Жаңалықтар

Еске салайық, Шығыс Қазақстандағы 88 ауылдық округ пен төрт аудан орталығында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жұмыс комиссиялары құрылып, олардың құрамына қоғамдық ұйым өкілдері мен көпбалалы аналар енген-ді. Аталған комиссиялар көпбалалы отбасыларға берілуі тиіс үйлерді аралап, баспаналардың сапасын тексеріп, тіптен іргесіндегі қора-қопсы, бау-бақшасының жағдайын назардан тыс қалдырмаған болатын. Осындай жұмыстың нәтижесінде ауылдық округтерде 196, ал аудан орталықтарында 34 үй таңдалған. Іріктеліп алынған баспаналардың жалпы құны 558,5 миллион теңгені құрап, аталған қаражат «Парыз» қорынан бөлінген.

Сол кезде, яғни 26 маусым күні облыстық қоғамдық комиссия отырысына бейнеконференция арқылы қатысқан аудандарда құрылған арнайы топтардың мүшелері атқарылған жұмыс туралы есеп берген еді. Жиналғандар бұл мәселе бойынша тиісті құжаттарды реттеу үшін шамамен 10 күн қажет екенін айтқан. Үшінші шілде күні облыс әкімі журналистерге берген сұхбатында жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндап, кем дегенде 146 үйді сатып алуға жететін қаражат аударылғанын хабарлаған. Содан бері аталмыш бағытта қыруар шаруа тындырылыпты.

Оның жемісін облысымыздың ауылды жерлерінде тұратын көпбалалы отбасылар бүгін көрді. Дәл осы күні аталмыш санаттағы 230 жанұя көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп, қуанышқа кенелді.

Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов Глубокое ауданына арнайы барып, ондағы 13 отбасыға баспана кілтін табыстады.

– Көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлудеміз. Өйткені, біздің елдің байлығы – дәл өздеріңіздей жандар. Шығыс Қазақстанда ауылдық елді мекендерде тұратын барлығы 230-дан астам отбасы баспанамен қамтылатын болады. Бұдан кейін қалалардағы отбасыларды да пәтермен қамтимыз. Алдағы 2-3 айда бұл мәселені түбегейлі шешеміз, Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді облыс әкімі бапсана кілттерін тапсыру салтанатында.

Бұл күні баспаналы болған отбасылардың бірі Березовка ауылында тұратын Айнұр Тоқтарбаеваның жанұясы болды. Төрт баланың анасы бұған дейін дәл осы ауылдан үй жалдап тұруға мәжбүр болыпты. Енді аудан басшылығының көмегімен сатып алынған үш бөлмелі үйдің арқасында бұл күрмеуі қиын мәселе де шешімін тауыпты.

– Бұған дейін баспана үшін ай сайын 20-30 мың теңгеден төлейтінмін. Енді ел ағаларының қамқорлығының арқасында осындай кең әрі жарық үйге ие болып отырмыз. Қуанышымда шек жоқ. Облыс және аудан әкімдеріне, бұл істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтамын, – дейді қуанышын жасыра алмаған ана.

Бұл кезде облысымыздың өзге аудандарында да дәл осындай салтанатты шаралар өтіп жатты. Осы ретте баспаналы болған отбасылардың 37-сі – Бородулиха, 34-і –Көкпекті, 27-сі – Тарбағатай, 23-і – Ұлан, 20-сы – Үржар, 17-сі – Жарма, 15-і – Катонқарағай, 14-і – Шемонайха, 11-і – Зайсан, жетеуі – Аягөз, бесеуі – Күршім, төртеуі – Абай, екеуі – Алтай, біреуі – Бесқарағай ауданында тұрып жатқанын айтқан абзал.

Енді облыс аумағында көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жобаның екінші кезеңі жүзеге асырыла бастамақ. Оның аясында аудан орталықтарындағы баспана кезегінде тұрған 300-ден астам отбасына үй алып беру жоспарлануда. Қазір аудан-қала әкімдерімен бірге көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларды «Бақытты отбасы» ипотекалық несиелендіру бағдарламасы арқылы тұрғын үймен қамту мәселесі қарастырылып жатыр. Аталған бағдарламаның операторы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» екенін айтқан жөн. Бұл банк беретін қарыздың мөлшері 10 миллион теңгеге дейін жетіп, оны өтеу мерзімі 20 жылды құрамақ. Ипотеканың бастапқы жарнасы 10 пайыз, ал жылдық мөлшерлемесі екі пайыз мөлшерінде болады.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 11.07.2019 / 11.07.2019