Жаңалықтар

Мұрагерлік туралы заңнамаларды қолдану сұрақтары бойынша нотариустармен  өткен «дөңгелек үстел»

Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінде Аймақтық Нотариаттық палатамен бірлесіп нотариустарға арналған мұрагерлік туралы заңнамаларды қолдану сұрақтары бойынша «дөңгелек үстел» өткізілді.

«Дөңгелек үстел» отырысына қатысуға Өскемен қалалық сотының судьялары Ш.Даниярова, Г.Алимбаева, А.Салимов шақырылды. Сонымен қатар, «дөңгелек үстел» отырысына Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаменті бастығының орынбасары Б.Мұқажанов, облыстық Нотариаттық палата төрағасының орынбасары Д.Мұқашева, Әділет департаментінің құқық түсіндіру жұмысы және халыққа заңды қызмет көрсету бөлімінің бастығы С.Абылқасова қатысты.
Көбінесе, нотариус лауазымында қажетті қызметтік тәжірибесі жоқ нотариустарға мұрагерлік құқығы сұрақтары туралы заңнамаларды қолдануда кейбір қиындықтар туындап жатады.

Жұмыс тәжірибесімен алмасу мақсатында Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінде қалалық соттың тәжірибелі судьяларын шақырумен аталған «дөңгелек үстел» ұйымдастырылған болатын. Жалпы «дөңгелек үстел» сұрақ және жауап нысанында өткізілді. Нотариустармен мұрагерлік істерді жүргізу барысында жиі кездесетін проблемалы сұрақтар алдын ала әзірленіп, «дөңгелек үстел» отырысында талқылауға ортаға салынды.
Судьялар мұрагерлік таластарға қатысты шағымдарды қарау барысындағы кездесетін кейбір сәттерге өздерінің пікірлерімен бөлісті. Мұрагерлік істерді жүргізуде проблемалық сұрақтар жеткілікті, мейлі ол мұрагерлікті тәжірбиелі түрде қабылдау болсын, мұра берушінің құқығы мен міндетін мұрагерлеу, немесе мұрагерліктен бас тарту, немесе мұрагерлік құқығы туралы куәлік беру және т.б. сұрақтар.
Пікірталас соңында, өткізілген «дөңгелек үстел» отырысында ортаға салынған күнделікті қызметтік іс жүргізу кезінде туындайтын даулы сұрақтарды жинақтап, ҚР Әділет министрлігінің тиісті Комитетіне жолдау керектігі туралы шешім қабылданды.

«Дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастырушылар мен қатысушылар мұндай іс-шараларды үнемі өткізудің қажеттілігі мен тиімділігін атап көрсетті. ШҚО Әділет департаменті және облыстық Аймақтық Нотариаттық палатасы атынан қатысушы судьяларға мазмұнды және қызықты кездесулері үшін алғыс айтылды.

 

ШҚО Әділет департаментінің
ақпараты