Зайсан ауданы

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі


Басшысы: Қасымжанов Темірбек Жұмақұлұлы

Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, ШҚО, 070700, Зайсан қ., Жангельдин к, 54

Телефоны: 8-72340- 8-723-40-21-301

Сайты: zaysan.vko.gov.kz

Азаматтарды қабылдау: әр айдың екінші және төртінші дүйсенбісі сағат 14:00-ден 16:00-ге дейін

ауданы тарихы

«Зайсан» деген жер ежелден дүние жүзі ғалымдарының, саясаткерлерлерінің, елбасыларының назарын аударған екен. Орыстың ұлы патшасы Петр I бұдан 280 жыл бұрын Зайсан жағынан бекініс салуды міндеттеп, әскери экспедиция жіберген. Оның бұл мақсаты 140 жылдан кейін жүзеге асты, 1860 жылдарда Зайсан қаласының іргесі қаланды. Содан бері, ел - мемлекеттің аса маңызды стратегиялық орны болып саналады.

Зайсан - Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік аудандарының бірі, облыстың оңтүстік – шығысындағы – Сауыр мен Тарбағатай тауларының солтүстік сілемдерімен, Зайсан қазан шұңқырының оңтүстік жағы мен Қара Ертіс өзенінің солтүстігіне дейін созылған алқапта орналасқан өңір. Әкімшілік бірлік ретінде 1928 жылы Семей облысының құрамында құрылған. Ол кезде ауданға 70-тен астам елді пункттер қарады. Бұл - қазіргі 6 ауданға қарасты ірі елді – мекендер.

Батысында – Тарбағатай, солтүстігінде – Күршім аудандарымен, шығысымен мен оңтүстігінде – Қытай Халық Республикасының Синьцзян өлкесімен шекаралас орналасқан.

1939 жылдан бастап, Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысына қарады. Зайсан ауданынан бұдан кейін, Тарбағатай, Марқакөл, Күршім, Ақсуат және Көкпекті аудандары бөлініп шығып, жеке аудандар болып бекітілді.

Ауданның жер көлемі : 1 миллион 43 мың гектар. Өлкеге 42 ірі елді – мекен қарайды. Сондай – ақ, Зайсан қаласының әкімшілігі мен 8 ауылдық әкімшілік қамтылған. Зайсан қаласы – ауданның әкімшілік орталығы болып саналады.

Өңірде - қазақтың орта жүзінің найман, керей руларынан тараған меркіт, тұзақшы, уақ, төртуыл, ақболат, қожанбет, қожан, санияз ата – баба ұрпақтары жоңғар шапқыншыларынан бұрын тұрып, көшпелі өмір сүрген.

Зайсан жерінде өзіндік сәулеткерлік нақышымен айшықталған, осы күнге дейін көрік беріп тұрған Татанов, Бекшентаев, Әбілханов, Мергенбаев, Манапов, Ерзин, Тоқсанбаев, Бобкин салдырған үйлердің салыну өрнегі ғажап-ақ. Бір ғасырдан асса да сыр бермеуде.

Бұл құрылыстарды салуда біртуар тұлға, асқан шебер, талантты сәулеткер, бұл өңірде бұрын-соңды болмаған Баязит Сәтпайұлының басшылығымен салынған. Оның жобасымен 30-дай тамаша үй салынған. Баязит Сәтпайұлы Бұтабай қажының ұлы Зейнолла болыстың кесенесін де салған. Оны суреттеудің өзі оңай емес.

Аудан - ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Мал, егін шаруашылықтарымен қоса, ірі бау – бақша мен жеміс – жидек дақылдарымен өркендеп, мол табыстарға ие болған өлке. Сонымен қатар, халық тұтынатын тауарлардың бірі – көмір мен минералды емдік су өндірумен айналысады.

Ауыл шаруашылығы алқаптары бұрынғы 9 кеңшарлардың базасында құрылған 358 шаруа қожалықтарына техника, шабындық, жайылымдық жерлері бөлініп берілді.

1918 жылы Зайсан шекарашылар отряды құрылып, Қытаймен арадағы шепті қырағы қорғауда.
1922 жылы Зайсанда уездік арухана ашылып, кейіннен 60-жылдардың басында дәрігерлік емдеу орындарына кеңейтілді.
1930 жылы 1 қазаннан бастап аудан газеті жарыққа шықты. Оның алғашқы редакторы: Ж. Ыбыраев, Ғ. Әміров болды.
1932 жылдан бастап, Зайсан педучилищесі ашылды. Онда Семей, Шығыс Қазақстан Облыстарына қарасты – Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат, Марқакөл, Күршім, Ұлан, Катон – Қарағай аудандарының жастары білім алды.
1945 жылы кәсіптік – техникалық училище ашылды.
1946 жылы Зайсанда кәсіби театр құрылып, оның бірінші директоры - Мейірман Спамбетов тағайындалды.
1960 жылы аудандық мәдениет үйінің жанынан халық театры құрылды, оған «Халық театры» деген атақ беріліп, ауданның бір топ талантты жастары Москвадағы Кремль сахнасында да өнерлерін көрсетіп қайтқан.
1962 жылы балалар музыка мектебі ашылды.
1975 жылы Зайсан өлке-тану мұражайы ұйымдастырылып, ауданымызға байланысты көптеген тарихи құжаттар осында жинақталған.
1993 жылы Мемлекеттік архивтің филиялы құрылды.

ТАБИҒАТЫ, ӨСІМДІКТЕРІ, ЖАНУАРЛАРЫ

Зайсан жері шұрайлы, суы мол, жайылымы керемет (Сауыр, Сайқан, Маңырақ, Ертіс, Ақжан, Қабырғатал) сияқты киелі жер. Оның жер асты қазбасы – мұнайға, көмірге, жанатын сланецке, жоса – бояуға, құрылысқа жарамды әкке, құм мен топыраққа толы, жасыл алқапты орманы бар өңір.

Аудан климаты құбылмалы, құрғақ. Қысы ұзақ және суық. Жаздағы ауаның температурасы жоғары және ыстық. Атмосфералық орташа жылдық жауын – шашындары 120-180 мм. Тау беткейлеріне көтерілген сайын ылғалдылық артып, ауа температурасы кемиді. Тау басында ол таулы тундралық климатқа дейін өзгерген. Өзендердің ірілерінен: Бұғаз, Базар, Қандысу, Кендірлік өзендерін атауға болады. Сонымен бірге, Зайсан деген көлде бар.

Зайсан – суармалы өңір. Мұнда 1967 жылы сыйымдылығы -75 млн.м куб Үйдене су қоймасы жүйесі, 1956 жылы Кендірлік және 1984 жылы Жеменей су қоймалары салынып, іске қосылған. Сондай–ақ, өлкеде жер асты және жер үсті бұлақтары бар.

Минералды емдік сулар өндіруде, әсіресе, Ащылы, Әулие бұлақ, Арасан Талды қойнаулары пайдаланылады.

Жерімізде емдік шөптер көп. Мәселен, таулар мен ой-қырында алтын тамыр, марал тамыр, қарандыз, шай шөп, долана, рауағаш, шырғанақ, өгей шөп, тағы басқа дәрілік шөптер кездеседі.

Жанурлар әлемі әр түрлі. Дала алқаптарында: атжалман, мұжыма тышқан, аса құнды америка жануары – ондатра, дала алақоржыны,су егеуқұйрығы, қосаяқтар және басқалар мекендейді. Салпан құлақ кірпі, қасқыр, таулы тайганың қара түлкісі, бұлғын, сұр күзен, борсық, саршұнақ және басқалар кездеседі. Бауырмен жорғалаушылардың ішінде: кесірткелер, үлы сұр жыландар, сарбас жыландар және басқалар кездеседі.

Белдеулі ормандарда: қоян, түлкі, қасқыр, елік, бұландар, аюлар, маралдар, сілеусіндер, барыс, борсық мекендейді. Орман шекараларындағы биік шыңдар мен құздарда арқар, таутеке, ақбөкен, киік және жайран кездеседі. Құстардан: боз торғайлар, лашындар, қара тағандар, сасық көктер, сауысқандар, қарғалар, көгершіндер, торғайлар, қаздар, аққулар,үйректер, бүркіттер, ұлар, кекілік, бұлдырық,қырғауылдар, тағанақтар және басқа да түрлері мекендейді.

Зайсан көлінде, Ертіс жағалауларында, су айдындарында: шортандар, қара балықтар, ала бұғалар, сазандар, шабақтар және басқада түрлері кездеседі.

АУДАННЫҢ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕРІ

Зайсан ауданында негізінен қазақ, орыс, украин, татар, өзбек және тағы басқа ұлт өкілдері тұрады. 2014 жылдың 1-қаңтарынан бастап, жергілікті халықтың саны -37,9 мың адамға жетті. Этникалық құрамы жағынан: қазақтар – 96,5%, орыстар –2,7%, басқа ұлттар – 0,8%. Жергілікті халыққа бай аумақты аймақтар: Қаратал, Сарытерек, Шілікті, Дайыр, Қарабұлақ ауылдары.

Аудан орталығы мен облыстың ара – қашықтығы - 465-тей шақырымдық жер.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен елімізде кеден қызметі жолға қойылған. 1992 жылыдың мамыр айынан бастап, Шығыс аймақтық кеденіне қарасты «Майқапшағай» кеден бекеті құрылды. Ал, 1992 жылдың 22 желтоқсанынан бастап, Майқапшағай кедені болып бекітілді. Сондай-ақ, 2006 жылдың сәуір айынан бастап, «Майқапшағай-Жеменей» шекара сауда орталығы ашылған.

2003 жылы Зайсан өңірінің Шілікті ауылында Қазақстан археологтарының қазба жұмыстарының негізінде, «Шілікті қорғаны» табылды. Онда ежелгі Сақ тайпасының «Алтын адамы» жауынгері табылды.

Аудан экономикасының негізгі рөлін – агроөнеркәсіп алады, өйткені, маңызды орынды ауыл шаруашылығына береді. Осы кәсіптің шығарылатын өнімінің көлеміне байланысты, ауыл шаруашылығында мал шаруашылығы мен дәнді – дақылдар шаруашылығы өте қарқынды дамуда. Осының маңыздылығынан импорттық тауарлар азаюда. Ең бастысы, жергілікті халық өзін-өзі етпен, сүтпен, өсімдік майымен,жеміс-жидекпен, дәнді-дақылдармен, бау-бақша өнімдерімен, ұнмен тағы басқа өнімдермен қамтамасыз етуде.

Ауданның жер асты байлығы зерттелген – қоңыр көмір мен жанатын сланецке бай. Бұл - өмір сүрудің, өндірісті өркендетудің негізі. Қазіргі таңда, Кендірлік жеріндегі «Аққойын» атты елді-мекенінде қара көмір игеріледі. Көмір өндіру ЖШС «Сайхан» ісі терең шахталық-техникалық әдіспен жолға қойып, одан жоғары химиялық өнім алумен қамтамасыз етілуде. Ол тек отынмен, ауданымызды ғана емес, сондай-ақ, көрші аудандарды да қамтамасыз етуде.

Сол сияқты минералды емдік сулар өндіруде. Әсіресе, Арасан-Талды, Ащылы жерлеріндегі сулардың көздері ашылып, игеру жолдарына қойылған. Онымен ЖШС «Зайсан сулары» айналысуда. Қазіргі таңда, біздің емдік ас-суымыз Өскемен, Астана қалалары мен Ресейге жөнелтілуде.

2006 жылдың шілде айында облыстық көрмеде «Зайсан» минералды суы жүлделі бірінші орын мен хрусталь кубокқа ие болды. Сондай-ақ, республикалық көрмеге қатысуға жолдама алды.

Аудан халықтарына АОА, өкпе ауруына қарсы аурухана, отбасылық – дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік – акушерлік пунктілер, 11 дәріхана, 7 базар, 100-ден астам дүкен түрлері, 7 ЖҚС, 25 тамақтандыру жерлері және халыққа түрлі көмек көрсету орындары бар.

Аудан бойынша білім беретін мектептердің саны – 27, ал олардағы шәкірттер құрамы – 6039, ауыл мектебі – 22 болса, шағын комплектілі мектептер -15, мектепке дейінгі 11 бала мекемесінде 903 бүлдіршін тәрбиеленсе, мектептен тыс мекемелерге 1425 бала қамтылған. Мектептер компьютерлендіріліп, Интернетке қосылып, мультимедиялық кабинеттер де ашылған. Жазғы каникул кезінде балалар мен жасөспірімдерді демалдыру мен сауықтыру орындары қызмет көрсетеді. Өнер мектебі, балалар мен жасөспірімдір мектебі, спорт мектептері бар.

«Ақынның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дейді дана халқымыз. Өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат. Тарихы әріден басталатын біздің Зайсан өңірінде де халықтың құрметіне, қошаметіне бөленген талай ізгі жақсылар өткен. Мәселен, күркіреп күндей өткен соғыс кездері.

Жалпы, аудан өміріндегі ең ауыр және жауапты болған кезең – Ұлы Отан соғысы жылдары болды. Майданға – 6569 және еңбек армиясына – 1099 зайсандықтар аттанған. 2595 адам майданда қаза болды, 238 госпитальда жарадан өлді, 1339-ы хабар – ошарсыз кетті., 175 адам әр түрлі аурудан қайтыс болды, 3 адам неміс тұтқынында каза болған. Басқалары жараланып, мүгедектікке душар болып, аман – есен туған елге оралды.

Полковник В.Е.Головченко Кеңес Одағының Батыры атағын алса, сержант Манап Әубәкіров Даңқ орденінің толық иегері болды. Ғ.Сәрсекеев, К.Қызымбаев,Е.Бексейітов, С.Жырымбаев, А.Дүйсежанов, Ә. Дәніков, А.Ыдырышев, Қ.Боқажанов және тағы басқалар жауынгерлік ерліктері үшін жоғары үкімет наградаларына ие болды.

Зайсан жері дарындылардан ешқашан кенде болмаған. Бізде ел басқарған Халит, Бұтабай, Зейнолла, Ақбай тәрізді болыстар, Шұлғаубайдай шешен, Бұланбайдай палуан, Қоңыр, Ақыштай қажылар, елді аузына қаратқан билер шыққан. Жыр алыбы Жамбылдың өзі Шөжемен қатар қойған Ноғайбай ақынды Мәскеу университетінің профессоры Ивановский бүкіл Ресейге әйгілеп, талантына тәнті еткен. Ал, бүгіндер Зайсан тумалары Есет, Әубәкір, Тоқтарбек, Ұлықбек, Асқар, Нұрлан, Марат, Кәдірбек, Гүлнәр, Советхандар қазақ әдебиетінің алғы легінде тұр. Сондай-ақ, Зайсан тумасы Леонид Хохлов Парижде дүние жүзіне әйгілі ғалым Пастердің лабороториясында қызмет істеген, ақын Павел Васильевтің есімі орыс әдебиетінің алыптары Сергей Есенин, Владимир Маяковскиймен қатар аталады. Жарсу ауылында туып өскен Гүлнәр, Эльвира Сахатовалар дүние жүзіне танылған шахматшылар. Салтанат Камалиева дүние жүзі сұлуларының байқауында жеңімпаз атанған. Зайсан тумасы генерал ұшқыш Қамза Ерзінұлы Зайсанов Моңғол мемлекетінің әуе күштеріне қолбасшылық жасаған. 

Ауданымыздың ардагері Байғанбек Құдабаев пен Майшекер Қорабаева Қазақстанның «Құрмет» орденімен награтталған. Мыңнан астам күрделі операция жасаған марқұм Халел Қалимолдин Еңбек Қызыл Ту орденімен ардақталған.

Ауданның рухани өмірінде өзіндік орны бар - айтыс өнерінің таланттарының ішінде: Абаш Кәкенов, Серікхан Жақиянов, Меделхан Хасенова, бүгінде Павлодардың бас ақыны болып жүрген жерлесіміз Серік Қосанбаев. Ауданда орталық мәдениет үйі, кітапхана қалыпты жұмыс істеуде. Зайсан халық театры, «Айнакөл» ансамблі, «Ақ әже» топтары, Дайыр, Қаратал, Сарытерек, Қарабұлақ, Кеңсай өнерпаздары жұртшылықты өнерлерімен сусындатуда. Зайсан өңірінде дене – шынықтыру мен спорт салалары өте қарқынды дамуда. Мәселен, жерлестеріміздің ішінде: қол тірестен Азия чемпионы Ермат Ермекбаев, Европа чемпионы Қасымжанов Нұрлан сияқтылар ауданымыздың мақтанышы.

Аудан аумағында «Нұр Отан» партиясының өңірлік өкілеттілігі өз жұмыстарын іске асыруда. Сондай-ақ, 14 мұсылман мешіттері, 1 Свято – Александровский храмы өз кызметтерін іске асыруда. Үкіметтік емес ұйымдарға: «Қазақ тілі» қоғамы, мүгедектерді қорғау ұйымы, ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі, «Жас өркен» жастар қоғамдары бар.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасау қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуға тиіс»,- дейді.

Елбасының алға қойған міндеттерін зайсандықтар қызу қолдап, жүзеге асыруға бір кісідей жұмылуда. Қиындықты еңбекпен жеңу қажеттігін жақсы сезінеді. Әркім өз бақытының, болашағының бапкері болу керектігі санаға сіңірілуде. Зайсан Қазақстанның қиыр шығысындағы шуақты, шырақты аудан ретінде әрқашан көріне беретініне күмән жоқ.

 

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 15.12.2011 / 28.06.2016