

Коэффициенттің шамасы зейнетақы жинақтарының инвестициялану жағдайына тәуелді ме? Осыған байланысты арттырушы коэффициент пайда болуы мүмкін бе?    Зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын жинақтарға күн сайын инвестициялық табыс есептеледі. Сәйкесінше бұл ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне оң әсер етеді. 

Кезекті төлемнен кейін жеке зейнетақы шотындағы қаржы тұрақты түрде инвестицияланады және оған күн сайын табыс есептеледі. Демек, шоттағы зейнетақы жинақтарының сомасы арта түседі деген сөз. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналарының қомақты мөлшерде тұрақты аударылып отыруына да тәуелді.

Сонымен қатар инфляция деңгейі ескеріле отырып, ең төмен күнкөріс деңгейі, ең төмен зейнетақы және басқа да есептік көрсеткіштер жыл сайын қайта есептеліп отырады. Ал бұл ортақ және базалық зейнетақының мөлшеріне әсер етеді.

 Зейнетақы жинақтарын зейнетақы Қорынан мерзімінен бұрын алуға бола ма?    ҚР «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындайтын жағдайлар нақты белгіленген. Зейнетақы жинақтарын біріншіден - зейнеткерлік жасқа толғанда, екіншіден – 1,2 топтардағы мүгедектігі бар адамдардың мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленгенде, үшінші - Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда ала алады. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 59-бабының 1-тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары ай сайын ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болған жағдайда 55 жасқа толған ерлер, 50 жасқа толған әйелдер өздерінің мiндеттi зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып, өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бұл ретте әйелдер үшін зейнетақы аннуитетін жасау мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайын 6 айға өсіп отырады. Яғни, зейнетақы аннуитетін жасау 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 50,5 жасқа, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51 жасқа, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51,5 жасқа, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52 жасқа, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52,5 жасқа, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53 жасқа, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53,5 жасқа, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54 жасқа, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54,5 жасқа және 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 55 жасқа толғанда жүргізіледі. Заңда зейнетақы жинақтарын басқалай жолмен алу жағы қарастырылмаған. Бұл өте өзекті мәселе. 

Зейнетақы төлемдері зейнеткердің лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге арналған. Сондықтан зейнетақы жарналарын ерте бастан қомақты көлемде зейнетақы Қорына аударған сайын, болашақта алар зейнетақы төлемдерінің мөлшері де арта түседі. Ал егер адамдар зейнетақы жарналарын аудармай, жалақыларын «конвертпен» алатын болса болашақта алатын зейнетақы төлемдерінңң мөлшері де мардымсыз болады.
Тағы да еске сала кетелік, жыл сайын инфляция деңгейі ескеріле отырып, ең төмен күнкөріс деңгейі, ең төмен зейнетақы және басқа да есептік көрсеткіштер қайта есептеліп отырады. Ал бұл ортақ және базалық зейнетақының мөлшеріне әсер етеді.

Ерікті зейнетақы жарналарын кім және қашан ала алады?

 

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 33-бабына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында  зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құжаттар топтамасы ұсынылған соң БЖЗҚ белгіленген мерзімде зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асырады (ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ережеге сәйкес 10 жұмыс күні белгіленген, бірақ іс жүзінде бұл бар болғаны 3-4 күнді алады).

Қажетті құжаттардың маңызды тізбесі, оларды БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай (Қорға өзі келгенде/пошта байланысы/үшінші тұлға арқылы жүгінгенде), сондай-ақ төлем валютасының түріне қарай өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгілері www.enpf.kz мекенжайы бойынша БЖЗҚ веб-сайтында орналастырылған.  

БЖЗҚ кеңсесіне өзі келгенде алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы және алушының банктік шоты туралы мәліметтер қажет.   

Сенім білдірілген тұлға немесе қамқоршы арқылы жүгінгенде:

1) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

2) нотариат куәландырған сенімхат немесе оның нотариат куәландырған көшірмесі/заңды өкілдің куәлігі/заңды өкілді тағайындау туралы анықтама;

3) сенім білдірілген тұлғаның/заңды өкілдің  жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы;

4) алушының банктік шоты туралы мәліметтер.

Пошта байланысы арқылы жүгінгенде: БЖЗҚ белгіленген нысандағы алушы өздігінен толтыратын зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш (өтініш бланкісінің өзекті нысаны  - №3 қосымша, БЖЗҚ web-сайтында орналастырылған), бұл ретте алушының зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтініштегі қолын нотариат куәландырады (егер нотариаттық куәландыру тұрғылықты мемлекетте жасалса); 

2) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

3) БЖЗҚ белгіленген нысанға сәйкес зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі мен талаптары туралы қосымша келісімді алушының өзі 2 нұсқада толтырады және қол қояды (келісім бланкісінің өзекті нысаны «БЖЗҚ» АҚ web-сайтында орналастырылған);

4) алушының банктік шоты туралы мәлімет.

Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi. 

 Зейнетақы жинақтарын алу барысында түпкілікті сомаға қандай салық салынады?  

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 158, 160 және 170 - бабына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерi төлем көзінен жеке табыс салығы салынатын табысқа жатады. Зейнетақы төлемдерін алушыдан Салық кодексінде қарастырылған түзетулер мен салық шегерімдерін ескере отырып, 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы салынады. Жеке табыс салығы зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалардан салық шегерімі қолданылған соң барып зейнетақы төлемдерінен ұсталады. Салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы салынбайтын, ең төмен жалақы мөлшеріндегі салық шегерімі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген. Ол әрбір табыс есептелген айда қолданылады.  

Кіріс түзетулері қолданылмайтын адамдар үшін жеке табыс салығы салынбайтын салық шегерімінің сомасы ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшеріне тең. Басқа сөзбен айтқанда, биыл ең төмен жалақы мөлшері 24 459 теңгені құрайды. Сәйкесінше жеке табыс салығы салынбайтын жылдық сома 293 508 теңгені құрайды деген сөз (12 x 24 459). Мысалы, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы 937 350 теңгені құрайтын болса, бұл сомадан 293 508 теңгені алып тастаймыз, сонда 643 842 теңге қалады. Мінеки, осы 643 842 теңгеге жеке табыс салығы салынады. 

БЖЗҚ кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдеріне өткен жағдайда да республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және табысты есептеу күніне қарай қолданыста болған бір ең төмен жалақы мөлшерінде салық шегерімі қолданылады. Сәйкесінше егер кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің сомасы ең төмен жалақыдан аз болатын болса, онда зейнетақы төлеміне жеке табыс салығы салынбайды. 

Қазір зейнеткерлер өздеріне тиесілі зейнетақы жинақтарының жылдық сомасын тұрақты пайыздық сыйақы алу мақсатында банк депозитіне салу мүмкіндігіне ие. Ал 2018 жылдан бастап олар бұл мүмкіндіктен айрылады. Сонда зейнетақы жинақтарының табыстылығы қалай болады, олар құнсызданып кетпей ме? 

 

Қазіргі таңда зейнеткерлердің басым бөлігі БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша жылына бір рет, яғни «жыл сайынғы» кесте бойынша алады. Ал «ай сайын» және «тоқсан сайын» алу мүмкіндігін пайдаланғылары келмейді. Сәйкесінше алушылар БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін зейнетақы ретінде емес, жәй жинақталған сома ретінде қабылдайды. Сөйтеді де жылдық соманы алып, оны балалары мен немерелерінің оқуларына, той-томалаққа және әр түрлі сатып алуларға жұмсайды.  

Тек кейбір зейнеткерлер ғана бұл соманы ай сайын немесе жыл сайын пайыздық сыйақы алып тұру үшін депозитке салады. Дейтұрғанмен, депозит бойынша сыйақы ретінде есептелген пайыздар, күнделікті қажеттілік үшін жоғары табыс әкеле қояры неғайбыл. Ал БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары тұрақты түрде инвестицияланады және табыс әкеледі. Заңға сәйкес БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқарады.

ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық стратегиясы зейнетақы активтерін әртараптандыруға бағытталған. Қазіргі таңда зейнетақы активтері ұзақ мерзімді келешекте тұрақты табыс алу және тәуекелдерді төмендету мақсатында теңге және шетелдік валютада номинирленген әр түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.

Қазіргі таңда зейнетақы активтері мемлекеттік құнды қағаздарға, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары мен акцияларына инвестицияланған. Сонымен қатар екінші деңгейдегі отандық банктер мен шетелдік банктердің депозиттеріне салынады және сенімді шетелдік эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалады. Инвестициялық басқару нәтижесінде инвестициялық табысқа қол жеткізіледі және ол салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына күн сайын есептеліп отырады. Басқа сөзбен айтқанда, зейнетақы шотынан зейнетақы төлемдері төлене бастаса да, шотта қалған қаражат инвестицияланып, оларға табыс түсіп отырады.

«Қазақстанда зейнетақымен қамзсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлік жасқа толған алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

Салымшы қанша қаражат жинағандығын және шотына қандай инвестициялық табыс есептелгендігін қалай біле алады?

  Бұл салымшы үшін ең басты ақпарат. Оны мынадай жолдармен алуға болады: Нақты айтар болсақ: 

- салымшы зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпаратты Қор кеңсесіне тікелей өзі келгенде (республика бойынша Қордың 231 дербес қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді);

- пошта байланысы арқылы (үзінді-көшірме салынған конверт әр жылдың басында салымшының Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтінішінде көрсетілген мекенжайына жеткізіледі);

- электрондық пошта арқылы (оны таңдаған кезде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат салымшының ЖЗШ ашу туралы өтінішінде немесе хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою кезінде көрсеткен электрондық поштасына жолданады);

- логин мен құпия сөзді (пароль) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөліміне кіріп, (логин мен құпия сөзді қолдану арқылы ENPF ұялы қосымшасын пайдалануға да болады) өтініш жасау арқылы ала алады.

- egov.kz электрондық үкіметі арқылы. Бұл қызмет www.egov.kz порталында «Азаматтар» категориясы – «Әлеуметтік қамсызданлдыру» айдары - «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде қолжетімді. Бұл қызметті пайдалану үшін электрондық цифрлық қолтаңба және электрондық үкімет порталында тіркелу қажет.   

2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 786 365 мың адам үзінді-көшірмелерін өздерінің электрондық мекенжайларына алса, шамамен 3,7 млн адам ақпаратты сайт арқылы және әр түрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алу мүмкіндігіне ие.  

Бір миллионнан астам адам ұялы қосымшаны пайдалана бастады. Мұның барлығы тұрғындардың зейнетақы жинақтарына деген қызығушылығының арта бастағандығын көрсетеді.  Ал оның көлемі тұрақты түрде артып келеді. Естеріңізге сала кетелік, 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,5 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бергі өсім 853 млрд теңгені құрады.

2017 жылдың 9 айы ішінде салымшылардың зейнетақы шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 462 млрд теңгеден асты. 2017 жылдың 1 қаңтарынан 30 қыркүйегіне дейінгі кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,68 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция 4,2 пайыз болды. 

Зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда оның жинағын кім және қалай ала алады?    «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабының 5-ші тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы Қоры қажет жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (2269*52,4 = 118 895, 6 теңге) жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бірақ, бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Айта кетелік, жерлеуге арналған соманы Қазақстан Рееспубликасының резиденті алатын болса, оған салық салынбайды. Егер, жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерінен (биыл бұл соманың көлемі - 31 245 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемге қосылып төленеді.

Зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және аталмыш Заңның 31-33 – баптарының 2 тармағында белгіленген тәртіпке сәйкес мұраға қалдырылады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немерелерi мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады. Егер бiрiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi - тең үлеспен алады. Егер бiрiншi және екiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, үшiншi кезекте мұра қалдырушының әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немере аға-iнiлерi, апа-қарындастары (сiңлiлерi) мұраны ұсыну құқығы бойынша алады. Мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілген. Ал қайтыс болған салымшының зейнетақы жинақтарын алуға қажетті негізгі құжаттардың бірі, ол – мұрагерлік құқығы туралы куәлік. Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. БЖЗҚ-дағы мұраға қалдырылған зейнетақы төлемдері мысалы, мұрагерлік құқығы туралы куәлікте көрсетілген үлес бойынша бір жолғы төлем ретінде жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы төлемдеріне 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығы салынады және салық заңнамасында қарастырылған түзетулер ескеріледі (алушыда жеке табыс салығы бойынша жеңілдік бар болған жағдайда). Бұл ретте мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ға негізгі құжаттармен қатар:  

зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;

мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі не мұраға берілетін мүлікті бөлу туралы келісімнің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі және заңды күшіне енген сот шешімі ұсынылады.

Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алуға арналған құжаттардың толық тізімі БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» айдарының «Алушыларға» деп аталатын бөлімінде орналастырылған.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 29.11.2017 / 03.08.2018