Жаңалықтар

Риддер қалаcында Smart city жобасы енгізіледі

 Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевпен кездесіп, облыста «ақылды қала» жобасын енгізу барысын талқылады.

Smart city – бұл азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында инновациялық технологияларды енгізіп, қала инфрақұрылымын арттыруға бағытталған жоба. Яғни, қалалардағы денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс және ТҮКШ нысандарында орнатылған бірыңғай бейнебақылау жүйесі цифрлы мәліметтер жинақтауға мүмкіндік беріп, ақпараттық басқаруды оңтайлантыра түседі.

Облыс әкімі Даниал Ахметов өңірде «ақылды қаланың» модельді жобасын енгізуді ұсынды. – Жобаны Риддер қаласынан бастағанымыз орынды. Өйткені бұл қаланың инфрақұрылымы өте күрделі. Егер жүйе Риддерде сәтті жүзеге асырылса, өзге қалаларда техникалық кедергілер мен ақаулар кездеспейтін болады, - деді облыс әкімі. Компания сарапшыларының айтуынша, Smart city  жүйесі Риддер қаласындағы әлеуметтік нысандарды бақылаумен қатар, экологиялық қауіпсіздік сараптамасын арттыратын болады. 546 көп пәтерлі тұрғын үйде, 15 мектеп пен 100-ден астам құрылыс нысандарында орнатылған бейне камералары электронды басқару жүйесін арттырып, 10 экологиялық сараптау станциялары ауа ластануы туралы ақпарат таратады.

Айта кетсек, облыс аумағында «Цифрлы Қазақстан» сандық технологияларды енгізу мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар жобалар іске асырылып келеді. Әлеуметтік нысандар мен қала көшелерінде цифрлы бақылау камералары орнатылып, жұмыс істеуде.

 ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 16.01.2020 / 16.01.2020