Жаңалықтар

Мінсіз медицина – денсаулық кепілі

Үстіміздегі жылдың аяғына дейін Шығыс Қазақстан облысының барлық ауруханалары компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау мекемелерін компьютермен қамтамасыз ету үшін бір миллиард теңге бөлінеді. Мекемелерге тиісті техника қазан айында жеткізілетін болады және мекемелердің жартысы интернет желісімен қамтамасыз етіледі. 

Қазақстанда міндетті медициналық сақтаныдру қоры өз жұмысын бастамақ. Қордың жұмысы тиімді жүргізілу үшін медицина мекемелері интернет байланысымен қамтамасыз етілу қажет.

Компьютерлер алынғаннан кейін ауруханалардың қамтамасыз ету пайызы 27-ден 100 пайызға жетіп, медицина мекемелердің жартысы интернет желісіне қосылатын болады.

Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов ҚР Үкіметінің жиналысында медицина мекемелерінің қалған жартысын интернет желісіне қосуға тиімсіздігі жайында жан-жақты анықтап айтып берді. 

- Тұрғындардың 77 пайызына қызмет көрсетіп отырған ауруханалардың 27 пайызы интернет желісіне қосылған. Келесі жылы 140 медицина мекемесін желіге қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде тұрғындардың 93,3 пайызына қызмет көрсетіп отырған ауруханалар интернет желісіне қосылатын болады. Ендігі жерде қалған 336 медицина пункттері бойынша сұрақ туындап отыр. Бұл шамамен барлық мекемелердің жартысын құрайды. Бұл нысандарды желіге қосу экономикалық тұрғысынан тиімсіз. Өйткені тұрғындардың алты пайызына ғана қызмет көрсетіп отырған медицина мекемелерін тиісті қондырғыларды орната отырып, интернет желісіне қосу үшін үш миллиард теңге қаражат бөлу керек, - деп баяндады Даниал Ахметов.      

- Бұл шешімді біз құптаймыз. Егер үстіміздегі жылдың аяғына дейін аталған жұмыстар жүргізілсе, қалған облыстарға үлгі болады деп санаймын, – деді бұл ретте Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.