Жаңалықтар

Тұңғыш Президент күніне орай Семейде 1200 орындық мектеп ашылды

Биылдың өзінде Семейде екі бірдей білім шаңырағы бой көтерді. Солардың бірі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні ашылды. 1-желтоқсан мерекесін аймақ басшысы Даниал Ахметов семейліктермен бірге қарсы алды. Кезекті рет әуежайды қайта құру жұмысымен танысып, «Ұшақтар» кенті оқушыларының қуанышына ортақтасты. 

Даниал Ахметов тұсауын кескен жаратылыстану-математика бағытындағы мектеп 1200 орынға шақталған. Заман ағымына, стандарт талабына сай бой көтерген оқу орны жаңа модификация сыныптарымен жабдықталған. Кешенді интерактивті құралдар орнатылып, химия, биология, физика және информатика кабинеттері жақсартылған. Аймақ басшысы Даниал Ахметов әлемнің басқа мемлекеттерімен салыстырғанда, Қазақстанда мектептер емес, нағыз сарайлар салынып жатқанын ерекше атап өтті.

– Мен көптеген елдерде болдым. Ондағы мектептер мен  балабақшалардың жағдайымен жақын таныспын. Көзім көргені, балалар қарапайым жағдайда білім алып жатыр. Тіпті, тамақтану үшін қолайлы орын қарастырылмайды. Мәселен, осы мектеп пен біздің елдегі өзге де әлеуметтік маңызды нысандармен салыстыруға да келмейді. Ерекшелікті отандастарымыздың бәрі бірдей көре алмайтыны өкінішті, әрине. Бірақ, мен біздің мемлекеттегі мектептер керемет туынды, нағыз сарайлар деп үлкен сеніммен айта аламын, - деді ШҚО әкімі Даниал Амхетов.  

Айта кету керек, нысанның құрылысы мерзімінен бұрын біткен. Келесі тоқсаннан бастап оқытуды бастайды. Мектепте тек білім алып қана қоймай, балалардың жан-жақты дамулары үшін де барлық жағдай жасалған. Спорттық және гимнастикалық құрылғылары бар екі спорт зал жұмыс істейді. Одан бөлек, футбол мен баскетбол алаңдары да оқушылардың бос уақытын тиімді өткізер жерге айналмақ. Ал қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар мата, ағаш және металл өңдеуге арналған соңғы технологиядағы құралдармен жабдықталған.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі