Жаңалықтар

Голливуд жұлдыздары Шығыс Қазақстанға келді

Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов Голливуд жұлдыздары -   Майкл Сорен Мэдсен, Кэри-Хироюки Тагава, Марк Дакаскос ж2не Бай Линмен кездесті. Құрметті қонақтар қатарында қазақстандық режиссер Еркен Елгашев пен продюсер Арман Асенов та бар. Сапар мақсаты – әлемдік телеарналарға арналған Шығыс Қазақстан туралы арнайы жоба түсіріліміне қатысу.   

 

Актерлердің ШҚО сапары барысында Өскемендегі бірқатар нысандарды аралау жоспарланған. Атап айтқанда, тарихи-өлкетану мүзейлерін, спорт кешендерін, драма театр мен «Нұрлы жол» саябағын және «Нұртау» демалыс базасын аралайды.   

Бүрсігүні Голливуд жұлдыздары аудандарға ұшады. Түсірілім Шығыс Қазақстанның киелі және тарихи-мәдени жерлерінде жүргізіледі. Мәселен, тізімде Күршім ауданындағы Марқакөл көлі мен Ұрынхай ауылы бар. Объектив назарынан Алтай тауының кіндігі – Рахман қайнары да тыс қалмақ емес. Жұлдызды қонақтар Абай мен Шәкәрімнің мемориалды кешені, Берел қорғаны, Қоңыр-әулие үңгірі, Ырғызбай Досханұлының мазары сияқты киелі жерлерде де болады

– Шығыс Қазақстанға қош келдіңіздер! ШҚО – елдің индустриалды орталығы. Біз бериллий, тантал өнімінің әлем бойынша 25-30 пайызын өндіреміз. Сіздер ауа-райы қолайы кезде келдіңіздер. Аяз қайтып, күн жылып жатыр, - деді қонақтарды қарсы алған  Даниал Ахметов.  – Облыстың жер бедері әр түрлі. Тау да, жайлау да, шөлдала да бар. Сіздер Шығыс Қазақстанның төрт аймағында боласыздар. Көпұлтты еліміздің бай салт-дәстүрімен танысасыздар.   

Өз кезегінде американдық актерлер қазақ елінің қонақжайлылығы үшін алғыстарын білдіріп, Қазақстаннан алған әсерлерімен бөлісті. Мәселен, Кэри-Хироюки Тагава «Қазақстан бүкіл әлемге керек кезең туды!» деп мәлім етті.

Қазақстандық кинематография Марк Дакаскосқа жақсы таныс. Ол осымен үшінші отандық жобаға қатысып отыр. Бұған дейін «Көшпенділер» фильмінде жоңғарды ойнаған американдық актер, енді «қазақ болғысы келеді». 

– Қазақстанға алғаш келгенде жоңғар болдым. Енді қазақ болғым келеді! Мен бұл жердің табиғатына тамсанамын. Таудан бастау алар өзендегі таза суды тұтыну - құдірет. Бұл елдің асханасы да ерекше. Қанша тамақ ішсең де, салмақ қоспай, қаз-қалпында жүре бересің, - дейді әлем жұлдызы Марк Дакаскос.

Голливудтық қонақтар сондай-ақ, Курчатов пен Риддерде де болады. Айта кету керек, арнайы жоба дүниежүзінде қазақстандық брэндті қалыптастыруға бағытталған. 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі