Жаңалықтар

Еліміздің жеңіл атлетикасына тың серпіліс керек

 

Еліміздегі жеңіл атлетиканы жаңа биіктерге шығаратын саңлақтар қажет. Осы спорт түріне балғындарды баулу жөнінде ШҚО әкімі Даниал Ахметов «Altay Athletics» жеңіл атлетика клубының жұмыс жоспарын талқылау барысында атап өтті. Сондай-ақ аймақ басшысы жергілікті жаттықтырушыларды шетелдерге біліктілікті арттыру курстарына жіберуді ұсынды.

Қазақстандағы тұңғыш кәсіби жеңіл атлетика клубы «Altay Athletics» Өскеменде облыс басшылығының қолдауымен және еліміздің жеңіл атлетика федерациясының ұсынысы бойынша құрылған-ды. Ондағы басты міндет - ұлттық құрамаға спортшылар дайындау және клубтық жүйені дамыту.

– Балалардың жеңіл атлетикаға қызығушылығын арттыру қажет. Спорттық нысандарды не үшін ашып жатырмыз, егер адамдар онда барып не істеу керектігін білмесе? Қарап отырсақ, елімізде Ольга Рыпаковадан басқа жеңіл атлетикадан жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатын спортшылар да жоқ екен. Бізде халықаралық талаптарға сай келетін мұғалімдер мен оқыту әдістемелері жоқ болса қаптатып спорт сарайларын не үшін салып жатырмыз? – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы денешынықтыру және спорт басқармасына денсаулық сақтау басқармасындағы тәжірибеге сүйеніп жергілікті жаттықтырушыларды шетелдерге біліктілікті арттыру курстарына жіберу керектігін айтты.

- Спорт басқармасы өңірдің жаттықтырушылар құрамын оқыту жүйесін өзгертуі қажет. Жаттықтырушылар біліктілікті арттыру сертификаттарына ие болды. Ол қандай куәлік? Егер олар бес күндік оқу курстарын аяқтаса, ол оқу емес. Себебі біз дәрігерлерді Еуропаға алты айлық курсқа жібереміз, - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар облыс басшысы жаттықтырушыларды халықаралық стандарттарға сәйкес оқытудың үш деңгейлі жүйесін ұсынды. Біріншіден, еліміздің ең үздік мамандары жаттықтырушыларды жергілікті жерде оқытуы тиіс. Соған сәйкес жақсы нәтиже көрсеткендер үш айлық ағылшын тілі курстарында оқитын болады. Ал үшінші деңгейге өткендер шетелде оқытылатын біліктілікті арттыру курстарына барады. Жаттықтырушыларды оқытудың мұндай тәжірибесін енгізу әлемдік стандарттар бойынша оқыту әдістемелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Айта кетсек, республикада тұңғыш «Altay Athletics» жеңіл атлетика клубы былтыр жазда Өскеменде ашылған. Клубтың капитаны әйгілі спортшы, Олимпиада чемпионы және «Гауһар лиганың» екі дүркін жеңімпазы Ольга Рыпакова.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Парақтың құрылған/өзгертілген күні: 11.01.2018 / 11.01.2018