Жоба мемлекеттік тілді дамытуға әсер етеді

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндері кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы

Альбина Жанбосинова журналистермен кездесу өткізді. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты жобасы жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.

– Біздің университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Үлкен Алтай әлемі», «Тарихты жалғастырар жарқын жолдар» атты жылнама кітабы жарық көрді. Бұдан бөлек жыл сайын өлкетану оқулары ұйымдастырылып тұрмақ. Жалпы, қазақ ғылымының негізі сонау ХХ ғасырда қаланған болатын. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. Өздеріңіз білетіндей, жуырда елімізде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының тұсауы кесілді. Соған орай, Елбасының тапсырмасына сәйкес 100 оқулықты жүйелеу үшін арнайы Ұлттық аударма бюросы құрылды. Онда аударылған кітаптар ортақ базаға енгізіліп, біртіндеп бір жүйеге түсетін болады. Негізі, аталмыш жоба мемлекеттік тілді дамытуға, қазақы ортада ғылыми ұғымдарды сіңіруге ерекше әсер етпек, – дейді Альбина Жанбосинова. Кездесу барысында тарих ғылымдарының докторы аудармамен тілді жетік меңгерген мамандар айналысып жатқанын атап өтіп, мәтіннің ғылыми дәлдігін ұлттық жоғары оқу орындарының оқытушылары тексеретінін жеткізді.

– Біздің жастар осыдан бірнеше ғасыр бұрын психология, филология, философия, әлеуметтану, мәдениеттану, тарих, саясаттану жөнінде жазылған құнды деректермен танысатын болады. Осылайша, біз әлемнің нені дұрыс, нені бұрыс санайтынын ескере отырып, содан қорытынды шығарамыз. Меніңше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан ғылымның бұл жеті саласы қоғамдағы азаматтық ұстаным, моральдық құндылық, ар-ождан негіздерін қалайды, – деді Альбина Жанбосинова.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 08.06.2018 / 08.06.2018