Жаңалықтар

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың баспасөз конференциясы өтті

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қортындылары туралы баспасөз конференциясы өтті.

⠀ШҚО-ның барлық саласы бойынша дамудың оң динамикасы сақталып отыр. Болжам бойынша аймақтық ішкі өнім 3,8 триллион теңгеден аспақ.
⠀Облыста денсаулық сақтау саласын дамытудың кешенді жоспары жүзеге асуда. Биыл Семейдің Жедел медициналық көмек көрсету аурухасында елдегі жалғыз бірегей гибридті ота жасау бөлімі ашылды. Онкология және хирургия орталығына құны 1,4 млрд.теңге тұратын соңғы үлгідегі Тесла 3.0 МРТ алынды. Аурудың ерте кезеңін анықтап, емдеуге бағытталған жұмысты жақсартады. Облыстық онкологиялық диспансерге, Ана мен бала орталығына 128 тілікті екі компьютерлік томография орналастырылды.
⠀Жалпы үш жылда 1080 дана құрал-жабдық алынды, сондай-ақ, 5511 дәрігер, оның ішінде 276-сы шетелде оқып, біліктілігін арттырды.

ШҚО-да  білім саласында да жүйелі жобалар іске асырылып келеді. Шығыс Қазақстан - "Менің мектебім" жобасы бойынша облыстың 648 мектебі IT-сыныптармен жабдықталған жалғыз өңір. Оқушылар робототехника, 3D-модельдеу және бағдарламалау бойынша тегін білім алады. "Білікті маман" жобасы аясында өңірге қажетті мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында оқуға облыс әкімінің гранттары үшінші жыл қатарынан бөлініп келеді (ағымдағы жылы 400 грант).  Нәтижесінде 3 жыл ішінде түлектердің шетелдік жоғары оқу орындарына кетуі 1800-ден 535 адамға дейін, яғни 3 есеге төмендеді. Ағымдағы жылы облыстың 14 колледжіне 32 жаңа модификация кабинеті сатып алынды. Жетекші колледждер базасында WorldSkills стандарттары бойынша жабдықтармен жабдықталған құзыреттілік орталықтары құрылған. 3 студенттік жатақхана ашылды. 2020 жылы тағы үш жатақхананың құрылысы басталады.

Көп балалы аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларының кешенді бағдарламасы іске асырылуда. Өңірде аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 33583 бала тегін ыстық тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз етілген. 3,5 мың бала балабақшаларға тегін барады. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 4200 түлек колледждердің және жоғары оқу орындарының гранттарына ие болды.  388 отбасы немесе көп балалы отбасылар санатынан кезекте тұрған, бірінші кезекте ауылдық жерлерде тұратын 23% - ы жеке тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Алдағы үш жылда аталмыш санаттағы отбасылар толықтай баспанамен қамтылады.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 23.11.2019 / 23.11.2019