Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан мен Ресей арасында «Әдеби белдеу» жобасы жүзеге аспақ. Бастама өңірдің мол мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, әсіресе ресейліктерге таныстыруді көздейді. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов ҚР Ресейдің Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесу кезінде тілге тиек етті. Тараптар сондай-ақ, екіжақты әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады. Айта кетейік, ШҚО мен Ресейдің экономикалық қарым-қатынасты жоғары деңгейде өрбіп келеді.

 

Аймақ басшысы Алексей Бородавкинді Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қысқаша таныстырды. Бүгінде Шығыс  елдегі өнеркәсіптік-индустриялық сала қарыштаған облыс. Экономиканың базалық саласы түсті металлургия екенін ескерсек, өңірде тау-кен өндірісі, металл өңдеу өнеркәсібі және гидроэнергетика қарқынды дамуда.

Аграрлық секторда және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларының да мүмкіндігі артып келеді. Бұл ретте Өскеменде бірегей роботталған хирургия орталығының ашылуын ерекше атап өткен орынды. Сонымен қатар, облыста медициналық мекемелер заманауи жабдықтармен жарақтанып, дәрігерлер әлемнің үздік клиникаларында оқудан өтуде.

Елдегі рухани жаңғыру - идеологиялық жұмыстың платформасы болып отыр. Оның негізінде ШҚО-дағы тарихи орындар мен мұралар арқылы ресейлік туристерді тарту көзделген. Аймақ басшысының айтуынша, облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстандағы ең көне мәдени-танымдық ордалардың бірі, ал Невзоровтар отбасы атындағы және Шығыс Қазақстан өнер мұражайлары ел ішінде бірегейлігімен ерекшеленсе, соңғысы ТМД көлеміндегі көркем музейлер арасында бір төбе.

– Ресеймен бауырластық қарым-қатынас сақтау өте маңызды. ШҚО мен РФ арасында дәстүрлі "Алтай – біздің ортақ үйіміз" мәдени-гуманитарлық бағдарламасы аясында жылдар бойы қалыптасқан тығы қарым-қатынасымыз тек нығая түсуде. Жобаны ары қарай да қолдау қажет. Мәдени серіктестікті нығайту үшін туристерге арналған «Әдеби белдеу» жобасын ұйымдастыру жоспарлап отырмыз, – деді Даниал Ахметов.

Өз кезегінде Ресей елшісі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық, туристік салалардағы екі жақты қарым-қатынасты ары қарай дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

– Бұл менің аймаққа алғашқы сапарым. Біз екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарына аса мән береміз. Өйткені, ШҚО Қазақстанның  өнеркәсібінің іргесі болып табылады. Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның шет елдермен кең ауқымдағы бизнес байланыстары және әлемнің жетекші мемлекеттерімен металлургия, ауыл шаруашылығы, медицина және басқа да маңызды бағыттары бойынша сауатты экономикалық кооперациясы бар, – деді Алексей Николаевич.

Айта кетейік, өткен жылы ШҚО мен Ресей арасындағы тауар айналымының көлемі 1 млрд. 258 млн долларды құрады. Биыл бұл көрсеткіш 1 млрд. 4 млн. долларға дейін көбейтіп, экспорт пен импорт номенклатурасын арттыру жоспарлануда.