Жаңалықтар

Жалпы, соңғы төрт жылда Алакөл жағалауын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың нәтижесінде шипалы көлде кәсібін ашуға ниетті кәсіпкерлер қатары артқан. Алакөл жағалауында кәсіпкерлер басын қосқан арнайы жиында аймақ басшысы Даниал Ахметов екі жыл бұрын жағажайда еңбек ететін кәсіпкерлерді тексеру, оларға осыдан екі жыл бұрын айтқан уәдесін еске алды.

­­­- Екі жыл бұрын сіздермен бірге өткізген жиын барысында тура осы мерзім ішінде біздің тараптан ешқандай сұрақ болмайтынын айттым. Ал қазір сол айтылған екі жыл межесіне жетті. Екі жылда жағажайды дамытуға біз қыруар қаражат салдық. Алдағы төрт жылда одан да көп мөлшерде инвестиция құйылады. Яғни, халқымыз бен Қазақстанға келер қонақтар жайлы жерде демалулары үшін қолайлы жағдай жасайтын боламыз. Сондықтан, сіздерді, құрметті кәсіпкерлер, салыққа салғырттық танытпай, ел алдындағы борыштарыңызды өтеуге шақырамын, - деді Даниал Ахметов.

Жиын барысында баяндама жасаған ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ержан Ктановтың айтуынша, 11 күннің ішінде жүргізілген тексерудің нәтижесі бойынша, 38 кәсіпорынның «көлеңкелі бизнесі» әшкереленген. 11 демалу базасы есепке алынған. Нәтижесінде  биылғы жарты жылдықта қазынаға түскен салық көлемі 33,1 миллион теңгені құраған. 

- 2018 жылы бюджетке 67,5 млн.теңге салық түсті.. Биыл оның көлемі 148 пайызға артып, яғни, 100 млн. теңгеге жетуі тиіс. Себебі, Алакөлге келетін туристер қатары 600 мыңнан асады. Алайда қазіргі  таңда кейбір демалыс базалары табыстарын толық көрсетпей отыр. Мәселен, бір ғана мысал, жағалаудағы 30 шаршы метр аумақта орналасқан кішкентай дәріхана 766 мың теңге салық төлейді. Бұл демалыс базалары көрсеткен мөлшерден екі есе көп. Қазіргі уақытта өкінішке орай, кәсіпорындар кірістің бәрін кассалық аппарат арқылы өткізбейді. Онлайн бақылау-кассалық аппаратын орнату қажеттілігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз, - дейді Ержан Ктанов. 

Алдағы төрт жылда Алакөлдің дамуына құйылатын қаржы көлемі 30 миллиардқа жетпек. Жоспарланған ауқымды жобалалар қатарында су құбырлары желілері мен су жинау құрылғыларын тарту, кәріз жүйелері мен су сүзгілеу өрістерінің құрылысы бар. Сонымен қатар, Мақаншы ауылынан Көктал ауылына дейін 110 кВТ-тық электр желілерін тарту міндеті тұр.

Алакөлді дамытуға бағытталған бағдарламаның жоспарына сай, мұнда толқындарды ұстайтын құрылғыларды орнату, сондай-ақ, екі шақырымға жуық жағалауды бекіту жұмыстары қарастырылып отыр.  Жоба «МорПорт Ақтау» құрылысының тәжірибесі бойынша салынады.

Үржар ауылындағы әуежайдың ұшу-қону жолақтарын қайта құру жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Жобаға сай, ұшақтар екі бағыт бойынша кіретін болады. Ал, жолақ ұзындығын 2100 метрге ұзарту, енін 45 метрге дейін кеңейту қарастырылған. Жаңа терминал салынып, сағатына 70 жолаушыны қабылдауға мүмкіндік ашылады. Жалпы, атқарылған жұмыстан кейін аталмыш аэропорттың 70-80 орынға дейін әуе транспортын қабылдау қауқарлығы артады.

– Жақын арада австриялық әріптестеріміздің радон суын игеру тәжірибесін қолға аламыз. Жоспарға сай, оны емдік-сауықтыру кешені бой көтереді. Жалпы Алакөлді дамыту жоспарына сай, 60 га аумақты құрайтын жаңа аудан бой көтереді. Онда 4 жүлдызды қонақүйылер салынып, жыл көлемінде жұмыс істейтін емдік-сауықтыру кешені құрылысы жсопарда тұр. Бүгінде біз үшін өзекті мәселе - ол Семей мен Өскеменнен Алакөлге дейінгі аралықтағы жолдың жағдайы. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Екі жылда Өскемен – Талдықорған бағытындағы жол толық жөнделініп бітеді. Қабанбай мен Алакөл жағалауына дейін ұзындығы 2,6 шақырым, ені 6 метр велосипед жолы салынады. Біз өз тарапымыздан уәде еткен істі орындаймыз. Сондықтан кәсіпкерлерді де жауапкершілікке шақарыманы. Мемлекет алдындағы борышты орындау керек - деді жиынды қорытындылаған Даниал Ахметов.

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 12.07.2019 / 12.07.2019