Жаңалықтар

Ұланда жаңа емхана ашылады

 

Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің Ұлан ауданына жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Аймақ басшысы Ұлан ауданы әкімі Нұрымбет Сақтағановтың 2019 жылы атқарылған жұмыс қорытындысы туралы халық алдында есеп беру кездесуіне қатысып, аудандағы бірқатар түйткілді мәселелердің шешімін айшықтады.

Ұлан ауданы кіші бизнес субъектілерін дамыту, туризм салалары бойынша көш бастап келеді. Ауылшаруашылығы, жұмыспен қамту көрсеткіштері де жаман емес. Соңғы жылдары 5 сүт-тауарлы фермасы ашылып, 13 ірі және орта қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылды. 

Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелерді көтерді. Аудандық орталыққа емхананың жаңа ғимараты қажет. Орта мектепте орын жетіспеушілігі байқалады. - Кенттегі оқушылар саны өсіп жатыр, бұл әрине, қуантпай қоймайды. Сондықтан аудан әкіміне қазіргі мектептің алғашқы жобасында көрсетілгендей, қосымша екі қабат салу үшін смета дайындауды тапсырдым, - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы
жаңа емхана мәселесі де жақын арада шешілетінін айтты. - Ол үшін аудандық әкімдікке "Досжан" темір жолы" компаниясының үш қабатты құрылыс нысаны беріледі. Заң талаптарына сай, барлық мәселелерді шешкеннен кейін, құрылыс жұмыстарына және қажетті жабдықтармен қамту үшін қаражат бөлеміз, - деді өз сөзінде Даниал Ахметов.⠀
Ұлан ауданындағы биылғы жылдың басты жоспары 40 пәтерлі жалдамалы екі тұрғын үйдің құрылысын бастап, орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендер үлесін  81%-ға жеткізу.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 29.01.2020 / 29.01.2020