Жаңалықтар

ШҚО «Мәңгілік полк» шеруі: «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» 

9-мамыр күні Өскеменде «Мәңгілік полк» шеруі өтті. Мыңдаған қалалықтар Ұлы Отан соғысын аттанған жауынгерлердің суреттерімен сап түзеп, Мәңгілік алау алаңына қарай жүріп өтті.

Облыс орталығының тұрғыны Зарина Кәрімова бұл шараға алғаш рет қатысып отыр. Оның батыр атасы – Кәрім Қамысбаев 1908 жылы өмірге келген. Соғыс басталған алғашқы жылы майдан даласына аттанады. Жаумен шайқаста «Ерлігі үшін» наградасымен, «Кёнигсбергті алғаны үшін» медалі және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.

Шеруге отбасымен бірге келген Анастасия Шевченко арғы аталарының суретін зор мақтанышпен алып өтті. 

- «Мәңгілік полк» шеруіне биыл бірінші рет қатысып отырмыз. Өкінішке орай, ата-бабаларымыз туралы қолымызда көп ақпарат жоқ. Бар білетініміз, атамыз Михайл Михеев танкіші болған. Ал арғы атамыз Петр Бекреев туралы мұлдем ешнәрсе білмейміз. Десе де, оларды еске алып, шараға қатысуды жөн санадық, -  дейді Анастасия Шевченко.

Ал Олег Половцев болса, акцияға бүкіл отбасы мүшелерімен бірге осымен төртінші жыл қатарынан қатысып отыр екен. 

- Жеңіс мейрамы — бұл біздің жанұямыз үшін ерекше күн. Менің әкем Михаил Половцев өз еркімен 17 жасында соғысқа аттанады. 1944 жылға дейін ұрысқа қатысып, ауыр жарақат алады. Ұлы Жеңіс туралы хабар жеткенде ауруханада болған, - деп еске алады Олег Половцев.

Еске алу акциясына тұрғындар Славский атындағы жағалау бойымен өзен вокзалынан Даңқ Мемориалына дейін жүріп өтті. Бір жарым шақырымға шақталған шеру екі сағатқа жалғасты.   

Шара Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Жиналғандарды Жеңіс күнімен ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев құттықтап, майданға 108 мың шығысқазақстандық шақырылғанын атап өтті. Олардың 109-ы Кеңес Одағы батыры, 24-і Даңқ орденінің иегері болды. 

- Бүгін біз Ұлы Жеңіс мейрамын тойлаудамыз. Әрбіріміз үшін қадірі мен қасиеті зор күнді ерекше құрметпен қарсы аламыз. Алып мемлекет халықтарының бірлігі мен келісімінің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізілгені ақиқат. Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері, сұм соғыстың бар қиындығы мен қатыгездігін көрген сіздер ел мақтанышысыздар. Бүгінде сап түзеп, ортамызда өскелең ұрпаққа өнеге болып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Қасымызда Қазақстанның жетістігіне бірге қуанып, марқая беріңіздер. Біз ешқашан Отан үшін, Жеңіс үшін жан қия күресіп, маңдай тер төккен батыр бабаларымызды ұмытпаймыз. Зор құрметпен мәңгі жадымызда сақтаймыз, - деді ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев.

Айта кетейік, қазір Даңқ Мемориалында мерекелік концерт өтуде. Кешке Өскеменде дәстүрлі «Шырақ жағу» акция мен отшашу болады деп жоспарланған. 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі