Жаңалықтар

Облыстық ішкі саясат басқармасында – жаңа  басшы

 

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырды. Бұл лауазымға бұрын Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылым және Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеген Нелли Леонидовна Краснобаева тағайындалды.

Нелли Краснобаева 1969 жылы 17 сәуірде Өскеменде дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды «тарих» мамандығы бойынша бітірген, тарих магистрі академиялық дәрежесіне ие. Тарих ғылымының кандидаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Еуропа, Канада, Ресей университеттерінде тағлымдамадан өткен.

Еңбек жолын 1986 жылы Өскемен педагогикалық институтының кітапханашысы ретінде бастаған. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Өскемен жол-құрылыс институты «Философия және әлеуметтік-саяси теория» кафедрасында жұмыс істеді.

2006 жылдың мамырынан «Философия және адам дамуы мәселелері» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады,2016 жылдан – «Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының доценті.

Көп жыл Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобына жетекшілік етті. Облыс әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің мүшесі.

Әсем Нүсіпова жаңа басшының жауапты қызметіне табыс тіледі.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі