Жаңалықтар

Алыс - беріс, барыс - келіс жеңілдейді

 

"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық транзиттік автожолына Шығыс Қазақстан облысы қосылатын болады. Алдағы үш жылдың ішінде Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта құру бойынша ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда.

 

Атап айтсақ, Алматы - Өскемен (Алматы өңірі шекарасынан бастап облыс орталығына дейін) және Омбы - Майқапшағай (Қалбатау ауылынан бастап ҚХР шекарасына дейін) - екі бағыт бойынша жұмыстар басталып, тиісті қаражат Қытай Халық Республикасының Эксим банк есебінен бөлінетін болады.

Алматы бағыты бойынша шамамен 500 шақырым жол жөнделсе, екінші бағыт бойынша 454 шақырым қайта жөндеуден өтетін болады.

- Біз Алматы мен Астана қалаларымен байланысты дамытып, Батыс Қытай, Батыс Қазақстан, Батыс Еуропа бағытындағы қатынасты нағайтатын боламыз. Бұл Елбасының халықаралық көлік дәлізін орнату туралы берген тапсырмасын орындау болып саналады,- деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Жобаның іске асырылуы арқасында екі міндет орындалады. Яғни Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа мемлекеттерін байланыстырып автотрассаға жанасып жатқан аймақтарды дамыту жоспарлануда. Сонымен қатар транспорт логистикасымен байланысты барлық қызметтер оңтайландырылатын болады.

 

ШҚО әкімнің баспасөз қызметі.