Жаңалықтар

Даниал Ахметов: «ҰОС әр ардагері – біздің ұлттық мақтанышымыз» 

         Шығыс Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне жарты миллион теңге тарту етілді. Қазіргі таңда облыста 240 майдангер тұрады. Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында ШҚО әкімі Даниал Ахметов бірқатар аудандарға барып, ардагерлерді жеке өзі құттықтады. 

         Қабатай Қалдыбаев балалары мен немерелерінің ортасында Ұлы Жеңістің 73-інші көктемін қарсы алуда. Ертең ақсақал тура 100 жасқа толады. Ол 1918 жылы Ұлан ауданында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде әскер қатарында борышын атқарып жүрген еді. 1942 жылдан бастап Қара және Азов теңіздері жағалауларын қорғау ісіне қатысып, Солтүстік-Кавказ майданында шайқаста болады. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Соғыстан кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін Белогор тау-кен байыту комбинатында өрт сөндіруші болып қызмет етті. Даниал Ахметов майдангерді 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, ашық аспан, бейбіт өмір үшін алғысын білдірді.   

         – Әр ардагер мен тыл еңбеккері – халқымыздың қазынасы, ұлттық мақтанышы, - деп атап өтті облыс әкімі. – Ұрпақ болашағы жолында танытқан қайсарлықтарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін.

         500 мың теңгенің сертификатын бүгін облыс әкімі сондай-ақ, Николай Станскихке табыс етті. Соғыс жылдары III Балтық жағалауы фронтына қатысады. 51-інші қосымша атқыштар полкінде снайпер-автоматшы болады.  Литва, Латвия және Польшаны азат етеді. ҰОС кейін 30 жыл бойы Зырян қорғасын комбинатында темір ұстасы болып еңбек етті. 

         –  Ардагерлерге көрсетіліп жатқан зор құрмет пен игі пейілдеріңіз үшін рахметімді айтамын. Әсіресе, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Біз бейбітшілік үшін күрестік. Мемлекет басшысының салихалы саясатын, алған оң бағытын көріп, қуанамыз. Біздің елде халықтың бірлігі жарасқан, келісім орнаған. Бұл керемет, - деді  Николай Прохорович.

Глубокое ауданында тұратын ҰОС ардагері Матвей Шикунов 17 жасында соғысқа кеткен. I Балтық жағалауы фронтында, кейін Витебск, сондай-ақ, Латвияның бірқатар қалаларын азат етуге қатысады. 1944 жылы 14 шілдеде ауыр жарақат алып, елге оралады. Аймақ басшысымен кездесу кезінде Матвей Пантелеевич мемлекеттің танытып жатқан құрметіне алғысын білдіріп, бөлінген қаражат есеп-шотқа түсіп қойғанын айтты. 

Жалпы, бүгінде ШҚО 20 мыңға жуық тыл еңбеккерлері бар. Оларға әр қала және аудан бюджетіне сәйкес материалдық көмек көрсетіледі. 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі