Жаңалықтар

ШҚО әкімі көпбалалы отбасыларды мерекемен құттықтап, сыйлықтар тарту етті

 ШҚО әкімі  Даниал Ахметов Алтай қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Тұңғыш Президент күніне орайластырылған шаралар аясында аз қамтылған және көп балалы отбасылардың тұрмыс жағдайымен танысып, оларға тұрмыстық техника табыстады.

Даниал Ахметов Алтай қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Миршат Шакенованың үйінде болып, мерекемен құттықтап, теледидар тарту етті. Ең кіші баласы Еламан оқу үздігі, музыкамен және каратэмен айналысады. Аймақ басшысының келгеніне қуанған тоғыз жасар Еламан алғысын айтып, ер жеткенде жалғыз анасының үмітін ақтайтынын жеткізді. Даниал Ахметов отбасымен тілдесе келе, мемлекет тарапынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау аясында ауқымды шаралардың жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті. Айтып өтсек, жыл басынан облыстағы 388 отбасы баспанамен қамтылды. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардың барлық балалары тегін ыстық тамақпен қамтылған, осы мақсатқа 200 млн теңге бөлінген. Одан кейін Даниал Ахметов көп балалы Надыровтар отбасына барып, мектеп жасындағы балаларымен тілдесті. Ирина Надырова төрт баланың анасы, мамандығы бойынша мұғалім. Ең үлкен баласы 12 жаста болса, ең кенжесі бір жаста екен. - Көпбалалы аналар атынан әрдайым қолдау көрсетіп, қол ұшын беріп келе жатқан Елбасымызға, мемлекетімізге алғыс білдіремін. Облыс басшылығы да бізді назардан тыс қалтырмай, әрдайым көмек көрсетіп келеді. Елімізде тек тыныштық пен береке орнап, халқын ойлаған Елбасымыз аман болсын, - деді қуанышын жасыра алмаған көпбалалы ана.

Арнайы аймақтық бағдарлама аясында көп балалы отбасылардың балаларына 1747 грант бөлінді. Олар шәкіртақыға, тегін жол жүру мен тамақтану мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, 11 мың көпбалалы отбасы жан-жақты тегін медициналық тексеруден өтті.

Ауданға жасаған жұмыс сапары соңында облыс әкімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, аудан жұртшылығын құттықтады. - Бұл мереке Елбасына деген халықтың құрметін айқындайтын күн. Елбасының Қазақстан тарихында айрықша орны бар зор тұлға. Ел тәуелсіздігі Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен егіз ұғым. Еліміздің татулықта, ұлт пен ұлысқа бөлінбей өмір сүруі Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі, саясаты. Тәуелсіз Қазақстан ядролық полигоннан бас тартып, әлемдік қауымдастыққа еніп, ел беделі асқақтап келеді. Еліміздің шекаралас мемлекеттермен татулықта өмір сүріп, әлем мойындаған мемлекетпіз. Бұның барлығы Ұлт көшбасшысының көрегендігі,- деді Даниал Ахметов өз сөзінде. Сонымен қатар аймақ басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамуы, нәтижелі реформалардың сәтті жүзеге асырылып келуі Елбасымыз бастаған сара жолдың нәтижесі екенін айтып өтті.

Жиын барысында аймақ басшысы Алтай ауданының ауылшаруашылығы, білім беру, медицина, кәсіпкерлік саласын дамытып, жоғары көрсеткіштерге ие болған тұлғаларды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Жиын соңы балалар шығармашыл мерекелік концертке ұласты.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 30.11.2019 / 30.11.2019