Қыркүйектен бастап әлемдік бестселлерді оқиды

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенттері «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылатын құнды кітаптардың мазмұны мен маңызын талқылады. Басқосу барысында бұл шараның бүкіл әлеуметтік-гуманитарлық сала үшін маңызды екені жөнінде де айтылды. Кездесу барысында аталмыш жоба аясында жарық көрген оқулықтар бәріне тегін таратылып, ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап оқу барысында пайдаланыла бастайтыны мәлім болды. Сондай-ақ басқосуда аталмыш жоба аясында әлемнің гуманитарлық саладағы інжу-маржандарының қазақ тілінде сөйлеуі рухани жаңғыруымызға ерекше әсер ете- тіні жөнінде де кеңінен айтылды. Кездесуде сөз алған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың проректоры Ирина Ровнякованың айтуынша, университет кітапханасында XVII, XVIII, XIX, XX ғасырларда жазылған оқулықтар сақталған. Алайда оның барлығы француз, неміс, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көріпті.

– Ұстаз ретінде мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім берілетініне қуаныштымын. Бұл жоба бізге әлемнің үздік университеттерінің бағдарламаларын пайдаланып, білікті мамандар даярлауға септігін тигізеді. Алдағы уақытта қазақ тіліне аударылған оқулықтардың барлығын электрондық нұсқада да оқуға мүмкіндік туады. Бүгінде философия, әлеуметтану, экономика, менеджмент сияқты басқа да салаларға қажетті 18 кітап аударылып, жарық көрді. Жыл соңына дейін еліміздегі барлық жоғары оқу орны бұл кітаптармен толық қамтылмақ, – дейді Ирина Ровнякова. Кездесу барысында жастар латын қарпіне көшу мәселесін талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 08.06.2018 / 08.06.2018