Тарбағатай елін тамсандырды

Барқытбелдің баурайы неше күн бойы ән бесігінде тербетілді. Тарбағатай ауданындағы өнер жәрмеңкесі Ақсуат ауылындағы гала концертпен түйінделді. Оған он мыңнан астам көрермен жиналды.

Әлқисса. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қойылған міндеттерді нақты іске асыру мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен облыстың өнер ұжымдары өңіріміздің аудан-қалаларына гастрольдік сапармен шығуды қолға алған болатын. Сондай мәдени көш-керуеннің бірі Тарбағатай ауданына ат басын бұрыпты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тікелей басшылығымен құрамында облыстық драма театрдың, «Бәйжігіт» атындағы ұлт аспаптар оркестрінің, «Ертіс-концерт» мекемесінің және Ғибрат Азубаев жетекшілік ететін хореографиялық ұжымның, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы ауыл-ауылды аралап, қалың жұртшылыққа баға жетпес рухани азық сыйлады. Өнерпаздар Ақжар, Тұғыл, Жетіарал, Көкжыра, Ақсуат сияқты бірқатар ауылдарда болып, көрермендерін ән мен жырға бөледі. Аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейінде аса құнды экспонаттар қойылған көрме ұйымдастырылды. Көрмені тамашалаған ақсуаттық ағайындар ерекше әсерде болды. Ал Тұғыл, Жетіарал, Ақжар ауылдарының тұрғындары облыстық жастар театрының әртістері сахналаған әзірбайжандық музыка майталманы У.Ғаджибековтің «Аршын мал алан» мюзиклін көріп, классикалық туындының Тарбағатай ауданының орталығы – Ақсуатта облыс өнер ұжымдарының гала-концерті өтіп, бұл кешке 10 мыңнан аса көрермен жиналды. Мәдениет үйінің ауласына сыймай кеткен көрерменге концерт үлкен «LED» экран арқылы ұсынылды. Бұл концерттен жақсы әсер алғанын айтады ауылдың абыз ақсақалы Т.Байқадамов.

– Ауылға өнер ұжымдары жиі келеді ғой, бірақ солардың бірі де бүгінгі ән кешіне жетпейді-ау. Өйткені олардың дені жансыз дауыспен халықты алдап, ұлттық бояуы жоқ мән-мағынасыз әндерді шырқайды. Бағасы да удай. Ал енді мынау концерттің жөні басқа. Осылай шалғай өңірге жиі-жиі келіп тұрсаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ақсақал.

Рас, «Шырайлы Шығысым» атты бұл концерт аудан халқының ұлттық рухын көтеріп, үлкен серпіліс әкелді. Сахнаның безендірілуінен бастап, әншілердің орындаған әрбір өнері көңілден шығып, көкейге қонып жатты. Күмбірлеген домбыраның сазымен ұлттық өнердің шырақшысындайбірегей туындылар ұсынған «Бәйжігіт» ұлт аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Ш.Рысханов) күйшілерінің күй тартысына, күміс көмей әнші, еліміздің Мәдениет қайраткері А.Нұрғожина, халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты А.Мазкенова, Н.Қабдоллаева, Ю.Юрочкина, сан қырлы өнер иесі Ғ.Азубаев, дәстүрлі әндердің насихатшысы Ә.Тұрғанбаев, А.Жақиянов, М.Хадыхан, Қ.Оралбаев, ақтаңгер ақын А.Кәкенов пен «Тарбағатай тауларын» шырқаған жерлесіміз С.Әкелеев сынды майталмандардың өнеріне халық дүркірете қол соқты. Аудандық мәдениет үйінің кіші залында ұйымдастырылған көрмеде Шығыс Қазақстанның археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер, Шілікті қорғанынан алынған алтын бұйымдар, өңірдің жануарлар дүниесінен сыр тартатын деректер жұртшылық назарына ұсынылды. Тұрғындар көрме арқылы туған өлке тарихымен жақын танысуға мүмкіндік алды.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 08.06.2018 / 08.06.2018