Жаңалықтар

ШҚО: Зайсан ауданындағы ауылдарға газ құбырын тартуға 50 млн теңге бөлінеді

 

Облыс әкімі Даниал Ахметов Зайсан ауданы әкімінің 2019 жылғы атқарылған жұмыс нәтижесі туралы халық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысып, зайсандықтардың көкейде жүрген сауалдарына жауап берді.

Зайсан ауданы әкімі Серік Ақтановтың айтуынша, ауданның экономикалық дамуы негізгі өсім көрсеткіштері бойынша тұрақты. Өткен жылы инвестициялық түсім көлемі 8 млрд теңгені құрап, ауылшаруашылық өнім көлемі 25 млрд теңгеге жетті. Бұл соңғы үш жылдағы жақсы көрсеткіштер. Ауданда баспанамен қамту мәселесі де алға қойылған. 11 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, аудан орталығында 30 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріледі. Оның 27 пәтері көпбалалы отбасыларға тиесілі. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмекке 1173 отбасы ие болды.

Кездесу барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов шекаралас аудандарды дамыту бағдарламасы аясында Зайсан ауданын дамытуға тиісті қаржы мөлшері бөлінетінін жеткізді. – Зайсандықтарды толғандыратын басты мәселе – газ құбырын тарту. Осы ретте аудан ауылдарын газификациялауға 50 миллион теңге қаржы бөлінеді. Шілікті, Тасбастау, Жалшы және өзге ауылдарға жақын уақытта газ тартылады. Сондай-ақ, қоғам өкілдері жергілікті әкімдіктермен бірлесе атқарылған жұмыс барысы мен игерілген қаржы шығынына бақылау жасау қажет. Бұл сапасыз құрылыс жұмыстарын алдын алып, бюджеттік қаржының тиісті жұмсалуына мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.

Аудан тұрғындары аймақ басшысына ауылшаруашылықты дамытуға тиімді несие бөлу, әлеуметтік қамтамасыз ету, жол жөндеу, ауылдарды абаттандыру мәселелері бойынша өз сауалдарын жолдады. ШҚО әкімі барлық сауалдарды тыңдай келе, тиісті басқарма басшыларына әрбір мәселені жақын арада шешуді тапсырды.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 30.01.2020 / 30.01.2020