Білім көкжиегін кеңейтеді

Облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған 18 кітаптың маңызы жайында сөз болды. Оған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенттері қатысып, ана тілінде жарық көрген оқулықтар жөнінде пікірлерін білдірді.

Басқосуда әлемдік әдебиеттің жауһары саналатын бұл оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы баға жетпес байлық екендігі тілге тиек етілді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жобаның пайдасы көп. Біріншіден, студенттердің дүниетанымы кеңейеді. Екіншіден, жастарымыз шетелдік ғалымдардың еңбектерімен танысып, ойлау қабілеттерін дамытады, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, «Мәңгілік Ел» гуманитарлық және саяси зерттеулер орталығының басшысы Жанна Әубәкірова. Жиында батыс білімінің інжу-маржанын мемлекеттік тілде оқып-білуден тағы бір ұтарымыз – жастардың бойына патриотизм сезімін ұялатуға септігін тигізетіні жөнінде де айтылды.

– Әйгілі Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» атты кітабын оқысаңыз, қаржы саласына деген таным-түсінігіңіз түбегейлі өзгереді. Ал Джордж Ритцердің «Қоғамның макдональдизациялануы» атты оқулығын шолып шықсаңыз, қоғам мәдениеті жөніндегі түсінігіңіз молаяры сөзсіз. Бір мысал келтіре кетейін, 1993 жылы менің қатарластарым «Экономикс» кітабын 100 долларға сатып алған болатын. Ал сол жылдары пәтер жалдап тұрудың өзі 150-200 доллар шамасында болған. Сондықтан қазіргі заманның жастары қолда бар алтынның қадірін білулері тиіс, – дейді әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Элеонора Столярова.

Басқосу соңында студенттер әлемнің ең үздік оқулықтарын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алғандарына қуанышты екендіктерін жеткізді.

– Мен Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» деген кітабының ана тілімізге аударылғанын тосып жүрмін. Өйткені онда тіл табиғаты мен заңдылықтары туралы егжей-тегжейлі жазылған, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Назерке Серікбек.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 08.06.2018 / 08.06.2018