Жаңалықтар

1-мамырға дейін Глубокое ауданында қарғын судан зардап шеккен барлық үйлерде жөндеу жұмыстары аяқталады

Бүгін облыс әкімі кезекті рет Глубокое ауданында қарғын судан зардап шеккен елді мекендерге ат басын тіреді. Комиссия шешімі бойынша ауданда 10 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Қалғандарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Аймақ басшысының айтуынша, барлық қалпына келтіру жұмыстары мамырдың біріне дейін толық аяқталады. 

Глубокое ауданында төтенше жағдай тұрақталып қалды. 626 адам үйлеріне оралып, қазіргі уақытта Белоусовка кентінің 17 тұрғыны ғана эвакуация бекетінде тұрып жатыр. 184 үйге техникалық зерттеу жүргізіліп, бағалау және келтірілген шығынды өтеу бойынша 169 құжат қабылданды. Зардап шеккен тұрғындардан арыз алу және жылжымайтын мүлікті бағалау жұмысы әлі де жалғасып жатыр.     

- 70 үйді ресімдеу жұмыстары алдағы сенбі күні аяқталып тұрғындарға беріледі. 143 үйді жөндейміз. Бүгінде 72 баспананы қалпына келтіру ісі басталып та кетті. Айта кету керек, мамандар білікті, өз ісінің шеберлері. Барлық жұмыс осы айдың аяғына дейін бітуі тиіс. Осылайша, адамдардың алдындағы қарғын су келтірген жағдайдың салдарын жою бойынша жұмыстары бітеді. 1-мамырда осы науқан толық аяқталатынына сенімдімін, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.  

Аймақ басшысы Прогресс, Предгорное ауылдары мен Белоусовка кентіндегі жөндеу жұмыстары басталған бірқатар үйлерді аралап көрді. Иелерімен кездесіп, істің барысы мен сапасын саралады. Жалпы үйлердегі ТЖ салдарын жою үшін 6 ірі құрылыс компаниялары жұмылдырылған. Атап айтқанда, «Элхон», «ТехноГрупп», «Джа-Кар Стройсервис», «ВостокВзрывпром». «Оптима стройсУК» мен «Ремстройсервис 1994».

- Менің үйіме су терезенің деңгейіне дейін кірді. Көмектесіп жатқандары үшін өте ризамыз. Қиналған кезде қол ұшын созып, демеп жатса, жалғыз еместігінді ұғасын. Әсіресе, біздің уақытша баспанамыз болған білім шаңырағына алғысымыз шексіз. Уақтылы тамақ беріп, жағдайымызды жасап отырды. Қиын сәтте қалдырмаған барлық қазақстандықтарға алғысымыз шексіз, - дейді Прогресс ауылындағы Чапаев 17 үй тұрғыны Наталья Кузнецова. 

Даниал Ахметов сондай-ақ, Глубочанка және Красноярка өзендері бойына қайта жасалған дамбалардың жағдайын да көрді. Жалпы облыс бойынша жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Зырян ауданында 29 үйден су сору жұмыстары жүргізілуде.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі