Жаңалықтар

ШҚО бірыңғай сәулет стиліндегі жеке тұрғын үйлердің құрылысы басталады

 

Шығыс Қазақстанның ірі қалаларымен қатар, аудандарында да бірыңғай стилдегі жеке тұрғын үйлердің құрылыс қарқыны үдемек. Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Өскемен мен Семейде пилоттық жобалар іске қосылады. 

Келесі жылы облыс орталығының 20-шағын ауданындағы барлық жер учаскелеріне су мен жарық жеткізіледі. Сонымен қатар Семейдің "Ақсай" жаңа шағын ауданына да инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жоспары тұр. Осылай, тұрғын үй салу үшін қалалықтарға барлық қолайлы жағдай жасалады. Жоба бойынша бұрын берілген жер учаскелері де инженерлік желіге қосылады.

– 1-қаңтарға дейін Өскемендегі 20-шағын аудан электрмен жабдықталуы тиіс. Келесі жылы су тарту бойынша барлық жұмыстар бітеді. Десе де, шын мәнінде құрылысы жүріп жатқан қанша учаске барын нақтылау қажет. Біз жер телімін береміз деген азаматтар үйді өздері салады ма әлде бірыңғай құрылысшылар қызметіне жүгінеді ме? Осыны анықтау керек, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов тапсырма беріп. – Бұрынғыдай қазір құрылыс жүргізуге болмайды. Үйлердің басым бөлігі қалай болса, солай салынған. Қызыл жолақ талабын сақтап жатқандар аз. Бейберекет құрылыс жүргізген. 

Айта кету керек, күн тәртібінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірыңғай үлгідегі баспана құрылысын Ұлан, Зырян Шемонаиха аудандарында да бастау жұмысы тұр. Жалпы 2017 жылы ШҚО бойынша 120,0 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы қарқын алды.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі