Жаңалықтар

Даниал Ахметов ШҚО жеңіл атлетика Федерациясының төрағасы болды

 

Шығыс Қазақстан облысының жеңіл атлетика Федерациясына (ЖАФ) жаңа басшы келді. Болашақ олимпиада чемпиондарын дайындау ісіне енді аймақ басшысы тікелей өзі қатысады. 

Айта кету керек, осы аптада Өскеменде облыстық жеңіл атлетика Федерациясының конференциясы өтті. Оған Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да қатысты. «Гауһар лигасының» екі дүркін жеңімпазы да ЖАФ төрағасы – Даниал Ахметовтың орынбасары лауазымына тағайындалды. Жаңа басшысының алғашқы тапсырмасы бойынша бір айдың ішінде жеңіл атлетиканы дамыту бойынша бағдарлама әзірленуі керек. Басты мақсат - кәсіби «ALTAY ATHLETICS» клубының, сонымен қатар облыс бойынша осы бағыттағы жұмысты бір жүйеге келтіру.  

– Мұндағы жұмыс нағыз кәсіби клубтардың деңгейінде жүргізілгенін қалаймын. Біздің балалар спорттың бұл түріне табыстың таптырмас көзі болатын мамандық ретінде қараулары керек. Федерация алдындағы міндет – күллі Қазақстан бойынша жеңіл атлеттерді тауып, оларды «ALTAY ATHLETICS» клубына алып келу және жас дарындарды іздеу бойынша арнайы жүйе қалыптастыру.

Федерация тағы екі команда құруды жоспарлап отыр. Оның бірі жартылай кәсіпқойлар бас қосар ел құрамасы болса, екіншісі тек қана Шығыс Қазақстанның дарынды балаларынан жасақталады. Бүгінде облыс орталығында 50 аса бала жаттықтырылып жатыр. Алдағы таңда жеңіл атлетика бөлімі Семейде, сондай-ақ, балалар мен жасөсіпірімдерге арналған спорт мектептерінің негізінде де ашылады. 

Естеріңізге сала кетсек, қарашада Даниал Ахметовтың бастамасы бойынша ШҚО елдегі алғашқы жеңіл атлетикадан кәсіби «ALTAY ATHLETICS» клубы құрылған болатын.  

Дәл бүгін жеңіл атлетика Федерациясы өткізген конференцияда Даниал Ахметов атқарушы комитет мүшесі лауазымына тағайындалды.  

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі