Жаңалықтар

Даниал Ахметов: «Өскемендегі жағдай – қаланың барлық қызметінің ісіне жауапсыз қарауының салдары»

 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қарғын судан зардап шеккен Өскеменнің барлық шағын аудандарын аралап шықты. Тұрғындармен кездесіп, болған жағдайға бағасын берді.   

Естеріңізге сала кетсек, Шығыстың көктемі қалың қар жауып басталды. Тек мейрам алды күн жылынып, біразы еріді. Оның арты нөсер жаңбырға ұласып, екі күн бойы толассыз құйды қалаға. Артын сала тағы да қар жауып, күн райы күрт құбылды. Тек 10-наурыз күндіз және 11-наурыздың тәулігінде түскен жауын-шашын мөлшері 48.2 мм құрады. Бұл айлық деңгейден 72% артық. Бұған қоса, қыс бойы қалада қар болмағандықтан жер тоңы 1,5 метрге қатып қалған-ды. 

Нәтижесінде еріген қар мен жаңбыр суы жерге сіңбей, үстімен кетті. Оның салдарынан облыс орталығындағы Красин көшесінде және Аблакетка шағын ауданындағы бірнеше үйге су кіріп, іргесін басты. Тұрғындармен кездескен Даниал Ахметов қалалық әкімдік пен ТЖ қызметі атқарған іске бағасын берді.

– Бұл жерде екі мәселе көзге анық көрініп тұр. Дер кезінде жұмыс істеуге кедергі болған біліксіздік пен құлықсыздық. Барлық қызмет шұғыл әрекетке дайын емес. Басқа себеп көріп тұрған жоқпын. 4 үй. Айналдырған төрт үйден дер кезінде су сорып ала алмады, – деген Даниал Ахметов атқарылған іске көңілі толмағандығын жеткізді.  – Бұл қала әкімінің және ТЖ жөніндегі басқарма қызметіндегі ауыр олқылық. Көптеген себеп ойлап табуға болады. Бірақ, бұл жерде мен айтар бір ғана мәселе бар – ол тікелей міндетін атқаруға мүмкіндік беретін жауапкершіліктің жоқтығы.   

Облыс әкімі журналистерге алдағы таңда барлық басшы тиісті жауапқа тартылатын жеткізді. Рейд барысында анықталғаны, Красин көшесіндегі арықтар дер кезінде дұрыс тазартылмаған. Ал мердігер мекеме қызметі үшін толық ақысын алған. 

Бұл күндері Сәтпаев атындағы даңғыл бойымен өткен қарғын судың салдарынан Жібек маталар комбинаты жақтан көлік қозғалысы қиындай түсті. Жол бойына су бөгеліп, кептеліс орын алды. Оның салдарынан таңертең Жібек жолы көшесі қиылысына дейінгі аумақ жабылды. Алайда мәселенің мұндай шешімі аймақ басшысының көңілінен шықпады. 

– Мұндай батырлықты күз кезінде таныту керек еді. Бұл жерде алғашқы шұңқыр пайда болған уақыттан бастап. Күзде жаңбыр болды. Сіздер, көлденең қазылған ордың жатқанын білесіңдер. Оның төмендейтіні етенеден белгілі. Десе де, сіздер ешбір істі қолға алмадыңыздар. Күзгі көрініс көз алдымда. Сол кезде қала әкіміне хабарласып, траншеяларды жабуды тапсырдым, – деді Даниал Ахметов. – Жағдай болған кездің өзінде 5-6 кезекші көлік қойып, 2-3 скрепер бекітіп, жағдайды қатаң бақылауға алу керек еді. Көлденең жатқан сызат отырғанда қолға күрек алып, дереу көму керек болатын. Басқа себеп пен шешу жолдары жоқ. Мұның бәрі сауатсыз жұмыс пен іске деген құлықсыздықтың салдары болып табылады.

Енді даңғыл бойында тәулік бойы қалалық әкімдік кезекшілік етеді. Ал оларды аймақ басшысы жеке өзі бақылауға алады.

Бұл аралықта Ұлан ауданындағы Мамай батыр ауылында жағдай тұрақталып қалды. Тұрғындардың айтуынша, табиғат мұндай тосын мінезін соңғы 50 жылда көрсетпеген. ШҚО әкімі айтқандай, оның себебі тайға таңба басқандай.

– Екі күн жауын-шашын болды, жердің қатып қалған бөлігі 1,5 метрге жетті. Су жерге сіңбей, үстімен кетті. Жаңа көпірдің жобалауды бастаймыз. Ол алдағы уақытта оқыс жағдайдың алдын-алуға мүмкіндік береді. Жақын уақытта қаражат бөлеміз. Аудандық әкімдік ЖСҚ әзірлеуді бастайды, - деді мәселенің шешімін көрсеткен облыс басшысы Даниал Ахметов.   

Ұлан ауданы әкімдігі мен жергілікті тұрғындардың күшімен уақытша қосымша көпір жасалынды. Қазір оның астына құбырлар салынып жатыр. Көлік қозғалысы алдағы уақытта қалпына келтіріледі. 

Айта кету керек, аймақ басшысы Даниал Ахметов ертең Аягөз ауданына барады. Қалада Аягөз өзені арнасынан шығып, 150 метрге дейін жайылған. Бүгінде қырыққа жуық үй зардап шекті. 

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі