Жаңалықтар

ШҚО зейнеткерлері мен ардагерлері шипайжайда тегін ем қабылдайды 

Кенді Алтайдың қарттарын қамқорлыққа алған Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайы. Мұнда қариялар жанға – шуақ, тәнге – қуат жинай, сыр берген денсаулықты қалпына кел тіреді. Облыс әкімі Даниал Ахметов мекемеге ат басын бұрып, қызметтің сапасын саралап қайтты.

Шипажай бір мезетте 200 адамды қабылдауға қауқарлы. Кешенді ем-домды ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен Чернобыль АЭС апат салдарын жоюшылар, зейнеткерлер мен көпбалалы аналар алады. Ардагерлермен кездескен облыс әкімі оларға белсенді өмірлік ұстанымдары үшін алғысын білдірді.

– Қазақстанның, біздің өңірдің дамуы хақында еткен еңбектеріңіз ерен, біз оны жоғары бағалаймыз. Шын жүректен ардагерлеріміз бен зейнеткерлеріміз емдеу-алдын алу, сауықтыруға бағытталған тамаша орындарда денсаулықтарын жақсартып, демалғандарын қалаймын. Осындай іске өзге де мекемелерді тарта отырып, қолдағы мүмкіндікті қолдана, қызмет көрсетушілер қатарын арттыратын боламыз, -  деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Жыл сайын шипажайда 6 мыңға жуық зейнеткер денсаулықтарын сауықтырады. Демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Кешенді емдеу санатына балшықпен, сумен емдеу, массаждың әр түрі, физиологиялық, тамақ булау сияқты ем түрлері кіреді. 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі