Жаңалықтар

Даниал Ахметов: «Жолақысы көтерілгенмен, автобустар жаңарған жоқ!»

 

Шығыс Қазақстанның ірі екі қаласының қоғамдық көліктерінің жағдайы кезекті рет облыс әкімінің қатаң сынына ұшырады. Тасымалдаушылар ондаған жылдар бойы автобустарды жаңартуға құлықсыздық танытса да, жолақысының көтерілуін талап етуден жалықпайды. 

Естеріңізге сала кетсек, биыл қыста Өскеменде қала ішіндегі бағдарлардың бағасы 90 теңгеге жеткен еді, артын сала Семейде де жол жүру ақысы 80 теңге болды. Бағаны көтеруді сұраған мердігерлер тасымалдау сапасын арттырамыз деп уәде еткен-ді. Жыл соңына жетуге жақын, өзгерістер болса, әлі де жоқ. Аймақ басшысы Даниал Ахметов айтқандай, жолақысы көтерілсе де, автобустардың жаңаратын түрі жоқ. 

– Семейде де, Өскеменде де жаңарту бағытындағы жұмыстар жоқтың қасы. Бірақ, тасымалдаушылар тарифті көтеруді талап етуден кетары емес. Мен әрқашан ақының нарыққа сай болғанын дұрыс деп есептеймін. Бірақ, мердігерлер өз мойындарына алған жауапкершілікті ұмытпаулары қажет. Семейде ондаған жылдар бойы автобус паркі жаңарған емес. Өзім барып, қала ішінде автобустармен қатынадым. Газ шығаратын түтіктер көліктің ішінде орналасқанын көрдім. Әлде тағы кезекті төтенше жағдайды күтіп отырмыз ба?! - деп ескертті Даниал Ахметов және екі қаланың әкімдері мен жолаушылар көлігі басқармасына 10 күн ішінде жаңартуға бағытталған жоспар жасауды тапсырды.

Атап өтерлігі, 2015 жылы көлік министрлігінің екі жылда автобустарды жаңарту қажеттілігі туралы бұйрығы шыққан болатын.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі