Жаңалықтар

ШҚО әкімі орталық көшелерді жарнамалық баннерлерден тазартуды тапсырды

Өскемен мен Семейдің орталық көшелеріндегі бүгінгі уақыт талабына сәйкес келмейтін жарнамалық баннерлер түгелдей алынатын болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов кеңейтілген аппараттық кеңесте осындай тапсырма берді.

Бір айдың ішінде аталған қос қаланың көшелерінде орналастырылған түсі оңып кеткен, жыртылған, тақырыбы ескірген немесе басқа да талаптарға сай келмейтін жарнамалық баннерлер мен керілген көрнекі ақпараттар алынып тасталуы тиіс. Аймақ басшысының айтуынша, мұндай баннерлер шахардың сәнін кетіріп, көліктердің қозғалысына кедергі келтіреді.

– Біздің көшелер жүзімнің сабағы сияқты, ұзына бойында заманауи стандарттарға сәйкес келмейтін жарнамалар мен құрылымдар ілініп тұрады. Астана мен Алматы көшелері мұндай жарнамалардан баяғыда тазартылған, дәл осы жұмысты біздің өңірде де жүргіземіз, – деді Даниал Ахметов.

Қазіргі күні облыста 1600-ден астам көрнекі ақпарат ілетін металл құрылым бар болса, оның бір пайызы бос тұр. Ал 80 пайызы әлеуметтік-саяси, 19 пайызы коммерциялық бағыттағы баннерлер.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі