Жаңалықтар

Даниал Ахметов Риддер әкімінің орынбасарына қатысты қозғалған қылмыстық істі қатаң бақылауға алуды тапсырды


 Естеріңізге сала кетсек, өткен жексенбіде наурыздың 15 күні сағат 21.00-де қала әкімінің орынбасары мас күйінде адам қағып, өлтірді. Бүгін ШҚО әкімі аппаратының жетекшісі Ринат Омаров облыс басшылығының атынан зардап шеккен азаматтың отбасы мен туғандарына көңіл айтып, істің аймақ басшысының жеке бақылауында тұрғанын жеткізді.   


 - Бүгін таңертең үйіне барып, ата-анасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айттық. Аталған іс облыс әкімінің қатаң бақылауында екенін айтамын. Қазіргі уақытта тергеу амалдары басталды, соттың шешіміне сай, кінәлі заңның бар талабына сай жазасын алады, - деп, атап өтті облыс әкімі аппаратының жетекшісі Ринат Омаров.

 Оқиға болған сәтте шенеунік қызметтік емес, шетелдік «BMW» маркалы жеке көлігін тізгіндеген. Зардап шеккен 1999 жылғы жас бала жол-көлік оқиғасы болған жерде «жедел жәрдем» келместен, тіл тартпай кетті.  

 - Күдікті – Риддер қаласы әкімінің орынбасары Б.Құрманбаев тұтқынға алынып, уақытша тергеу изоляторына жіберілді. ҚР қылмыстық Кодексінің 345 бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша бұл іс менің қадағалауымда, - деді ІІД бастығы Жанарбек Бақтыбаев.  

 Айта кету керек, жерлеу рәсімдеріне кететін шығынды қалалық әкімдік мойнына алды. 

 ШҚО әкімінің баспасөз қызметі