Шәкәрім шығармашылығы – жыл кітабы

Биыл жеті түрлі білім білген, қазақтың заңғар ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толады.

Осы тұста сүйіншілеген тағы бір хабар бар. Ақын шығармалары республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясында «Жыл кітабы» атанып отыр. Осыған орай «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс орталығындағы Пушкин атындағы кітапханада «Шаһ-Керім: Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешке жиналған қонақтарға Семей қаласындағы «Шәкәрімтану» орталығының директоры Ақмарал Төлеуғазықызы бейнесәлемін жолдады. Сөз арасында ұлы философ туралы тың ақпараттарымен бөлісті. Сондай-ақ Шәкәрім әндерін тұңғыш орындаушылардың бірі – Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі болған Келденбай Өлмесековтің көзі тірісінде жазылған бейнежазбасы кешке жиналған жұртшылықты тебірентті.

– Ақынның шығармашылығымен етене таныспыз. Бұл кеште бірнеше жаңа зерттеу еңбектерімен танысып отырмын. Өзіміз де осы саладанбыз. Қазақ әдебиетінің биігі – Шәкәрім жайында оқып түгесу мүмкін емес шығар, бәлкім, – дейді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Естай Жаңабай. Орасан дарын мен ақындық тағдырға ие Шәкәрім туралы зерт- теу еңбектерінен жасақталған көрме кеш соңында көрермен көзайымы болды.

Шәкәрім шығармашылығы – жыл кітабы

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 08.06.2018 / 08.06.2018