Жаңалықтар

Тасқынның алдың алу қатаң талап етілді

Мамандар күн сайын жағдайға мониторинг жүргізіп келеді. Ертіс, Үлбі, Тұрғысын, Громотуха өзендері бассейндеріне, Өскемен, Семей және Зырян қалалары айналасындағы аумаққа әуеден бақылау жүргізілді. Анықталған тасқын қаупі бар телімдер бойынша аймақ басшысы Даниал Ахметов ары қарайғы іс-қимыл жоспарын дереу әзірлеуді жүктеді.

Обылыс аумағының басым бөлігінде қысқы кезең басынан бері қардың көп қоры жиналды, сол себепті қар еру кезеңінде су көлемінің ұлғаюы және өзендер мен су қоймаларының тасуы мүмкін.

Тиісті мемлекеттік органдар жетекшілерінен құрылған арнайы комиссия облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қар жабындысын, көшкін, мұз жағдайын және тасқын қаупі бар учаскелерді тікұшақпен тексеріп шықты.

Атап айтқанда, Зырян ауданы, Путинцево ауылы маңындағы Хамир өзені бойында үш учаске анықталды, онда су деңгейі көтерілген жағдайда, ауылдың және Малеев су бөгенінің су астында қалуы ықтимал.

Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды және қорғауды реттеу жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы Рыспек Сүлейменов Шүлбі су қоймасындағы жоспарлы су жіберуге байланысты Семей қаласынан төмен жатқан аумақты, дәлірек айтсақ, Бесқарағай ауданының Кривинка ауылын су басуы мүмкін екенін атап өтті.

Комиссия мүшелерінің есебін тыңдаған аймақ басшысы Даниал Ахметов жауапты ведомстволарға және басшыларға апта соңына дейін барлық анықталған проблемалық телімдер бойынша нақты іс-әрекет жоспарын жасауды және жедел шаралар қабылдауды міндеттеді. Осы ретте ол өткен жылдардағы тәжірибені есепке алуды да атап көрсетті.

- Бүкіл облыс алдағы су тасқынына дайын болуы тиіс. Қанша бірлік техника жұмылдырылғанын жалпылама сипаттаудың қажеті жоқ. Ауа райының өзгеруіне сәйкес қауіпті жерлерді анықтаңыздар, олардың әрқайсысы бойынша іс-қимыл алгоритмін құрыңыздар. 2015 жылы Снегирево аулында болған жағдайды еске алыңыздар, сондықтан біз қазірдің өзінде төтенше жағдайдың болғанын күтіп отырмай, жұмыс істеуіміз керек, - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар, облыс әкімі Семей қаласының басшысы Ермак Сәлімовке қалада дамбыларды күшейте отырып, Ертіс өзені суының тасуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдауды қатаң тапсырды.