Жаңалықтар

ШҚО: Жарма ауданы тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін түбегейлі шешпек

  Жармада әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен Жарма ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде айтылды.

 Өткен жылы ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған 59 жанұя баспаналы болды, оның 29-ы көпбалалылар. Биыл тағы 30 көпбалалы және 15 аз қамтылған отбасы қоныс тойын тойламақ. Жоспар бар, жұмысқа аудан билігі білек сыбана кіріскен. Аймақ басшысына құрылысы былтыр басталған аудан орталығындағы жаңа қос пәтерлі тұрғын үйлерді таныстырған аудан әкімі осы қарқынмен үй кезегін жоюды көздеп отырғанын жеткізді.

Қалбатаудың қақ ортасында бой көтерген жаңа үйлерде қоныс тойын тойлағандардың бірі - Әлібек Мұхамадиевтің жанұясы. Төрт баланы тәрбиелеп отырған отбасы көптен армандаған баспаналарына қол жеткізіп, қуаныштарымен бөлісті. - Көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп, әлеуметтік қолдау білдірген мемлекетімізге алғыс айтамыз. Жалдамалы пәтерден жалыққан балаларымыз да өздерінің кең үйлерінде мәз-мейрам, - дейді отағасы.

Тұрғындармен тілдескен облыс әкімі алдағы құрылыста 80 шаршы метрді құрайтын пәтер мен аула аумағын ұлғайтуды тапсырды.

Халыққа берілетін үйлер тұрмысқа өте қолайлы, сапасы жоғары болу керек. Өйткені ұзақ жылдар үй кезегінде тұрып, баспаналы болған отбасылардың үмітін ақтай білгеніміз жөн. Сондықтан құрылыс жұмысын жүргізетін фирмалар сапа жағын қадағалау керек. Және де шаруасын дөңгелетуге мүмкіндік беретіндей әрбір үйдің ауласында 10 сотық жер телімі болу қажет, - деді Даниал Ахметов.

Айта кету керек, облыста арнайы бағдарлама аясында алдағы үш жылда көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамту межесі қойылған. Өткен жылдың өзінде кезекте тұрған 600-ге жуық көпбалалы жанұя баспаналы болды.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 29.01.2020 / 29.01.2020