Жаңалықтар

ШҚО-ға Батыс Қазақстаннан делегация келді

Шығыс Қазақстан басшысы Даниал Ахметов Батыс Қазақстан облысының әкімі мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» (ҚПО) бас директорымен кездесті. Айта кету керек, бүгін ШҚО-ға аймақаралық кооперация аясында Батыстан бір топ делегация келді.  

Жұмыс сапары аясында қонақтар облыстың бірқатар ірі кәсіпорындарын аралады. Атап айтқанда, түрлі санаттағы арматура шығаратын 3 зауытта болды. Өскемен арматура зауытының роботталған дәнекерлеуші кешенімен танысты. Айта кетсек, ШҚО тауар өндірушілерінің тек қазақстандық нарықта емес, сондай-ақ, экспортта да әлеуеті зор. Мәселен, облыс орталығындағы өнеркәсіптік арматура зауытының мұнай кәсіптік жабдықтары мен құбыр жүргізу арматуралары Ресей мен Өзбекстанда да сұранысқа ие. Олар «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясымен белсенді түрде ынтымақтастық етуде. Ал аймақтық «Силумин-Шығыс» серіктестігі 5 жыл бойы ҚПО-мен тығыз іскерлік қарым-қатынас орнатып, жұмыс істеуде.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» қазақстандық тауар, қызмет тасымалдаушыларын дамытуға белсенді түрде үлесін қосуда. Осы мақсатта отандық және шетелдік тауар өндірушілердің серіктестігіне ықпал етер бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Өзара интеграция, яғни, әрекет ету мүмкіндігін туғызудамыз. Шығыс Қазақстан облысының компанияларымен жоғары деңгейде жұмыс істеу тәжірибеміз бар. ҚПО тасымалдаушылары мен мердігерлері арасында осы өңір компаниялары қатарының артқанын қалаймыз, - деді компанияның бас директоры Эдвин Блом. 

Қарашығанақ жобасындағы қазақстандық мазмұн үлесі бүгінде 6,5 миллиард долларды, яғни, 54,7 пайызды құрайды. Бұл ретте Елбасы қойыған міндетке сай, өңір кәсіпорындары Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында қызу қарқынмен қайта жаңғырып, барынша бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.  

- Жалпы «Өскемен арматура зауыты» соңғы жылдары 100 миллион доллар көлемінде қайта жаңарту жұмыстарын жүргізді. «Силумин-Шығыс» ЖШС 60 миллионнан астам доллар жұмсаса, Өнеркәсіптік арматура зауытында бұл сома екі есе артық. Осылай, біздегі әрбір кәсіпорын «техникалық толысу» тұрғысында өсу үстінде және бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, - деп атап өтті Даниал Ахметов. 

Іс-сапар аясында әкімдікте өткен жиында аймақтағы өнеркәсіптік компаниялардың Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнын игеру ісіне қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Бұдан бөлек, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстары арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салаларда серіктестік жасау туралы меморандумға қол қойылды. 

ШҚО-ға Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аймақаралық кооперация туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында келдік, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов. Басты мақсат Қарашығанақ консорциумының көкжиегін кеңейту. Яғни, Қазақстандағы барлық өнеркәсіптік кәсіпорындардың мүмкіндіктерін саралаймыз. Алдымызда тұрған басты міндеттің бірі – Қарашығанақ жобасын үлкейту. Бұл ретте ерекше айтарымыз, Шығыс Қазақстан еліміздегі ең үлкен индустриалды аймақ. Осындай сапарлар аясында біздің әріптестер – шетелдік инвесторлар бұрын шетелден сатып алынатын жоғары технологиялық жабдықтардың Қазақстанда барына көз жеткізуде. 

Кездесу барысында ШҚО әкімдігі мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» те жергілікті мазмұнды дамыту бойынша өзара серіктестік туралы меморандумға мөр басты. Бұл күні сондай-ақ, ҚПО мен «Силумин-Шығыс» ЖШС жиілікті-реттеулі жетектерін техникалық қызмет көрсету бойынша қызмет ұсыну туралы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.    

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі