Жаңалықтар

ШҚО білім саласына бөлінген қаражаттың жұмсалуы толық тексеріледі

 

Бұл туралы бүгін Тарбағатай ауданындағы білім шаңырақтарының жағдайын жеке өзі тексерген аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді. Оған себеп ауыл мектептеріндегі салалық пәндерге арналған сыныптардағы тозығы жеткен құрал-жабдықтар мен көрнекіліктер.

 

Мәселен, Тұғыл ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп. Биыл үш бірдей «Алтын белгі» иегері қанат қаққалы отырған білім шаңырағында биология сабағында 88-жылдан бері келе жатқан көрнекіліктер, ал физика пәнінен он жылдан астам уақыт бойы жаңартылмаған зертханалық құралдар қолданылуда. 

- Білім саласына биыл бюджеттен 106 миллиард теңге бөлдік. Бірақ, көріп тұрсыздар, мына көрнекіліктерге қырық жыл. 106 миллиард теңгеге жаңа құрал-заттар бола ма? Болады. Бұдан бөлек, «Менің мектебім» бағдарламасы негізінде осы салаға екі жарым миллиард теңге тағы құйып отырмыз. Жаңаруға деген ешқандай дайындық жоқ. Сонда ауданның әкімі, білім басқармасы, жергілікті білім бөлімдері не істеп отыр?! Бұл үлкен мәселе. Облыс бюджетінің үштен бір бөлігін құрайтын сала қызметіндегі салғырттықты көріп отырмыз. Өңірдегі бірқатар мектептерді өзім аралап, көріп жүрмін. Ақша қайда, қалай жұмсалып жатқанын «майшаммен» тексеру туралы тапсырма беремін, - деп ескертті облыс әкімі Даниал Ахметов.  

Тексеру тек Тарбағатай ауданында емес, облыс көлемінде жүреді. Қағаз емес, іс жүзінде атқарылған істер тексеруден өтеді.

Десе де, аталған білім шаңырағының ұстаздары мен оқушылары білім көрсеткіші бойынша ауданда үздік үштікте. Ағылшын тілін меңгерген мұғалімдер ішінде «Selta» сынағында ең жоғары нәтиже көрсеткен де осы мектептің оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары.

Айта кету керек, Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауылында қазір 600 орындық жаңа мектептің және 300 балаға шақталған интернаттың құрылысы жүріп жатыр. Биыл жаңа оқу жылында қолданысқа берілуі тиіс шаңыраққа Қ.Біләлов атындағы гимназия көшірілмек. Ал ескі ғимаратты өнер мектебінің қолданысына беру жоспарланып отыр.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі