Сыбайлас жемқорлықпен күресудегі ең үздік халықаралық тәжірибені талдау есебі

Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік жағдайын қалыптастыру» жобасы аясында «ЗУБР» әлеуметтік корпаративтік қоры дайындаған

Өскемен қ,  2009 ж.

«ЗУБР» әлеуметтік корпаративтік қорының «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік жағдайын қалыптастыру» жобасы басқа елдердегі сыбайлас жемқорлықпен күрес технологиясының теориялық және практикалық жақтарын зерттеп бағалауға, халықаралық тәжірибеге талдау жасап, презентация өткізуге мүмкіншілік береді.
Бүгінгі таңда жемқорлық мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін аса өзекті мәселе болып табылады. Сыбайлас жемқорлық ұлттық шектеулерді білмейді. Ол барлық жерлерде таралған. Бүгінде «жемқорлық» түсінігі әлемнің барлық баспаларында журналдар мен газеттердің беттерінде жиі айтылады.
Сондықтан Қазақстан Республикасы үшін сыбайлас жемқорлықпен күресте «үздік тәжірибелерді» қолдану үшін жемқорлықпен күрестің әлемдік тәжірибесін зерттеу және талдаудың маңызы зор.  
Қазіргі қоғамда елдердегі жемқорлық деңгейін анықтау үшін көптеген зерттеулер, мониторингтер жүргізіледі. Солардың ішіндегі маңыздылары Жемқорлықты қабылдау индексі, Пара төлеушілер индексі, қылмыс құрбандарына халықаралық шолу, Мемлекеттік айқындықты (тазалықты) бағалау индексі, Жаһандандыру индексі т.б.

Көптеген зерттеулер ішінде әлемдегі сыбайлас жемқорлық туралы жалпы ең толық әрі дұрыс мағлұмат беретін және жемқорлық факторларын анықтайтын Трансперенси Интернэшнл халықаралық зерттеу ұйымы болып табылады.
Трансперенси Интернэшнл (Transparency International) сөзінің аудармасы Халықаралық айқындық деген мағынаны білдіреді, (Прозрачность) – бұл халықаралық деңгейде және жеке елдердегі сыбайлас жемқорлықпен күресті зерттейтін тәуелсіз коммерциялық емес ұйым. Олардың мақсаттарының бірі – билік органдарының айқындығына, есеп берушіліктеріне қол жеткізу. Transparency International бөлімдері көптеген елдерде құрылған, олардың барлығын ең алдымен қаржы саласындағы айқындықты қалыптастыруға бағытталған жемқорлыққа қарсы идеология біріктіреді. Бұл - ұзақ уақыттан бері сыбайлас жемқорлықтың сан алуан салалардағы көріністерін зерттеп, анықталған мәселелердің шешу жолдарын ұсынатын көпшілікке танымал ұйым. 1993 жылы Transparency International әлемдегі жемқорлық деңгейін жүргізетін статистикаға балама ретінде пайда болды десек те болады.
Біз өз шолуымызда аталған ұйымның мәліметтерімен қатар, Интернет-сайттарда жарияланған ресми халықаралық статистикаға да сүйендік.

Ең алдымен «жемқорлық» сөзінің мағынасына тоқтала кетейік. БҰҰ-ның халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы анықтамалық құжатында былай делінген: «Сыбайлас жемқорлық- бұл жеке мақсаттарында пайда көру үшін мемлекеттік билікті пайдалану».  Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық бойынша тәртіпаралық тобының жұмыс анықтамасында былай делінген: «Сыбайлас жемқорлық - мемлекеттік немесе жеке секторлардағы белгілі бір міндеттерді орындау міндеттелген тұлғалардың,  жеке қызметкер, тәуелсіз агент, мемлекеттік лауазымдық тұлғаның, жүктелген міндеттемелерді бұза отырып, жеке басы үшін және өзгелері үшін заңсыз пайда көру мақсатында пара алуы немесе басқа да іс-әрекеттері». БҰҰ секретариаты әр түрлі елдер тәжірибесі негізінде дайындаған Басшылық құралда сыбайлас жемқорлық сөзіне былайша түсініктеме береді: 1)ұрлық, лауазымды тұлғалардың мемлекет меншігін иеленуі және ұрлауы; 2) жеке пайдасы үшін ресми мәртебесін биресми қолдана отырып, қызметтік жағдайын пайдалануы; 3) жеке бас пайдасы мен қоғамдық парызы мүдделері арасындағы қақтығыс.

Ары қарай біз Сингапур, Малайзия, Қытай, АҚШ, Финляндия Ресей, Эстония елдерін мысалға ала отырып, осы елдердің жемқорлықпен күресу тәжірибелеріне тоқталамыз. Талдау жұмыстары үшін не себепті осы елдер тәжірибесі таңдалынып алынды?  

Сонымен, Transparency International ұйымының 2008 жылы жариялаған мәліметтеріне сүйнесек, сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Азия өңіріндегі ең төмен ел Сингапур болып табылады екен. Transparency International ұйымының есебі бойынша сыбайлас жемқорлықтың ең төменгі деңгейі 10 балл деп есептелінсе, 9,2 баллдық жүйемен Сингапур елі 4-ші орында тұр.  Бұл рейтингте Қазақстан 2,2 баллмен 145-ші орынды иеленгенін айта кеткен жөн. Дамыған Сингапур елінің сыбайлас жемқорлықпен күресудегі жетістікті тәжірибесі біз үшін құнды, себебі біздің де менталитетіміз «азиаттық», сонымен қатар бұл «цифрлық экономикасы» бар мемлекет тәжірибесі болып табылады.

Қазақстан үшін, саясаттанушылар мен зерттеушілердің пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен күресудің Малазиялық тәжірибесі де ойға қонымды. Малайзияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған стратегиясы мен оның жоғары деңгейде іске асырылуы бұл тәжірибені оқып зерттеуге деген қызығушылығымызды арттыра түседі. Қазақстан мен Малайзия елдерінің шамамен бірдей халық саны, мемлекеттік аппарат саны, экономикасының көлемі сияқты ұқсастықтары Малайзия елінің тәжірибесі тұрғысынан әкімшілік сыбайлас жемқорлықты жоюға жағдай жасайтын мәселелерді қарастыруымызға мүмкіндік береді. Малайзия да Қазақстан сияқты көпұлтты әрі поликонфессионалдық мемлекет.
2008 жылдың аяғында  Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігі Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері үшін мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы халықаралық тәжірибе» атты курс ұйымдастырып, Малайзия еліне іссапарға жіберді.

Қытай елінің тәжірибесін әмірші, өктем режимдегі мемлекет тұрғысынан қарасақ, біраз бізді қызықтыратын мәліметтер аларымыз сөзсіз. Бұл елде жемқорларға қарсы өте қатал шаралар қолданылады. 1989 жылдың өзінде ғана сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасағаны үшін 30 адам өлім жазасына кесіліп, 30 мың адам әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. 2008 жылы Қытай елі сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 3,6 баллмен 180 елдің ішінде 72 орынға иеленді.

АҚШ елі 2008 жылы  сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 7,3 баллмен 18 орынға иеленіп, «жиырма көшбасшы» елдің қатарына енді. АҚШ сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамалық бастамаларды тек өз елінің шегінде ғана қабылдап қоймайды, сонымен қатар халықаралық тәжірибеге де сүйенетіні ойланарлықтай. АҚШ шетелдік шенеуніктерге пара беруге тыйым салатын «Сыбайлас жемқорлықтың шетелдік тәжірибесі туралы» атты Заңды (1977ж.) тұңғыш қабылдаған ел болып табылады.

Егер біз еуропалық мемлекеттердің тәжірибесіне көңіл бөлмесек, аталған мәселені жан-жақты толық зерттей алмасымыз сөзсіз. Осыған байланысты 2008 жылы  сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Сингапурден кейінгі 9,0 баллмен 5-ші орынды иеленген Финляндия елінің тәжірибесіне тоқтала кетейік. Финляндия елінің сыбайлас жемқорлықпен күресіндегі жетістіктері әлемдік сыбайлас жемқорлық Барометрі (Global Corruption Barometer) және жемқорлардың әлемдік индексі  (Global Briber Index) сияқты зерттеу түрлерімен дәлелденген.

Әр түрлі себептерге байланысты Ресей елінің сыбайлас жемқорлықпен күресі біздің қызығушылығымызды тудырады. Біріншіден, сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тарихында Қазақстан да Ресей де тең бірдей сатыда. Екіншіден, Transparency International жариялаған 2008 жылы  сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша екі ел «көршілес» орналасқан: Қазақстан 2,2 баллмен 145-ші орында, ал Ресей 2,1 баллмен 147-ші орында. Үшіншіден, көп жылғы бірегей мемлекеттілік тәжірибесі, ССРО болып бір ел «өмірін» бастан кешкеніміз – азаматтарымыз бен шенеуніктерімізде қалыптасқан бірыңғай салттар, тәрбие, идеология. Сонымен бірге олардың сыбайлас жемқорлыққа деген көзқарастары мен жемқорлық әрекеттеріндегі ұқсастықтарды да ескергеніміз жөн. Екі ел де аумағы жағынан үлкен, халықтың орналасуы сирек. Екі ел де табиғи ресурстарға бай, әрі білімді халқымен ерекшеленеді. Ресей қазіргі уақытта  Қазақстанның саясат жағынан да, экономикалық, мәдени жағынан да стратегиялық серіктесі болып табылады.

Эстония елі посткеңестік республикалар ішінде сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 6,6 баллмен 27 орында, яғни жоғары рейтингке ие. Испания, Израиль, Португалия сияқты елдердің алдыңғы қатарына шықты. Бұл тәжірибенің ерекшелігі сыбайлас жемқорлықпен күресті компюьтерлендіру арқылы жүзеге асыру қарастырылған, бұл Қазақстан үшін де таңсық емес. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан Республикасында «электрондық үкіметті» құру пилоттық бағдарламасын іске асырып жатқанын естеріңізге сала кетейік.
Сонымен, сыбайлас жемқорлықпен күрестің әлемдегі ең үздік халықаралық тәжірибесіне қысқаша шолуды ұсынамыз.

Сингапур
Бүгінгі таңда Сингапур елі сыбайлас жемқорлыққа қатысты ең «таза» мемлекеттердің қатарында. Сингапур билеушілері, шынымен де, жемқорлықпен күрестің қызмет етіп тұрған және нәтижесін беріп отырған тиімді механизмін жасай білді. Бұл елде жемқорлықпен күрес үздіксіз жүргізіліп отырады. Бұған 1952 жылы құрылған сыбайлас жемқорлық жағдайларын тергеу Бюросы арнайы органының үздіксіз жұмысы дәлел.  Бюро мемлекеттік шенеуніктер арасында болған жемқорлыққа қатысты жағдайларды тексеріп, тиісті органдарға қажетті шараларды қолдану үшін хабарлап отырады. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жақын мемлекеттік органдардың жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін басқару жүйесіндегі «әлсіз тұстарын» айқындау мақсатында зерттейді. Егер жемқорлық әрекеттерін тудыратын жағдайлар табылса, Бюро бұл органдардың басшыларына тиісті шараларды қолдануды ұсынады.
Сингапур елінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының басты идеясы «жеке тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекет жасауға мүмкіндіктерін, жағдайларын болдырмауға мейлінше тырысу» болып табылады. Бұл бірқатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымдардың негізінде жүзеге асырылады, мысалы:

Сингапурдің мемлекеттік қызметі меритократия (жеке еңбегінің жүйесі), бейтараптық, қоғамға есеп беру, адалдық, жемқорлыққа қарсы тәртіптілік негізінде қызмет етеді. Ол халықтың әр арызына мұқият көңіл бөледі. Әр Министрлікте жұмыс сапасын арттырумен шұғылданатын бөлімдер қызмет атқарады. Жұмыс сапасын арттыру мақсаттарының бірі- қызмет көрсету тұтынушыларын 15-20 минуттан артық күттірмеу.
Мемлекеттік қызметті дарынды, қабілетті мемлекеттік қызметшілермен қамтамасыз ету үшін, мектеп қабырғасындағы келешегі зор, озық оқушыларды анықтап, оларды оқу барысында қолдап, университеттерге түсу үшін шәкіртақылар тағайындап, шетелдерде оқыту мәселесіне көңіл бөлген. Біртіндеп Сингапурдің мемлекеттік қызметінде ең дарынды әрі қабілетті, білікті мамандар жұмыс істей бастады.
Сингапур ақша саясатына қатаң бақылау қоя білді. Мысалы, сайлау кампанияларында шығындарға қатаң шектеулер қою, жеке министрліктер мен парламент мүшелері үшін емес, тек саяси партиялардың пайдасына ғана қайырымдылық көрсету, үкімет саясатына пара беру арқылы әсер етпек болғандардың әректтеріне жол бермеу.
Бұл мәселе төңірегінде қоғамдық пікірді қалыптастыруда, сыбайластық фактілерін әшкерелеуде БАҚ-ның атқарар мәні зор.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес - Сингапурдің экономикалық өсуінің басты факторларының бірі. Сингапурдің сыбайлас жемқорлықпен күрес тәжірибесі күшті саяси ерік-жігер мен жалпы қоғам тарапынан түсінушілік пен қолдау болса, жемқорлықтың тамырына балта шабуға болатынын көрсетеді.

Малайзия
Малайзия елі өзінің қысқа ғана тарихында (бұл ел өз тәуелсіздігін 1957 жылы ғана алған) аграрлық елден халқының әл-ауқатын үнемі көтеріп отыратын дамыған елге айналды.
Малайзияда  Малазиялық Сыбайлас Жемқорлыққа қарсы Академиясы (МАСА-ары қарай ) қызмет атқарады. Бұл азиаттық-тынықмұхиттық өңірдегі осы саладағы тұңғыш институт болып табылады. 2005 жылдың желтоқсанынан  жұмыс істеп келе жатқан Малазиялық сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттіктің бір бұтағы іспеттес. МАСА сыбайлас жемқорлыққа қарсы әлеуетті көтеру бойынша ең үздік тәжірибелерді зерттеп, қолданылуын бақылап, мониторинг жүргізуші өңірлік орталық болып табылады.
Малайзия елінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіндегі жетістіктері қызмет етіп тұрған Малазиялық Сыбайлас Жемқорлыққа қарсы Агенттік пеноның бөлімшесі Академияның алдын алу шараларын ұйымдастыруымен тығыз байланысты.
Академияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту бағдарламаларын қамтамасыз ететін оқытушылар құрамы мен қызметкерлер штаты бар. Сонымен қатар Академиялық, зерттеу,  дамыту жөніндегі, халықаралық оқыту орталығы деп аталатын төрт департаманті бар.
Малайзияда әкімшілік сыбайлас жемқорлық жойылды деп айтуға болады. Бұл үш бағыттағы кешенді саясатты жүргізудің нәтижесінде іске асты:  

Үздіксіз түрде әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеулер « қалың бұқара арасында жүру» жолы арқылы жүргізіліп отырады. Бұл халықтың сыбайлас жемқорлыққа кері пікірлерін қалыптастыруға әсер етеді.

Қытай
ҚХР-да жиі-жиі талқыланатын жемқорлық жанжалдар мемлекеттік қызметкерлердің мұндай қылмыстық әрекеттеріне қарсы белсенді және нәтижелі күрес жүргізілуін көрсетеді.
Бірақ бүкіл адамзаттың бестен бір бөлігі өмір сүретін, қазіргі кезде коммунистік партия жетекшілік жасап отырған, мың жылдық пұрсатты бюрократия дәстүрі бар мемлекетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді нәтижелі жүйені ел басшылығының қалай жасағанын түсіну қиын.
Қазіргі уақытта Қытайда сыбайлас жемқорлықты белгілеудің екі түрі бар және осыған сәйкес оны түсінудің екі деңгейі бар.
Қылмыстық-құқықтық мағынасы. Сыбайлас жемқорлық –парақорлық. «Тань’у» (ұрлық, қазынаны ұрлаушылық) және «хуэйлу» (парақорлық, параға сатып алу) терминдерімен белгіленеді. Сонымен, нормативтік құжаттарда сыбайлас жемқорлық көп жағдайда дәл осылай көрсетілген, ҚХР Қылмыстық кодексінде қылмыстық-жазаланатын іс ретінде қарастырылып, дәл осылай қарастырылған.
Саяси-құлықтылық мағынасы. Сыбайлас жемқорлық–бұзылу. «Фубай» (бұзылу, шіру) сөзімен белгіленеді. Бұл термин қытай саяси лексиконына марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерінен енген деп саналады және ол еңбектерде батыс капиталистік тәртіптерге тән құбылыстарды көрсету үшін пайдаланылған. Қазір бұл ұғым өз қызметтік жағдайын асыра пайда, жеңілдік табу үшін пайдаланатын барлық деңгейдегі шенеуніктердің қоғамға қарсы және пайдақорлық барлық іс-әрекеттеріне таратылады.
Қытайлық сыбайлас жемқорлықты қарастыра отырып, бұл құбылыс сыбайлас жемқорлықтың «азиаттық үлгісіне» жататынын, мемлекет қызметімен байланысты дағдылы және қоғамдық-қолайлы мәдени және экономикалық құбылыс екенін ескеру қажет.
Қытайда ерекше пұрсатты, құрылымданған, өздігінен ұдайы өндірілетін топ ретіндегі шенеуніктік аппараттың мың жылдық болу дәстүрі жағдайды ұлғайта түседі. Ал мұндай топқа жату аса абырой болып есептелінетін және есептеледі де. Осыған сәйкес Қытайдағы сыбайлас жемқорлық та бұдан кем емес дәстүрге ие болуы оны барлық қытайлық мемлекеттік механизм қызметінің бөлінбес бөлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Зерттеушілер қытайлық жемқорлықтың циклділік үлгісі туралы айтады. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің ең қауіпті жауы деп жарияланған партия съезі өтеді. Бұдан кейін жемқорлық деңгейі біраз төмендейді, сонан соң одан да ұлғая түседі. Келесі съезд өтеді және тағы да сол жағдай қайталанады.
«Соғыс стратегиясы» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қытайда жүргізілген күрес тәжірибесі қызықты. Бұл күрес 1951 жылдың желтоқсанында, бүкіл Қытайда «үш қарсы» (сыбайлас жемқорлыққа қарсы, бюрократтыққа қарсы, ысырапшылыққа қарсы) бағдарламасымен бірге басталды. Бұл кезде мыңдаған адамдарға сыбайлас жемқорлық қатынастарына түскендері үшін өлім жазасына үкім шығарылды. Тек қана сыбайлас жемқорлық туралы істерді қарастыратын арнайы халық соттары құрылды. Үкімет әр адамнан оған сыбайлас жемқорлық туралы білетінін хабарлауды талап етті. Кампания ресми түрде 1952 жылдың маусымында аяқталды. Акция нәтижелері таң қаларлық. Тіркелген сыбайлас жемқорлық саны 1950 жылы 500000-нан орта есеппен 1951 жылдан 1965 жылға дейін 290000-ға дейін төмендеді.
«Соғыс стратегиясының» артықшылығы:
Сыбайлас жемқорлық мәселесі тұжырымдалып, күн тәртібіне қойылады. Жемқорлыққа қарсы күрестің алғашқы қадамы – сыбайлас жемқорлықтың болуы маңызды мәселе ретінде танылуы. Сыбайлас жемқорлыққа әкімшілік немесе мәдени түрде тыйым салынған қоғамдарда жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу мүмкін емесі анық. Мұндай көзқарас мәселені ескермегеннен гөрі ұтымдырақ.
Нәтижеге жылдам қол жеткізу. «Соғыс стратегиясы» нәтижені аз уақыт ішінде береді. Жазалау шаралары ашық түрде жүргізіледі, сондықтан көптеген адамдар мұндай жазаның куәгері бола алады,  бұл шаралар саяси жарнама ретінде қолданылғандықтан, қоғамға тез жарияланып, ұзақ уақыт бойы есте сақталады.
«Соғыс стратегиясының» кемшіліктері:

1966 жылы басталған Мәдени Революциядан кейін сыбайлас жемқорлық қайтадан жалпы барлығының назарын аудартуда. 1982 жылы Орталық партия комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа кампанияны бастайды. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда көлеңке (астар) сыбайлас жемқорлықтың күрт өсуі оны жүргізуді қиындатты. Бұл ең алдымен шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте «қарсы күш» орнатып, бірін-бірі «жасыра алатын» тұрақты бірліктер құруымен байланысты. Мемлекет бұған қарсы бақылау органдарын қайта құру, қылмыстық кодекске қосымша сыбайластық қатынастарға түскені үшін қатаң жаза қолдануды көздеген арнайы заңдарды қабылдау шараларын жүргізді. Осы кампания нәтижелері өте қарапайым болды. Мұны бақылау органдарының келіп тексеретінін алдын ала білген шенеуніктер «шабуыл жасау және қорғану одақтарын» құрып отырғаны туралы болжаммен түсіндіруге болады. ҚХР Оталық тәртіп комитеті сыбайластық жемқорлықты анықтауда қатаң мәселелерге кездесті. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа жоғары қызметтегі шенеуніктер қатыстырылып, өз қол астындағы адамдарға қолдау жасап отырды. Кей уақытта шенеуніктердің бірі жоғарыға сыбайлас жемқорлық туралы хабарласа, оны өзінің бастығы немесе қызметтес жемқорлар жібермей, жолдан қайтарып алып отырды.
ҚКП ОК жанынан құрылған тәртіпті тексеру жөніндегі Орталық комиссияның 2007 жылы өз еркімен сыбайлас жемқорлық жөнінде түсінік беріп мойындаған шенеуніктерге «мейірімділік» танытылатыны туралы жарлық шығарғаны қызықты тарихи факт болып табылады. Күттірмеген нәтижеге қол жеткізілді: тек қана бір ай ішінде 1790 адам өз ісін мойындап, мемлекетке 10,2 млн АҚШ доллары қайтарылды.
Өкіметтің барлық органдарында кадрларды ауыстыру сыбайлас жемқорлықпен күресудің өз тиімділігін тәжірибеде дәлелдеген жолдарының бірі болып табылады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті белсенді жүргізу барысында партиялық және мемлекеттік аппараттың провинциялық тобына бақылау күшейтілді, барлық провинциялық элиталардың артық дербестігі мен саяси ықпалына шек қойылып, орталықтың нұсқауына бағыну қажеттілігі жөнінде қатаң талаптар қойылды. Бұрын көп жағдайда провинциялық және қалалық партия комитеттері хатшыларының қол шоқпарымен басқарылып келген шет жерлерде тәртіпті тексеру жөніндегі комиссиялардың жетекшілері ауыстырылғанын ерекше атап өту қажет.

АҚШ
АҚШ заң шығару құралдары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудегі батыл саясатымен ерекшеленеді. Халықаралық деңгейде алып қарасақ, жемқорлық мәселесіне аз назар аудармайтын басқа Еуропа елдерімен салыстырғанда, бұл елдің қылмыстық заң шығаруында  сыбайлас жемқорлыққа терең кең ұғым берілетіні мойындалады.
Америкалық қылмыстық заң өзгеше құрылымымен ерекшеленеді. Ол  федеральды қылмыстық заң және бөлек штаттардың қылмыстық кодекстерінен тұрады. Және штаттар да, федеральды заң да тұтас сыбайлас жемқорлық саласындағы лауазымдық қылмыстардың бірдей түрлері үшін жауапкершілікті көздейді. Сыбайлас жемқорлыққа жататын федеральды қылмыстық-құқықтық нормалар негізгі бөлімі АҚШ Заңдар жинағының 18-тарауында.
АҚШ-та лауазымды тұлғалар сыбайлас жемқорлығы ұғымына Заңдар жинағының 18-тарауындағы төрт бөлімінде қарастырылған құқыққа қарсы әрекеттер жатады: 1) 11-бөлім «Парақорлық, арам табыстар, лауазымды адамдардың қызметтік жағдайын теріс пайдалану»; 2) 93-бөлім «Лауазымды тұлғалар және жалданған қызметкерлер»; 3) 41-бөлім «Күштеп алушылық және қорқыту»; 4) 29-бөлім «Сайлау және саяси қызмет». Федеральды лауазымды қылмыстарға федеральды банк жүйесіне зиян келтіре алатын банк қызметкерлерінің әрекеттері де жатады. Федеральды резервтік жүйеге жататын немесе Федеральды сақтандыру корпорациясымен, Ұлттық ауылшаруашылық несие корпорациясымен сақтандырылған кез келген банктің лауазымды тұлғалары, директорлары немесе жалданған қызметкерлері банк инспекторына несие немесе шай-пұл ұсынса, олар қылмыс жасады деп есептеледі, оларға 5000 долларға дейін айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер банк инспекторлары ұсынған несиені немесе шай-пұлды алатын болса, олар да дәл осылай жазаланады.
Мелекеттік қызметке тағайындау кезінде ықпалын пайдалану мақсатымен параға сатып алу лауазымдық зиян келтірудің өзгеше түрі болып табылады. Мұндай жағдайда пара алу тура мағынасында емес, сыйақы келешекте тек өз ықпалын пайдалануға сөз бергені үшін ғана беріледі немесе алынады. Бұл қылмыстың субъектісі тек жеке тұлға ғана емес, сондай-ақ фирма да, корпорация да бола алады. Келешекте лауазымға тағайындау кезінде қолдау көрсету немесе ықпал жасау үшін ақы төлеген, ұсынған немесе төлеуге сөз берген адамдар да жауапкершілікке тартылады. Федеральды заң қызметтік жағдайын теріс пайдаланушылыққа:
- Мемлекеттік қызметкерлердің негізгі лауазымдық қызметтеріне сәйкес келмейтін іспен айналысуы;
- шенеуніктердің мемлекеттік қаражат, ақпаратты пайдалану және алыпсатарлық арқылы баюға бағытталған әрекеті жатады.
Федеральды заңда мемлекеттік лауазымды тұлғалардың мемлекеттік өкімет органдарынан кеткеннен кейінгі іскерлік белсенділіктерінің шектелуі алдын ала қарастырылған. Егер жұмыс істеп жүрген шенеунік үкіметтің лауазымды тұлғасы ретінде «жеке және маңызды» нақты мәселелерді шешуге қатысса, ол жұмыстан мүлдем шыққаннан кейін келешекте атқарушы өкімет органдарымен дәл осындай мәселелерді шешу үшін кез келген адамның мүддесін қорғауға құқығы жоқ және бұл тыйым тұрақты болып табылады. Жұмыстан мүлдем шыққаннан кейін жоғары дәрежедегі мемлекеттік қызметкер бір жыл бойы өзі қызмет атқарған ведомство алдында кез келген сұрақ бойынша кез келген адамның мүддесін қорғауға құқығы жоқ. Сайлаулар және саяси қызметпен байланысты лауазымдық қылмыстар америкалық заңда қарастырылуы кездейсоқ емес. АҚШ-та саяси сайлау кампаниялары ең қымбат болып есептеледі.
Саяси кампанияны өткізу кезінде саяси қызметке қатысқаны үшін, кандидатқа немесе саяси партияға дауыс бергені үшін, жалданып жұмыс беруге немесе басқа да пайда көрсетуге уәде бергендер де жауапкершілікке тартылады.
АҚШ Заңдар жинағының жоғарыда көрсетілген ережелерінен басқа сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмауға арнайы заңдар бағытталған. Бұл арнайы заңдарда этикалық және тәртіптік нормалар, атап айтсақ, 1990 жылғы Үкіметтік шенеуніктер мен қызметкерлердің этикалық тәртіп қағидалары, 1978 жылғы «Үкіметтік мекемелердегі этика туралы» Заң.
Құқық қорғау органдарына, соның ішінде полицияға барлық азаматтардың құқықтарын және қауіпсіздігін сақтау сеніп жүктеледі. Сондықтан бұл салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу аса маңызды. Бұдан басқа АҚШ-та барлық полиция бөлімдерінде жалпы тәртіп стандарты ретінде полиция қызметкері үшін этикалық кодекс қабылданған. Мұндай саясат жоғары нәтиже береді.
АҚШ-та жоғары лауазымды тұлғалар жөніндегі қылмыстық істерді Вашингтондағы округтік федеральды соттың арнайы бөлімімен тағайындалатын тәуелсіз прокурор тергеу жүргізеді. Сонымен қатар АҚШ конгресс комитеттері президентпен және жоғарғы лауазымды адамдармен жасалған құқық бұзушылық фактілерін тергеуге құқылы.
Мемлекеттік өкіметтің федеральды органдарында сыбайлас жемқорлықты тергеуде негізгі рөлді Федеральды тергеу бюросы атқарады. Тағайындалған және сайланған лауазымды тұлғалардың жасаған әрекеттері федеральды заңдарды бұзушылық болып танылса, қылмыстың осы түрі бойынша ФТБ сот жүргізу құқығы тек федеральды ғана емес, сондай-ақ штаттық және жергілікті басқару деңгейлерінде таратылады.
Кіріспе бөлімінде айтылып өткендей, АҚШ тек ұлттық сыбайлас жемқорлыққа байланысты емес, сондай-ақ халықаралық жемқорлық тәжірибесіне байланысты заң бастамаларын қабылдайды. АҚШ-та алғашқы рет шетел шенеуніктерін параға сатып алуға тыйым салатын «Шетел сыбайлас жемқорлық тәжірибесі туралы» Заң қабылданды (1977 ж.). Дәл осы актіні қабылдаудың арқасында және АҚШ-тың басқа елдерде осыған ұқсас заңды қабылдауды үнемі талап етуіне байланысты (әлемдік рыноктағы америкалық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі еместігі фактісін жою үшін), 1997 жылдың желтоқсанында қабылданып, ал 1999 жылдың ақпанында Халықаралық мәмілелерді іске асыру кезінде шетел мемлекеттік шенеуніктерді параға сатып алуға қарсы күрес туралы ОЭСР Конвенциясы күшіне енді. Конвенция қол қойған елдерді шетел шенеуніктерін параға сатып алу үшін қылмыстық жауапкершілікті алдын ала қарастыратын ішкі заңдарды қабылдауды міндеттейді.
2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған терактілерден кейін ФТБ жұмысының басым бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болып табылатынын ескеру қажет.

Финляндия
Қазіргі кезде Финляндияда жыл сайын парақорлық үшін айыптау бойынша, сондай-ақ пара берушілік үшін де үш-төрт іс тергеліп қарастырылады. Пара туралы істердің ең көпшілігі соғыстан кейінгі онжылдықта және экономикалық дағдарыс кезеңі басталған 1980 жж. қарастырылды. 1945-1954 жж. пара алғаны үшін 549 адам сотталған, 1980-1989 жж. осындай 81 үкім шығарылған, ал 1990 ж. – барлығы 38.
Финляндияның Қылмыстық кодексінде «сыбайлас жемқорлық» сөзі мүлде аталмаған. Оның орнына шенеуніктердің парақорлығы туралы, мұндай құқық бұзушылықтың қиындығына қарай айыппұл төлеуден бастап төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілетіні туралы айтылған.
Финляндияда ешқашан сыбайлас жемқорлық туралы арнайы заң немесе оны қадағалайтын арнайы органдар құрылмаған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстықтың бір бөлігі ретінде қарастырылады және заңның, нормалар мен басқа бақылау жүйелерінің барлық деңгейлерінде реттеледі. Сонымен, сыбайлас жемқорлық әрдайым Конституцияның, Қылмыстық кодекстің, азаматтық қызмет туралы заңның, әкімшілік нұсқаулардың және басқа заңды актілердің ықпалында болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы номалардың сақталуын бақылауды және олардың бұзылу жағдайында шара қолдануды дәстүрлі сот және құқық қорғау органдары жүргізеді. Республика президентімен тағайындалатын, бірақ өз қызметтерінде толығымен тәуелсіз және тергеу жұмыстарын жүргізуге, шаралар қолдануға барлық құралдары мен құқықтары бар әділет канцлері мен парламент омбудсманы (адамның конституциялық және басқа құқықтары бойынша өкілетті адам) ерекше рөл атқарады.
Ерекше дәрежедегі жоғары лауазымды тұлғаларға (үкімет мүшелері, әділет канцлері, Жоғарғы немесе Әкімшілік сот мүшелері) қарсы айыптауларды қарастыру үшін, тек қажет жағдайда жиналатын, бірақ мемлекет Конституциясымен белгіленген ережелер негізінде қызмет атқаратын арнайы институт - Мемлекеттік сот қызмет етеді. Бұл сот сондай-ақ мемлекет Президентіне қарсы айыптауларды да қарастыра алады. Мемлекеттік сот Жоғарғы сот төрағасымен басқарылады және әкімшілік сот, қосымша сот төрағасынан, парламентпен сайланатын бес парламент депутатынан тұрады. Негізінде бұл жоғарыда көрсетілген дәрежедегі тұлғаларды лауазымдарынан босату жөнінде шешімдер қабылдай алатын «импичмент соты».
Финляндияда бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық бақылаудың тиімді құралы рөлін атқарады және сыбайлас жемқорлық туралы фактілерді толығымен жария етіп отырады. Бұл ел өкіметі бұқаралық ақпарат құралдарына үнемі назар аударып, жауап қайтарып отырады.
Финляндия сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықаралық-құқықтық құралдарды кеңінен қолданады, осы саладағы негізгі ұйымдармен бірге қызмет атқарады, өз заңы мен тәжірибесін халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкестендіреді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудегі финдық тәжірибенің ерекшелігі қандай? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір арнайы «фин үлгісі» туралы айту артық.Әрине, бізде де қолдануға болатындай кейбір заңдық-құқықтық ерекшеліктер бар. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі финдық тәжірибенің ең бастысы – сыбайлас жемқорлыққа негіз болатындай жағдайлардың тудырылмауында, ал болса да бұл құбылыстың төмендеуіне ықпал етілуінде.

Ресей
Ресейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің көп ғасырлық тарихы бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті князьдар, патшалар, императорлар, бас хатшылар, премерлер, министрлер және губернаторлар жүргізген.
Жемқорлыққа қарсы күресте атақты ресейлік жазушылар мен ақындар: Н.А. Крылов, А.С.Пушкин, Н.А. Некрасов, Н.В. Гоголь, М.Е. Салтыков-Щедрин және т.б. белсенділік танытты.
Ресейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізу мүмкіндіктерін түсініп баға беру үшін, бұл мәселені шешудегі негізгі серіктестердің: өкімет органдарының, азаматтық қоғамның негізгі бөліктерінің (кәсіпкерліктің, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық институттардың) және бүкіл қоғамның қатысу мүмкіндіктерін талдау қажет.

1. Бұқаралық ақпарат құралдары, бір жағынан, бұрыннан және тұрақты түрде сыбайлас жемқорлық айналасындағы оқиғалар алаңына айналды. Олар үлкен сұранысқа ие. Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше топтық монополия жоқ, сондықтан уақытша бұл тақырып күн тәртібінен алына алмайды.
Екінші жағынан, іскерлік элита БАҚ-ның күшін және оларға қаражат жұмсаудың саяси рентабельділігі тиімді экономикалық салдарға әкелетінін танып түсінді. Журналистар мен олардың «иелерінің» арасындағы заңдық және экономикалық қатынастардың реттелмегендігі бұл салада көлеңкелі және сыбайластық қатынастардың кең тарауына себеп болады. Нәтижесінде мемлекеттік емес БАҚ күшті азаматтық қоғам отрядынан экономикалық және бюрократиялық топтардың арасындағы күрес құралына айналуға мәжбүр болады.

2. Ресейлік бизнес үш тең емес бөліктен тұрады деп қарастырған жөн. Бірінші кішкентай бөлігіне бюджеттік қаражат және әкімшілік қорға мүмкіндітері негізінде өскен негізгі қаржылық топтар жатады. Бір жағынан, бұл топтар өзара бірімен-бірі бәсекелестікте болып, оларға жаңа топтар қосылады. Ресейдің толығымен олигархиялық мемлекетке айналып кетуі мүмкін емес. Ақырғы кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара соққы берулер азаматтардың көзін ашып және оларды жеқорлыққа қарсы күресудің жаңа кезеңдеріне дайындап, топтар күресінің маңызды құралына айналды. Бұл тәртіп бойынша күрес ұждансыз жемқорлық әрекеттерді қолдану алдында қорқыныш тудырады; шенеуніктер ортасында да, бизнестегі жетістікке жету әдістерінде де табиғи сұрыптауға көмектеседі, өкіметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы (уақытша әлсіз) күш салуына қызмет етеді.
Ресейлік бизнестің екінші бөлігіне бизнестің «екінші эшелон» өкілдері жатады. Шынайы бәсекелестік негізінде аяқтарына тұрған кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына негіз болатын өкімет пен бизнестің бірігуін көздемейді.
Ресейлік бизнестің бұл бөлігі нығайтылмаған және өз мүдделерін қорғауда тұрақты тиімді механизмдері жоқ. Әрі өкімет қалыптасқан дәстүр бойынша алғашқы шағын бизнесмендер отрядының өкілдерімен әрекеттеседі, көп жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күш салуына тірек бола алатын кәсіпкерлердің кең тараған қатарын ескермейді.
Көбінесе «шағын және орта бизнес» деп аталатын, демократиялық стандарттар бойынша орта топтың негізі болып табылатын кәсіпкерліктің үшінші тобы жаппай төменгі сыбайлас жемқорлыққа тікелей тәуелді. Бұл тарих көрсеткендей, тек буржуазиялық революциялардың ғана емес, сондай-ақ фашистік төңкерістердің де қозғаушы күші болып табылатын топтардағы ұлғайып келе жатқан әлеуметтік шиеленістің көзіне айналады.

3. Ресейлік қоғам. Әлі азаматтық жауапкершіліктің және демократиялық қағидаларды ұстанудың қалыптасуымен қорғалмаған ресейлік қоғамдық сана «жай рецептілерге» елігіп, «мықты қолдың» әсеріне түсуі мүмкін. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны іске асыру кезінде азаматтардың сенімін және олардың қолдауын табу өте қиын болады.
Ақырғы жылдары басқа өмір салаларына қарағанда, сыбайлас жемқорлық төмен деңгейде жайлаған қоғамдық ұйымдардың саны күрт өсті. Азаматтық қоғамның осы институттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша бағдарламаны іске асыруда үлкен көмек көрсетуі мүмкін.

4. Ресейлік өкіметтер қоғамдағы қолдауды жоғалтқандарына мазасыздануда. Өз қызмет мерзімін сайлау жүргізу арқылы ұзарту, өкіметтің өзінің заңды деп танылуын (кейде саналы, кейде сезіну түрінде) күшейтуге ұмтылуға итермелейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл осы мәселені шешудің тиімді құралдарының бірі екені ақиқат.
Сонымен, Ресейде өзге шаралардан басқа тікелей мәлімдеушіге қатысты жемқорлық фактілерін жария ету арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мақсат ететін қызықты Интернет жоба – «Параларға жол жоқ!» қоғамдық сайты қызмет етеді. Осы сайтпен және осы салада жұмыс істейтін басқа да ұйымдармен ұсынылатын ақпаратқа қажетті қызығушылық туған кезде құқық қорғау органдарының мүмкіндіктері кеңейе түседі. Сайттағы пара алушы туралы берілген ақпарат, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен айналысатын тиісті органдар үшін нақты көрсетілген тұлғаларға назарларын аударуға мүмкіндік беретіні маңызды.
Экономикалық дағдарыс көптеген мемлекетті және қоғамды басқару мәселелерін ұлғайта түсті. Беделді сарапшылар экономикалық қылмыстылық пен сыбайлас жемқорлықтың күрт көбеюіне сенімді болжал жасайды. Экономиканы тұрақтандыру үшін, өнеркәсіпті қолдау үшін және әлеуметтік жағдайлары төмен адамдарды қорғау үшін мемлекетпен бөлініп отырған қыруар қаражат сомасын кім және қалай жұмсайды? Кәсіпорындар дағдарысы кезінде, жинақталып қалған қарыздарды өтеуден бас тарту тәсілі ретіндегі криминалдық банкрот жариялау кезіндегі әлсірегендерді рейдерлердің басып алу мүмкіндігі туралы көп айтылып, көп жазылады
Әрине, Ресейдің қауіптенуіне негіз бар. Өтіп кеткен 2008 жылы Ресей құқық қорғау органдарының статистикасында 448.832 ашылған экономикалық қылмыстар тіркелген. Бұл қылмыстар түрінің заңды сипатын ескере отырып, өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіштің біраз төмендеуі (2,3%) ешқандай мәлімет бермейді.
Ресей Президенті Дмитрий Медведев Ресейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әлі жетістіктерге жетпегендерін мойындайды. Елбасы бұл туралы КПРФ активіне: «Біз күрес жолының ең басында келеміз. Айтарлықтай жетістіктерге әлі қол жеткізілген жоқ»,- деді Президент. Медведевтің пікірі бойынша, заң шығару саласында ғана жетістіктерге қол жеткізілді. Оның айтуы бойынша, КСРО-ның күйрегенінен кейінгі 20 жыл ішінде Ресейде алғаш рет «жұмыстың нормативтік шегін» құруға мүмкіндік туды. «Мен қазіргі кезде бұның іске асуы өте маңызды деп санаймын. Дәл қазір еместігі және барлық жерде еместігі түсінікті, бір жағынан, біздің құқық қорғаушылар осы ережелерді пайдалануға үйренуі, екінші жағынан мемлекеттік қызметкерлер өздерінің жаупкершіліктерін түсінуі маңызды. Әрине, өзінің қажеттіліктерін шектей алмайтындарды ауыстыру қажет болады», - деді Президент.

Эстония
Кеңестіктен кейінгі кеңістікте ең жақын Литва және Латвия сияқты көршілестерінен алға шыққан Эстония сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша көшбасшы ел болып табылады. Бұл елдегі реформалар, орасан зор күштің арқасында теңгерілген бюджетке қол жеткізілуінен басталды. Эстонияның бюджеттік саясаты кронаның және экономикалық өсімнің тұрақтылығын, төмен пайыздық мөлшерлемелерді, қадағаланатын инфляцияны және сыртқы инвестициялардың ағымын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Еуропада өзінің тұрақтылығымен және сақтылығымен мойындауымызға тұрарлық. Бюджетті құру кезінде эстондықтар демографиялық жағдайды – бала тууының төмендеуін және қоғамдағы қарт адамдардың көбеюін ескереді. Объективті көрсеткіштер бойынша, Эстонияда келешекте салық төлеушілер саны азаятынын, ал мемлекеттен қолдау күтушілердің саны көбейетінін көрсетеді.
Қолайлы жағдай туғызу мақсатымен отандық өндірушілер үшін тиісті кедендік баж салықтары енгізілді. Жемқорлықтан тыс және тәуелсіз полицияны құруға барлық күш салынды. 1994 жылы Эстонияда табыс салығының 26 пайыздық «жазық шкаласы»  енгізілді. Мұндай салық жүйесі жеке және корпоративті салық салу үшін біркелкі салық мөлшерлемесін пайдалануды көздейді. Бұдан кейін болып көрмеген күрт экономикалық өсім болды. Салықтың ұлғаюшы мөлшерлемесіне негізделген салық жүйесіне қарағанда бірыңғай салық адамдарды жұмыс істеп, жоғары еңбек ақылары үшін жазалаған жоқ. Жақын арада Эстония жолына Литва мен Латвия да түсті.
1996 жылы қабылданған мектептерді жалпы компьютерлендіру бағдарламасы келесі қадам болды. Бағдарлама төрт жыл ішінде іске асырылды. Қазір Эстонияның барлық мектептерінде ақысыз және жедел Интернет құрылған. Интернет төлемдер жүйесі де жылдам дамыды, халық оларды тез игеру үшін әртүрлі жеңілдік сұлбалары пайдаланылып, интернет арқылы әртүрлі құжаттарды ресімдеудің альтернативті тәсілдері құрылды. Әрине, мемлекеттік ұйымдарда кезек азайып, күні бойы барлығы 5-6 адамға дейін кеміді. Барлық жұмыс компьтерлік желі арқылы жүргізіледі.  
Үкіметтің барлық шешімдері міндетті түрде үш күн аралығында БАҚ-да жарияланады. Осыған байланысты шенеуніктерге өз шешімдерін қоғам және пресса алдында әрдайым түсіндіруге дайын болуға тура келеді. Мемлекеттің әр тұрғынына электронды ақпараттық жүйелер арқылы мемлекеттік органдардың барлық қызметі жөнінде мәлімет алуына мүмкіндік туғызылды.
Үкімет пен қоғамның күшін біріктіру және сыбайлас жемқорлықтың болуына әсер ететін қатынастарды жою мақсатымен Парламентпен Эстонияның азаматтық қоғамының даму концепциясы қабылданды. 2003 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңды пайдалану бойынша рийгикогу (парламенттің) комиссиясы құрылды. Комиссия мемлекеттің жоғарғы лауазымды тұлғаларының, соның ішінде парламент мүшелерінің, ел президентінің, үкімет мүшелерінің, судьялардың және т.б экономикалық мүдделері декларацияларының (табыстар) қорғаушысы болып табылады. Бұл арнайы комиссия лауазымды тұлғалардың экономикалық мүдде декларацияларының мәліметтерінің дұрыстығын тексереді. Комиссия парламентті де сондай-ақ қоғамды да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңның пайдаланылуының нәтижесі туралы ақпарат береді, жемқорлықтағы күдікті тексереді. Комиссия қылмыс белгілерін немесе әкімшілік бұзушылықтарды анықтаған кезде материалдарды тергеуге тапсырады.
Жалпы компьютерлендіруден – сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына адам факторының қатысын болдырмаудан басқа  - Эстонияда сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстарды анықтаумен айналысатын тергеушілер және полиция қызметкерлерінен тұратын штаты бар арнайы полиция құрылды.
Сондай-ақ 1999 жылдың басында Эстонияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң қабылданды. Бұдан басқа шенеуніктің өз қызметін теріс пайдалану немесе пара фактісі туралы хабарлауға болатын тікелей телефон байланысы бар.
Білімді және тұрғындардың тұрмысын компьютерлендіру эстон халқының өмірін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді деп айтуға болады. Қазіргі ақпараттық технологиялар мемлекет пен халықтың тілдесу үрдісін жеңілдетті және бюрократиялық кедергілерді жоюға көмектесті. Эстонияның «Электронды үкімет» жүйесі - бұл осы елдің ақпараттық технологиялар саласында алға жылжығандығының жоғары дәрежесінің көрсеткіші.
Біздің еліміз – Қазақстаннның соттық-құқықтық қатынастары бойынша бай тарихи тәжірибесі бар. Көшпелі қоғам негізінде құрылған қазақ әділ соты өзінің бірегейлігіне қарай жалпыға қадірі артып, «Әділеттіліктің алтын ғасыры» деп аталды. Халық жадында алтын ғасыр би әділдігінің және Тәуке хан билігінің кезіндегі заңдылықтың өркендеу кезеңімен байланысты. Билер соты қазақ қоғамының өмірінде нығаю рөлін атқара отырып, мемлекеттің маңызды институтына айналып, оның тірегі болды. Осы кезде  атақты «Жетi Жарғы» жарық көрді.
«Жетi Жарғының» негізгі бөлімдері:
1. «Жер дауы» - мұнда жайылым мен суат туралы дауларды шешу жолдары қарастырылған.
2. Отбасылық неке қию заңында некені қию, некені бұзу тәртібі, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері, отбасы мүшелерінің мүліктік құқықтары белгіленген.
3. Әскери заң, әскери міндетін атқаруды, бөлімдерді құруды және әскери бастықты сайлауды реттейді.
4. Сот туралы ережеде сот ісінің тәртібі белгіленген.
5. Қылмыстық Заңда өлтіруден басқа әртүрлі қылмыстар үшін жазалау түрлері белгіленген.
6. Құн Заңында өлтіру және денеге ауыр зақым келтіргені үшін жазалау түрлері белгіленген.
7. «Жесiр дауында» жесірлер мен жетімдердің жеке және мүліктік құқықтары, сондай-ақ қайтыс болған адамның туыстарының оларға қатысты міндеттері реттелген.
"Жетi Жарғыға"сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тікелей қылмысты адам тартылады, сонымен бірге қауымның ұжымдық жауапкершілігі қағидасы кеңінен тараған.  Сонымен, егер жауапқа тартылушы сотқа келмесе немесе тиісті айыппұлды төлемесе, онда айыппұл бүкіл қауымға салынатын. Мұндай жағдайда қауым мүшелеріне жауапқа тартылушыға өз қалаулары бойынша жаза қолдану құқығы беріледі. Қазақтарда бас бостандығынан айыру сияқты жазалау шарасы да, абақты да болмаған. Зерттеушілер қазақтардың қылмыстық құқығының адамгершілігін атап өтеді. Тек жеке жағдайда ғана өлім жазасы қолданылған. Мұндай жағдайларға зорлау және біреудің әйелін ұрлау жатады. Үкімді орындайтын ешқандай арнайы органдар болмаған. Бұл құқыққа талапкер ие болған.
Билер соты жоғары адамгершілік соты ретінде судьяның параға сатып алынбаушылығы, сот шешімдерінің адамгершілік бейімделуі және әділеттілік мәні ретінде, соттың ашықтығы және әйгілігі, сот шешімін дәлелдеуде және негіздеуде судьяның шешендігі, соттың екі жақты бірін-бірімен татуластыруға және құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның орнын толық толтыруға бағытталуы сияқты қағидаларына негізделіп, құрылды. Билер сотының ең әйгілі ерекшеліктерінің бірі – оның руханилығында: қарастырылған даулардың рухани мазмұны әрдайым басым болды, билер ең алдымен қоғамда қалыптасқан адамгершілік нұсқауларды ұстануға тырысқан.
Сонымен, қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «дайын рецепт» жоқ. Бірақ енгізілген және тәжірибеде қолданылып жатқан көптеген табысты мысалдар, әдістер, «жаңалықтар» бар. Қазақстан өзінің ерекше менталитетін, адамгершілігін және жеке тұлғаға деген құрметін сақтай отырып, әрдайым басқа елдердің тәжірибесінен ең жақсысын таңдап алатындығымен, басқалардан үйренуге ұялмайтындығымен ерекшеленеді. Мұның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді тәжірибесіне де тікелей қатысы бар.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 22.05.2012 / 22.05.2012